Каспий Құбыржолы Консорциумы
Қазақстанның мұнай өнеркәсібінің тарихында 2001 жылы Каспий Құбыржолы консорциумының (бұдан әрі - КТК) мұнай құбырын пайдалануға енгізуі маңызды оқиға болды, ол қазақстан мұнайын экспортқа шығарудың басым бағыттарының бірі болып табылады.
КТК Южная Озереевка поселкесінде (Новороссийск қ.) орналасқан теңіз терминалы арқылы қазақстан мұнайының әлемдік нарыққа шығуын қамтамасыз етеді. ҚТК мұнайқұбыры бойынша қазіргі уақытта оның өткізу қабілетін өсіру бойынша жұмыстар жүргізілуде, ол кезең-кезеңмен мұнайқұбырының өткізу қабілетін жылына 28,2 млн тоннадан 67 млн тоннаға, соның ішінде қазақстан мұнайын жылына 52,5 млн тоннаға дейін өсіруді қарастырады.
2015 жылы қайта құрудан әрі жаңғыртудан кейін «Атырау» мұнай айдау станциясы және Теңіз пайдалануға енгізілді. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының аумағында А-НПС-4 және А-НПС-3А салу бойынша жұмыстар аяқталу сатысында.
Толығырақ ақпаратты КТК-ның ресми сайтынан (www.cpc.ru) алуға болады.
Атырау-Самара мұнайқұбыры
«Атырау-Самара» мұнай құбыры «Транснефть» ПАО мұнай құбыры жүйесі арқылы Ресей Федерациясының аумағы бойынша Қара теңіз және Балтық теңізінің порттары және Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден одағының құрғақ жол шекаралары арқылы рынокқа қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта «Атырау-Самара» мұнай құбырының өткізу қабілеті жылына 17,5 млн тоннаны құрайды. 2016 жылы «Атырау-Самара» мұнай құбыры бойынша 15 млн. тонна мұнай тасымалданды.
Қазақстан-Қытай мұнайқұбыры
«Қазақстан-Қытай» мұнай құбыры мұнай тасымалдаудың экспорттық бағыттарының бірі болып табылады, ол Батыс Қазақстанның кен орындарынан Қытайдың перспективті рыноктарына көмірсутек шикізатын жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз етті.
2006 жылы өткізу қабілеті жылына 10 млн. тонна «Атасу-Алашанькоу» мұнай құбыры пайдалануға енгізілді. 2009 жылы өткізу қабілеті жылына 10 млн. тонна «Кеңқияқ-Құмкөл» мұнай құбырының құрылысы аяқталды.
Қазіргі уақытта «Қазақстан-Қытай» мұнай құбырын кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілуде, соның шеңберінде Атыраудан бастап Алашанькоуға дейінгі барлық учаскелер бойынша оның қуатын сұраныстың, экспорттық қуаттың және ішкі рынок талаптарының өсуіне қарай жылына 20 млн. тоннаға дейін кезең-кезеңмен өсіру жобаланып отыр және оған келесі іс-шаралар кіреді:
- «Атасу-Алашанькоу» мұнай құбырының өткізу қабілетін жылына 20 млн. тоннаға дейін өсіру – 2013 жылғы желтоқсанда аяқталды;
- Реверс және «Кеңқияқ -Атырау» мұнай құбырының өткізу қабілетін жылына 12 млн. тоннаға дейін өсіру;
- «Кеңқияқ -Құмкөл» мұнай құбырының өткізу қабілетін жылына 20 млн. тоннаға дейін өсіру;
- «Құмкөл - Атасу» мұнай құбырының учаскесін қайта құру және кеңейту.
2016 жылдың қорытындылары бойынша Қытай бағытында «Атасу-Алашанькоу» мұнай құбыры бойынша мұнай тасымалдау 10,1 млн. тоннаны құрады.
Мұнайды теңізбен тасымалдау
Мұнайды теңізбен тасымалдау «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-тың еншілес ұйымы – «Қазтеңізкөлікфлоты» ҰТКК» ЖШС-тың кемелерімен жүзеге асырылады. Теңізбен тасымалдаудың негізгі жұмыс істеп тұрған маршруттары келесілер:
- Ақтау-Баку (Каспий теңізі);
- Ақтау-Махачкала (Каспий теңізі);
- Қара теңіз порттарынан шығатын маршруттар.
2016 жылы «Қазтеңізкөлікфлоты» ҰТКК» ЖШС-тың мұнай тасымалдау көлемі 7,1 млн. тоннаны құрады, соның ішінде Каспий теңізі бойынша - 2,9 млн. тонна және Қара теңіз бойынша - 4,2 млн. тонна.