ҚМГ жаңалықтары

15.04.2019

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ-ның 2018 жылғы өндірістік және қаржылық нәтижелері

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ (бұдан әрі – «ҚМГ», «Компания»), Қазақстанның тігінен интеграцияланған жетекші мұнай-газ компаниясы, 2018 жылғы қаржылық және операциялық нәтижелерін жариялайды.

 

ҚМГ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев: «2018 жылы Компания өзінің қаржылық көрсеткіштерін айтарлықтай жақсартты, операциялық жоспарды асыра орындап, Акционер мен ҚР Үкіметі қойған бірқатар стратегиялық міндеттерді орындады. Мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту сияқты күрделі әрі көп капитал қажетсінетін жобаны аяқтағанымызды атап өткім келеді, осының арқасында біз ішкі нарықты К4, К5 экологиялық кластағы (Еуро-4, Еуро-5 стандарттары) меншікті мұнай өнімдерімен толық қамтамасыз еттік. Қазақстан газын Қытайға экспорттауды жылына 5 млрд-тан 10 млрд текше метрге дейін арттыру жөніндегі келісімшартқа қол қойылды, бұл газ сатудан түскен түсімді 2 еседен астам арттыруға мүмкіндік берді. Компания қаржылық тұрақтылықты нығайту бойынша да бірқатар шаралар қабылдады. 2018 жылы ҚМГ сыртқы қарызы төмендеді, оның ішінде 1,6 млрд АҚШ доллары сомасындағы еурооблигацияларды өтеу және Сбербанктен алынған 400 млн АҚШ доллары сомасындағы қарызды мерзімінен бұрын өтеу есебінен төмендеді. Бүгінде «ҚазМұнайГаздың» өткен жылғы нәтижелері негізгі акционердің үміттеріне толық сай екенін атап өтуге болады».

 

2018 жылғы өндірістік көрсеткіштер:[1]

  • Мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі өткен жылдың ұқсас кезеңінің көрсеткішімен салыстырғанда 1,0% өсіп, 23 606 мың тоннаға (тәулігіне 484,2 мың баррель) дейін жетті;[2]
  • Табиғи және ілеспе газды өндіру өткен жылдың есепті кезеңіне қарағанда 1,8% артып, 8 137 млн м³ құрады;
  • 2017 жылмен салыстырғанда мұнай тасымалдау көлемі 0,3% шамалы ғана өсіп, 75 038 мың тоннаны құрады;
  • Газ тасымалдау көлемі 2017 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда, 10,6% өсіп, 111,6 млрд м³ құрады;
  • Көмірсутек шикізатын өңдеу көлемі, негізінен, қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарында өңдеу көлемінің ұлғаюы нәтижесінде 8,3% ұлғайып, 19 715 мың тоннаны құрады. Бұл көрсеткіш қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарында 13 384 мың тонна мөлшеріндегі және Румыниядағы KMG International («KMG I») зауыттарында 6 331 мың тонна мөлшеріндегі өңдеу көлемін қамтиды. Мұнай өнімдерін өндірудің жалпы көлемі есепті кезеңде 6,7% өсіп, 18 337 мың тоннаны құрады;
  • Өндірілген меншікті мұнай мен конденсатты өткізу көлемі өткен жылдың есепті кезеңіне қарағанда 1,3% өсіп, 23 735 тоннаны құрады.

 

2018 жылғы қаржылық көрсеткіштер:[3]

  • 2018 жылы сатудан түскен түсім 45,8% өсіп, 6 989 млрд теңгені (20 275 млн. АҚШ доллары) құрады;
  • 2018 жылы таза пайда 694 млрд теңгеге (2 012 млн. АҚШ доллары) ұлғайып, 2017 жылмен салыстырғанда 32,0% өсті;
  • Есепті кезеңдегі күрделі шығындар 628 млрд теңгені (1 822 млн. АҚШ доллары) құрады, бұл 2017 жылғы көрсеткіштен 6,1% төмен;
  • EBITDA көрсеткіші[4] 2017 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 53,2% өсіп, 1 863 млрд. теңге (5 404 млн. АҚШ доллары) болды;
  • Компанияның таза қарызы 2018 жылдың 31 желтоқсанында 2 167 млрд теңгені (5 639 млн. АҚШ доллары) құрады;
  • Түзетілген еркін ақша ағыны[5] 352 млрд теңгені (1 022 млн АҚШ доллары) құрады, бұл 2017 жылғы көрсеткіштен 23,3% жоғары.

 

Басты корпоративтік оқиғалар:

  • 2018 жылдың 10 мамырынан бастап ЖДҚ және «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ (бұдан әрі – «ҚМГ БӨ») жай акциялары Лондон және Қазақстан қор биржаларының тізімінен шығарылды. Сатып алу нәтижесінде ҚМГ-ге ҚМГ БӨ жай акцияларының 99,6% тиесілі;
  • 2019 жылдың 22 ақпанында ҚМГ БӨ артықшылықты акцияларды кері сатып алу бағдарламасын аяқтады. Осылайша, ҚМГ жалпы сомасы 15,9 млрд теңгеге артықшылықты акцияларды сатып алды;
  • 2018 жылдың қараша айында S&P Global Ratings халықаралық рейтинг агенттігі ҚМГ рейтингін «ВВ-/kzA» деңгейінен «ВВ/kzA+» деңгейіне дейін көтерді, болжам «тұрақты». Осының салдарынан компанияның өз кредит қабілетінің рейтингі (stand-alone credit profile) «b» деңгейінен «b+» деңгейіне дейін көтерілді;
  • 2019 жылғы наурызда Fitch халықаралық рейтинг агенттігі ҚМГ рейтингін «ВВВ-/болжам тұрақты» деңгейінде растады, бұл ретте жеке рейтингі (stand-alone credit profile) «b» деңгейінен «bb-» деңгейіне дейін көтерілгенін атап өтті;
  • 2018 жылдың қараша айында Алик Айдарбаев ҚМГ Басқармасының төрағасы болып тағайындалды. Бұрын ол ҚМГ-мен тікелей байланысты лауазымдарды атқарған болатын: негізгі акционер «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ өкілі ретінде ҚМГ Директорлар кеңесінің мүшесі болды, ҚМГ БӨ бас директоры болды, Маңғыстау облысының әкімі болды, онда ҚМГ-нің басты өндірістік активі «Өзенмұнайгаз» өңірдің дамуына маңызды рөл атқарады;
  • 2019 жылғы 29 наурызда ҚМГ (1) 2018 жылғы Еурооблигацияларды шығару шарттарымен ковенант пакетін теңестіруге және (2) 2044 жылы өтелуі тиіс 30,1 млн. АҚШ доллары сомасындағы Еурооблигацияларды мерзіміне бұрын өтеуге 2022, 2023, 2022, 2047 жылдары өтелуі тиіс Еурооблигацияларды (2018 жылға дейін шығарылған Еурооблигациялар) ұстаушылардың келісімін алды.
  • Активтер портфелін жекешелендіру және оңтайландыру бағдарламасы аясында бір жыл ішінде өткізілгені: «ҚТГ-Тбилиси» ЖШҚ – 40 млн. АҚШ доллары, «Қазақстан-Британ университеті» АҚ (ҚБТУ) – 11 370 млн теңге; «KMG Retail» ЖШС – 60 512 млн теңге; «ҚМГ-Сервис Грузия» ЖШҚ – 10,3 млн. АҚШ доллары.

 

2018 жылғы өндірістік нәтижелер

 

Көмірсутек шикізатын өндіру

ҚМГ Мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 2018 жылы 23 606 мың тонна мұнайды құрады, бұл 2017 жылғы көрсеткіштен 1% жоғары. Ілеспе және табиғи газды өндіру көлемі 1,8%, яғни 8 137 млн м³ дейін өсті.

 

2018 жылы Қашаған кен орнында мұнай өндіру («Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н. В.») 2017 жылмен салыстырғанда 59,5% өсіп, 13 219 мың тонна мұнай немесе тәулігіне 287 мың баррель болды. Өндіру көлеміндегі ҚМГ үлесі 1 094 мың тонна мұнайды және 637 млн м³ газды құрады, бұл өткен жылдың көрсеткіштерінен сәйкесінше 59.5% және 60,3% жоғары. Өсудің себебі 2017 жылғы тамызда қабатқа шикі газды кері айдау жүйесінің пайдалануға енгізілуімен, сондай-ақ жабдықтардың сенімділігінің артуымен және пайдалану коэффициентінің ұлғаюымен байланысты. Жоба операторы кейіннен кен орнында өндіруді ұлғайту үшін газды кері айдау қуаттарын кеңейту амалдарын зерттеу бойынша жұмыс жүргізуде.

 

Қарашығанақ кен орнындағы мұнай өндіру көлемі 2,7% азайып, ҚМГ үлесіне 1 095 мың тоннаны құрады. Газ өндіру 1 891 млн м³ құрады, бұл 2017 жылдың көрсеткішінен 0,1% аз. Өндірудің шамалы төмендеуінің себебі газконденсат факторының ұлғаюымен, ұңғымалардың сулануының артуымен және төмен қысымды жоғары күкіртті газды кептіру қондырғысы өнімділігінің төмендеуімен және 2018 жылғы қазанда жоспарлы жөндеу жұмыстарының жүргізілуімен байланысты. Сонымен қатар, 2018 жылдың қыркүйегінде Қарашығанақ жобасы бойынша әріптестер Қарашығанақ өңдеу кешенінің газ бойынша өндірістік шектеулерді алып тастау жобасын (ГӨША жобасы) бекіту туралы келісімге қол қойды. ГӨША жобасы жылына қосымша 4 млрд.текше метрге дейін шикі газды өңдеуге және ӨБТК қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін қосымша 10 млн тонна сұйық көмірсутек өндіруге мүмкіндік береді. Жобаны іске қосу 2021 жылдың соңына жоспарланған. ГӨША-ға инвестициялар 1,1 млрд АҚШ долларын құрайды және олар Қарашығанақ жобасының операциялық ақша ағындары есебінен қаржыландырылады;

 

Теңіз мұнай өндіру көлеміндегі ҚМГ үлесі 5 724 мың тоннаны құрады, бұл 2017 жылғы көрсеткіштен 0,3% төмен. Газ өндіру 1,5% азайып, 3 125 млн м³ құрады, оның себебі 2018 жылдың 1 тамызынан 9 қыркүйегіне дейін газ өңдеу зауытында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2016 жылғы шілдеде Теңіз Әріптестері Болашақта кеңейту жобасын/Сағалық қысымды басқару жобасын қаржыландыру туралы түпкілікті шешім қабылдады, оның шеңберінде қуаты жылына 12 млн тонна жаңа мұнай өңдеу зауытын және қуаты жылына 9,4 м³ шикі газды кері айдау объектілерін салу көзделеді. Объектілерді пайдалануға беру 2022 жылғы маусымға жоспарланған. Жоба 53% орындалды.

 

Операциялық активтерді өндіру көлеміндегі ҚМГ үлесі 0,8% шамалы азайып, 15 693 мың тоннаны құрады. Операциялық активтердегі өндіру көлемінің төмендеуі негізінен мұнай өндірудің табиғи төмендеу үрдісімен және лимиттен тыс газ жағуды бақылау мақсатында бірқатар өндіруші ұңғымалар бойынша мұнай өндіру көлемінің шектелуімен байланысты.

 

Көмірсутек шикізатын өткізу

ҚМГ өндірілген меншікті мұнай мен газ конденсатын өткізу көлемі 2018 жылы 23 735 мың тоннаны құрады, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 1,3% жоғары.

 

2018 жылы ішкі нарыққа өндірілген меншікті мұнайды жеткізу 6 991 мың тоннаны құрады (мұнай өнімдерін одан әрі өткізу үшін МӨЗ-ге шикі мұнайды жеткізуді қоса алғанда), бұл 2017 жылға қарағанда 13,3% көп. Өткен жылы ішкі нарыққа мұнай жеткізу үлесі 26,4% болса, есепті жылы – 29,5% болды. Өсудің себебі қазақстандық МӨЗ-де мұнай өңдеу көлемінің ұлғаюы нәтижесінде ішкі нарыққа мұнай жеткізу міндеттемелерімен байланысты.

 

Мұнай мен газ тасымалдау

2018 жылы ҚМГ мұнай тасымалдау көлемі өткен жылмен салыстырғанда 0,3% артып, 75 038 мың тоннаны құрады (ҚМГ үлесін есепке алғанда).[6]

 

Қашаған кен орнынан тасымалдау көлемнің артуына байланысты «Каспий Құбыр Консорциумы» (КҚК) магистральдық мұнай тасымалдау көлемін ұлғайтты. КҚК магистральдық мұнай тасымалдау көлеміндегі ҚМГ үлесі 2018 жылы 12 675 мың тоннаны құрады, бұл 2017 жылғы көрсеткіштен 10,8% жоғары.

 

Есепті кезеңде ҚМГ магистральдық газ құбырлары арқылы газ тасымалдау көлемі өткен жылмен салыстырғанда 10,6% артып, 111,6 млрд м³ құрады. Магистральдық газ құбырлары арқылы газ тасымалдаудың жалпы көлемінің ұлғаюы газды экспортқа тасымалдау көлемінің ұлғаюымен байланысты.

 

Экспорт бағытындағы газ тасымалдау көлемі өткен жылмен салыстырғанда 36,9% өсіп, 24,2 млрд м³ құрады. Ұлғаюға ҚХР бағытында газ тасымалдау көлемінің артуы себеп болды, соның ішінде ҚТГ мен PetroChina International Company Limited уәкілетті ұйымы арасында қол қойылған экспорт шартына сәйкес, 2017 жылғы қазаннан бастап қазақстан газын ҚХР-ға өткізу арқасында ұлғайды. Сондай-ақ, 2018 жылдың қазан айында ҚТГ және PetroChina International Company Limited Қытайға қазақстандық газдың экспортын жылына 5 млрд м³-тан 10 млрд м³-қа дейін арттыруды көздейтін 5 жылдық келісімшартқа қол қойды.

 

Өңдеу

2018 жылы көмірсутек шикізатын өңдеу көлемі 19 715 мың тоннаны құрады, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 8,3% артық.

 

2018 жылы қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарында көмірсутек шикізатын өңдеу көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 10,0% ұлғайып, 13 384 мың тоннаны құрады, бұл мұнай өңдеу зауыттарының өндірістік қуаттарының артуы мен жер қойнауын пайдаланушылардың ішкі нарыққа мұнай жеткізу жөніндегі міндеттемелерін орындауы нәтижесінде болды:

  • Атырау мұнай өңдеу зауытында (АМӨЗ) – 5 268 мың тонна, өсім – 11,5%;
  • Павлодар мұнай-химия зауытында (ПМХЗ) – 5 340 мың тонна, өсім – 12,5%;
  • Шымкент мұнай өңдеу зауытында (ПҚОП) – 2 366 мың тонна (ҚМГ үлесі), өсім –1,0%;
  • Caspi Bitum – 409 мың тонна (ҚМГ үлесі), өсім – 14,0%.

KMGI зауыттарында өңдеу 6 331 мың тоннаны құрады, бұл 2017 жылғы көрсеткіштен 4.9% жоғары:

  • Петромидия зауытында (Румыния) – 5 925 мың тонна, өсім – 4,6%, бұл қолайлы ауа райы жағдайларына және 2018 жылы зауыт қызметін оңтайландыру жөніндегі бастамалардың енгізілуіне, сондай-ақ 2017 жылдың бірінші тоқсанында зауыт қызметінің уақытша тоқтауына байланысты орын алды;
  • Вега зауытында (Румыния) – 6 мың тонна, өсім – 8,9%, Петромидий зауытынан өңделетін шикізат жеткізілімі артуының арқасында ұлғайды.

 

Қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарында өңдеу тереңдігі жаңғырту аяқталуының арқасында жоспарлы жобалық көрсеткіштерге дейін біртіндеп артып келеді. 2017 жылмен салыстырғанда 2018 жылы өңдеудің орташа тереңдігі АМӨЗ-де 64%-дан 68% дейін, ПМХЗ-да 77%-дан 79% дейін артты. 2018 жылы ПҚОП-та өңдеу тереңдігі өткен жылмен салыстырғанда 74% деңгейінде өзгеріссіз қалды, бұл ПКОП-та жаңғырту жұмыстарының 2018 жылдың қыркүйек айында ғана аяқталуына байланысты.

 

2018 жылы мұнай өнімдерін өндіру көлемі 6,7% өсіп, 18 337 мың тоннаны құрады.

 

Қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарында мұнай өнімдерін өндіру көлемі өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 7,6% өсіп, 12 152 мың тоннаға жетті, бұл өңдеу көлемінің мынадай ұлғаюы есебінен болды:

 

  • 3 288 мың тонна бензин, өсім - 34,9%;
  • 3 814 мың тонна дизель отыны, өсім - 13,0%;
  • 253 мың тонна авиаотын, өсім - 57,4%;
  • өзге мұнай өнімдері - 4 796 мың тонна, азаю - 9,8%.

 

KMGI зауыттарында мұнай өнімдерін өндіру көлемі 6 185 мың тоннаны құрады, бұл 2017 жылғы көрсеткіштен 4,9% жоғары, бұл өңдеу көлемінің мынадай ұлғаюы есебінен болды:

 

  • 1 567 мың тонна бензин, өсім - 7,2%;
  • 2 755 мың тонна дизель отыны, өсім - 0,6%;
  • 317 мың тонна авиаотын, өсім - 26,4%;
  • өзге мұнай өнімдері - 1 547 мың тонна, өсім - 7,2%.

 

Жаңғырту нәтижелері бойынша Атырау мұнай өңдеу зауытында 5 267 мың тонна мөлшеріндегі рекордтық мұнай көлемі өңделді. Бұл ретте жоғары октанды бензин өндіру 1 млн 180 мың тоннаны құрады, бұл 2017 жылға қарағанда 89,4% артық. Дизель отынын өндіру 1 млн 459 мың тоннаны құрады, бұл 2017 жылға қарағанда 7,6% артық. Дизель отыны мен бензин өндірудің барлық көлемі Кеден одағының техникалық регламентінесәйкес К4 және К5 экологиялық кластарына (Еуро-4, Еуро-5 стандарттары) сәйкес келді.

 

2018 жылдың қыркүйек айында Шымкент мұнай өңдеу зауыты жаңғыртудың екінші (финалдық) кезеңінің технологиялық қондырғылары бойынша іске қосу-баптау жұмыстарын аяқтады, қондырғылар тәжірибелік-өнеркәсіптік пайдалану сатысында тұр.

 

 

2018 жылғы қаржылық нәтижелер[7]

2018 жылы түсім 6 989 млрд теңгені (20 275 млн. АҚШ доллары) құрады, бұл 2017 жылғы көрсеткіштен 45,8% жоғары. Түсімнің ұлғаю себебі негізінен Брент маркасының орташа бағасының 31,1% өсуімен, KMG I Мұнай және мұнай өнімдері трейдингі көлемінің ұлғаюымен, АҚШ долларына теңгенің әлсіреуімен, сондай-ақ газды экспортқа өткізу көлемінің артуымен байланысты. KMG I Мұнай және мұнай өнімдерін сатудан түскен түсімі 2018 жылы сәйкесінше 1 806 млрд. теңге (5 239 млн. АҚШ доллары) және 2 203 млрд. теңге (6 391 млн. АҚШ доллары) болды. Теңізшевройл (ТШО) мұнайы мен сұйытылған газын ұзақ мерзімді жеткізу шарты бойынша түсім 1 573 млрд теңгеге (4 564 млн. АҚШ доллары) артты.[8] 2017 жылдың желтоқсанында қол қойылған ТШО шикі мұнайын жеткізу шартына қосымша келісімге сәйкес, ҚМГ жалпы сомасы 500 млн. АҚШ доллары мөлшерінде алғытөлемнің қосымша екі траншын алды.

 

Қазақстан газының Қытайға экспорты (2017 жылғы қазаннан бастап ҚТГ мен PetroChina International Company Limited арасында қол қойылған экспорт шартына сәйкес) есепті кезеңде газды өткізуден түскен түсімді 2 еседен астам, яғни 549 млрд теңгеге (1 592 млн АҚШ доллары) дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді.

 

Есепті кезеңде сатудың өзіндік құны 2017 жылмен салыстырғанда 44,5% артып, 5 353 млрд теңгені (15 530 млн. АҚШ доллары) құрады. Ұлғаю негізінен сатып алынатын мұнай құнының өсуімен және теңгенің АҚШ долларына қарай әлсіреуімен байланысты. ТШО мұнайы мен сұйытылған газын жеткізуге арналған ұзақ мерзімді шарт шеңберінде мұнай сатып алу шығындары 36,0%, яғни 1 088 млрд теңгеге дейін (3 157 млн. АҚШ долл) ұлғайды. KMG I мұнайын сатып алу шығындарының сомасы 57,1% артып, 844 млрд теңгені (2 449 млн. АҚШ долл) құрады.

 

ҚМГ операциялық табысы 2018 жылы 559 млрд теңгені (1 621 млн. АҚШ доллары) құрады, бұл 2017 жылғы көрсеткіштен 37,5% жоғары.

 

2018 жылы қауымдасқан компаниялар мен бірлескен кәсіпорындардың таза пайдасындағы ҚМГ үлесі 2017 жылмен салыстырғанда 68,2% өсіп, 697 млрд. теңге (2 023 млн. АҚШ долл) болды. Өсудің негізгі факторы ТШО табысының өсуі болып табылады, ол есепті кезеңде 51,4% өсіп, ҚМГ үлесіне 439 млрд теңгені (1 274 млн АҚШ доллары) құрады.

 

Есепті кезеңде Компанияның таза табысы 2017 жылмен салыстырғанда 32,0% өсіп, 694 млрд теңгені (2 012 млн. АҚШ доллары) құрады.

 

Салықтар мен басқа да міндетті төлемдер бойынша төлемдер 1 444 млрд теңгені (4 188 млн. АҚШ доллары) құрады, бұл өткен жылдың есепті кезеңінен 40,6% жоғары.

 

Күрделі шығындар 628 млрд теңгені (1 822 млн. АҚШ доллары) құрады, бұл 2017 жылғы көрсеткіштен 6,1% төмен.

 

көрсеткішпен салыстырғанда, 2017 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша жалпы борыш 3,4% төмендеп, 4 153 млрд теңгені (10 810 млн АҚШ доллары) құрады. Борыштың төмендеу себебі 1,6 млрд. АҚШ доллары мөлшерінде еурооблигацияларды өтеумен және «Сбербанк России» ПАО-дан алынған 400 млн.АҚШ доллары сомасындағы қарызды толық көлемде өтеумен байланысты.

 

2018 жылғы мамырда ҚМГ 3,25 млрд АҚШ долл сомасындағы еурооблигацияларды шығару есебінен қаржыландырылған жиынтық номиналды көлемі 3,137 млрд. АҚШ доллары сомасында шығарылған еурооблигацияларды мерзімінен бұрын әрі толық көлемде өтеді.

 

1,6 млрд АҚШ доллары мөлшеріндегі Еурооблигацияларды өтеу, «Сбербанк России» ПАО-дан алынған 400 млн. АҚШ доллары сомасындағы қарызды толық көлемде өтеу және ҚМГ БӨ меншікті акцияларын сатып алу нәтижесінде ҚМГ таза борышы 2017 жылғы 31 желтоқсандағы көрсеткішке қарағанда 61,2% ұлғайып, 2 167 млрд. теңгені (5 639 млн.АҚШ доллары) құрады.

 

Шоғырландырылған ақша қаражаты және олардың баламалары, оның ішінде депозиттер түріндегі ақша қаражаты ҚМГ БӨ меншікті акцияларын сатып алу нәтижесінде 2017 жылғы 31 желтоқсандағы көрсеткішпен салыстырғанда 32,8% ұлғайып, 2018 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша 1 987 млрд. теңгені (5 171 млн. АҚШ доллары) құрады.

 

Есепті күннен кейін, 2019 жылғы қаңтарда борышқа қызмет көрсету шығыстарын азайту мақсатында АМӨЗ (1) «Астана» халықаралық қаржы орталығы» биржасында 150 млн. АҚШ доллары сомасына облигациялар орналастыру есебінен, оларды Самұрық-Қазына сатып алды және (2) Халық Банкінен 150 млн. АҚШ доллары сомасына қарыз тарту есебінен ҚДБ-дағы 300 млн. АҚШ доллары сомасындағы борышын қайта қаржыландырды.

 

Егжейлі-тегжейлі ақпарат мына сілтеме бойынша қолжетімді: http://ir.kmg.kz/

[1] Операциялық көрсеткіштер ҚМГ-нің тиісті активтердегі үлесі ескеріле отырып көрсетілген.

[2]Әрбір өндіруші активтің орташа өлшемді баррелизация коэффициенттеріне жол берілгенде.

[3] Қолайлы болу үшін сомалар тиісті кезеңдегі орташа айырбас бағамы бойынша АҚШ долларында көрсетілген (2018 және 2017 жылдардағы орташа бағамдар сәйкесінше 344,71 және 326,08 теңге/АҚШ долларын құрайды; кезең соңындағы бағамдар – 2018 жылғы 31 желтоқсанда және 2017 жылғы 31 желтоқсанда сәйкесінше 384,20 және 332,33 теңге/АҚШ долларын құрайды).

[4] Earnings before interest, taxes, depreciation and amortization (EBITDA) – пайыздарды, салықтарды, тозу мен есептелген амортизацияны төлеу шығыстары шегерілгенге дейінгі пайда көлеміне тең көрсеткіш.

[5] Түзетілген еркін ақша ағыны операциялық ақша ағыны (ТШО-ның мұнай жеткізу шарты бойынша алғытөлемнің таза қозғалысын шегергенде) мен күрделі шығындар арасындағы айырма + БК мен қауымдасқан компаниялардан алынған дивидендтер ретінде есептеледі.

[6] Мұнай тасымалдау көлемі ҚМГ операциялық үлесін ескере отырып, әрбір жеке құбыр компаниясының тасымалдау көлемін қамтиды. Мұнай көлемінің бір бөлігін екі немесе үш құбыр компаниясы тасымалдауы мүмкін және сәйкесінше бұл көлемдер мұнай тасымалдаудың шоғырландырылған көлемінде бір реттен артық есепке алынады.

[7] 2018 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша ҚМГ KMGI-ді тоқтатылған қызмет ретінде тануын тоқтатты, өйткені Тараптар KMGI қатысу үлесінің 51%-ын сатып алу-сату шартының талаптарын, яғни мәмілені жабу рәсімдерін аяқтамады, сондықтан мәміле автоматты түрде тоқтатылды. Тиісінше, KMGI активтері мен міндеттемелері тоқтатылған қызметтен жалғасып жатқан қызметке ауыстырылды. Өткен кезеңдегі салыстырмалы көрсеткіштер ХҚЕС талаптарына сәйкес қайта есептелді.

[8] 2016 жылы Компания ТШО шикі мұнайы мен сұйытылған газын жеткізуге ұзақ мерзімді шарт жасасты. Шарт талаптарына сәйкес Компания шарт жасалған сәттен бастап 2021 жылдың наурыз айын қоса алғанда, кем дегенде мұнай мен сұйытылған газ көлемін сәйкесінше 38 миллион тонна және 1 миллион тонна деңгейінде жеткізеді.