ҚМГ жаңалықтары

06.05.2019

ҚМГ қызметкерлері ардагерлерге құрмет көрсетті

«ҚазМұнайГаз» компаниясының қызметкерлері 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында Нұр-сұлтан қаласында тұратын ардагерлерді құттықтап, сый-сияпат жасады.

Қазір бас шаһарда 71 майдангер тұрып жатыр. «ҚазМұнайГаз» компаниясының қызметкерлері біреуін де елеусіз қалдырмай, әр қайсысына ерекше құрмет көрсетіп, бас иіп қайтты. Мұнайшылар жыл сайын «Жеңіс» әлеуметтік-қайырымдылық жобасының аясында осындай акция өткізіп тұрады.

Ақсақал Айдархан Байкенұлы «ҚазМұнайГаз» компаниясының қызметкерлері келетінін алдын ала біліп, тағатсыздана күтіп отырған екен.

«Мен соғысқа 17 жасқа толмай бардым. Бүгінгі 17 жастағы бала майдан алаңына бара ма? Жоқ. Қазір заман басқа. Қоғам басқа. Бейбіт елде тұрасыңдар. Соны бағалай біліңдер. Мен тұңғыш Президенттің қабылдауында болған қадірлі жеті ардагердің бірімін. Мұндай құрметке екінің бірі қол жеткізе алмайды. Айтайын дегенім, Н.Назарбаевтың Қазақстанға сіңірген еңбегі мол, ұмытпаңдар. Өткен ғасырдың аяғында қандай едік, қазір қандай ел болдық», - деді А.Байкен. Ардагер құттықтап келген жастарға батасын берді.

«Қазақойл Ақтөбе» ЖШС-нің жетекші инженері Тахир Шәріп «Біз «ҚазМұнайГаз» компаниясы және Жас мамандар кеңесінің атынан  ардагерлерді құттықтауға келдік. Осылай Ұлттық компаниямыздың қызметкерлері еліміздің барлық облыстары мен өңірлерінде жыл сайын осындай акция өткізіп тұрады. Мақсатымыз – соғыс ардагерлерінің жағдайын біліп, оларға көмек көрсету. Біз жастар майдангерлердің ұрпақ үшін жасаған жанкешті жауынгерлік ерлігін еш уақытта ұмытпаймыз. Ұмытуға құқымыз жоқ! Қарттарымызға денсаулық пен қажымас қайрат тілейміз», - деді. 

«ҚазМұнайГаз» компаниясының қызметкерлері 98 жасты алқымдаған соғыс ардагері Александр Бабичевті де құттықтап қайтты. Бұл кісі де компанияның ұжымы келетінін біліп, күтіп жүрген екен. Қонақтарын есік аузынан күтіп алып, төрін ұсынды. Қарт қал-жағдайды сұрасқан соң сауалымыздың қандай болатынын іші сезді ме, бірден соғыста басынан кешкен оқиғаларды есіне түсіріп, әңгімесін арыдан бастады.

«Мен әскерге 18 жасымда шақырту алдым. Әлі есімде, сол кезде ауада оқ-дәрінің иісі аңқып тұратын. Отанды қорғау үшін Қазақстаннан миллионға жуық сарбаз аттандық. Украинадағы Курск доғасында шайқасып, Румыния мен Чехословакия жеріне жеттім. Миномет рота командирлігіне дейін қызмет еттім. Ең қиын кез 1941-1942 жылдар болатын. Сарбаздардың қолында небәрі 10 оғы бар винтовка мен жертаса ғана болатын. Неміс жақындағанда өзіңді және отандастарыңды қорғап қалуың керек. Қандай қиын кездерді бастан кештік десеңіздерші?! Одан бері қанша жыл өтсе де әр сәт есімде. Елімізде соғыс болмасын», - деді Александр Бабичев.  

Ұлттық компанияның мамандары құттықтап шыққан ақсақалдардың арасында Мұқан Балапанов та бар. Биыл қария тоқсанның алтауын еңсеріпті. Қонақтар келер алдында аздап қан қысымы жоғарлағаны болмаса, денсаулығы жақсы, сергек жүр. Мұқан Темірғалиұлының 6 баласы, 4 немересі және 4 шөбересі бар. Балалары мен немерелері жиі-жиі келіп, қарайласып тұрады. Бүгін қызы Зәурештің әкесіне келіп, күтім көрсететін күні екен.

«ҚазМұнайГаз» компаниясының қызметкерлері жылда келіп, ерекше құрмет көрсетіп, құттықтап кетеді. Сіздерге біздің отбасымыздың атынан үлкен алғысымды айтамын. Еңбектеріңіз жансын», - деді Зәуреш Мұқанқызы.

Мұқан Темірғалиұлы бір ғасырлық ғұмырында талай қиындықты көрген ақсақал. Бірақ өмірінде қан майданнан асқан сорақы, зұлымдық кез болған емес. Қарт екінші дүниежүзілік соғыста бастан кешкен әр сәтін ұмытпапты.

«Мен Беларусь майданында болдым. Ол жерге өмірі әскерді көрмеген, қолына қару ұстамаған, шалғай жатқан елде болмаған біздерді салып жіберді. Амал жоқ, жауға шаптық. Қаншама адам қыршыннан қиылды. Соғысқа дайындық болмаса да, дұрыс қаруланбасақ та ұйымшылдығымыздың арқасында жеңіп шықтық. Сталинградты да көрдім. Минскі топтасуында да болдым. Маңайды қоршап алып, шайқастық. Сонда қайтыс болған кісілердің мәйітін орманға апарып тастай берген, тексеріске барсақ теректің жаны өлік сасиды. Ол иісті ұмытар емеспін», - деді Мұқан Балапанов.

Соғыс қаһармандары жастардан Отанды сүйіп, тарихты жадыларынан  шығармауды сұрады. «Отан барда ел бар, тарих бар да біз бармыз» – бұл майдангерлердің бүгінгі ұрпаққа айтқан өсиеті.