ҚМГ жаңалықтары

06.09.2017

Монтаждау аяқталды

«Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту және реконструкциялау» жобасының екінші кезеңі аясында қуаты жылына 2 млн. тонна жоғары октанды отын өндіретін RFCC каталитикалық крекинг қондырғысының көлемі үлкен R-1001 реакторын және R-1002 регенераторын монтаждау жұмыстары аяқталды. 

Пісіру (дәнекерлеу) жөніндегі, термоөңдеу жөніндегі және пісіріп (дәнекерлеп) жапсарланған жерлерді бақылау жөніндегі 200-ден астам тәжірибелі мамандар мен жұмысшылар пайдаланылған катализаторды аулауға арналған 1-ші және 2-ші сатылы жиырма циклоны бар регенератордың 260 тонналық жоғарғы жағындағы жартылай сферасын монтаждауды аяқтады. 

Реактор мен регенератордың сегменттерін жинау мен монтаждау жұмыстары 2017 жылғы 19 ақпаннан бастап 31 шілдеге дейін 5 ай ішінде жүргізілді. 

R-1001 реакторы бағасы арзан фракцияларды – вакуум газойлі мен мазутты – автобензин және дизель отынының компоненттері сұйытылған көмірсутекті газға айналдыруға арналған. Реактордың биіктігі – 56 м., диаметрі – 6 метрден асады, реактордың салмағы 293 тонна болса, ішіндегі қайнау температурасы 550 °С-қа дейін жетеді. Пайдаланылатын технологиясы – UOP компаниясының технологиясы (АҚШ). 

R-1002 регенераторы RFCC каталитикалық крекинг қондырғысының катализаторын регенерациялау және ұтымды пайдалану үшін арналған. 

Мемлекеттік органдар тарапынан техникалық куәландырудан өткізілгеннен кейін және пайдалануға қосуға рұқсат берілгеннен кейін R-1001 реакторы мен R-1002 регенераторы каталитикалық крекинг қондырғысының жұмысына қосылатын болады. Регенератордың биіктігі – 40 м., диаметрі – 10 метрден асады, регенератордың салмағы 720 тонна, ішіндегі қайнау температурасы 780 °С-қа дейін жетеді. Пайдаланылатын технологиясы – UOP компаниясының технологиясы (АҚШ). 

Салынып жатқан, қуаты жылына 2 млн. тонна жоғары октанды отын өндіретін каталитикалық крекинг қондырғысы – жоғары октанды отын компоненттерін алу үшін мұнай өңдеу зауытының технологиялық схемасындағы негізгі процесс екенін айта кету қажет.

Анықтама үшін: 

Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жұмыстары 2011 жылы Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында басталды және ол 2 кезеңнен тұрады. Жобаның бас мердігері – СРЕСС компаниясы (ҚХР), оған қоса жұмыстарды орындауға 30-дан астам қазақстандық қосалқы мердігер ұйымдар тартылуда. 

Зауыт акцияларының 50%-ы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-на, 50%-ы CNPC компаниясына тиесілі. 

2017 жылдың маусым айында Жобаның бірінші кезеңі аяқталды, қазіргі уақытта зауыттың шикізат өңдеу қуатын жылына 6 млн. тоннаға дейін жеткізуге және шикізат өңдеу тереңдігін жоғарылатуға бағытталған Жобаның екінші кезеңі нысандарының құрылысы белсенді жүргізілуде. Бұл жұмыстар 2018 жылы аяқталады деп күтілуде.