ҚМГ жаңалықтары

22.08.2019

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ-ның 2019 жылғы бірінші жартыжылдықтың өндірістік және қаржылық нәтижелері

Нұр-Сұлтан қ., 2019 жылғы 22 тамыз – Қазақстанның тікелей-интеграцияланған мұнай-газ компаниясы - «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ (бұдан әрі – «ҚМГ», «Компания») халықаралық қаржылық есептілік стандарттары (ХҚЕС) бойынша 2019 жылғы бірінші жартыжылдықтың қаржылық және операциялық нәтижелерін жариялады.

 

2019 жылғы бірінші жартыжылдықтың өндірістік нәтижелері[1]: 

  • Мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі өткен жылдың осындай кезеңдегі көрсеткішпен салыстырғанда 0,5%-ға немесе 11 704 мың тоннаға (тәулігіне 484 мың баррель[2]) төмендеді;
  • Табиғи және ілеспе газды өндіру өткен жылдың есептік кезеңіне қарағанда 2,5%-ға ұлғайып, 4 225 млн м³-ді құрады;
  • Мұнай тасымалдау көлемі 2018 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 5,0%-ға артып, 38 949 мың тоннаны құрады;
  • Газ тасымалдау көлемі 2018 жылдың есептік кезеңіне қарағанда 8,7%-ға төмендеп, 50,1 млрд м³-ді құрады.
  • Көмірсутегі шикізатын өңдеу көлемі 1,7%-ға артып, 9 998 мың тоннаны құрады. Бұл көрсеткіш қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарында өңделген 6 670 мың тонна және Румыниядағы KMG International («KMG I») зауыттарында өңделген 3 328 мың тоннаны қамтиды. Есептік кезеңде мұнай өнімдері өндірісінің жалпы көлемі 1,6%-ға өсіп, 9 360 мың тоннаны құрады.
  • Өткен жылдың есептік кезеңімен салыстырғанда өзіміз өндірген мұнай мен конденсат сату көлемі 0,5%-ға өсіп, 11 641 мың тоннаны құрады.

 

2019 жылғы бірінші жартыжылдыктың қаржылық көрсеткіштері[3]:

  • 2019 жылғы бірінші жартыжылдықта сатудан ақшалай түсім 1,4%-ға өсті және 3 403 млрд. теңгені (8 971 млн АҚШ долларын) құрады;
  • 2019 жылғы бірінші жартыжылдықтағы таза пайда 622 млрд. теңгеге (1 641 млн АҚШ доллары) дейін өсіп, 2018 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 73,0%-ға ұлғайды;
  • Есептік кезеңдегі күрделі шығындар 167 млрд теңгені (440 млн АҚШ долларын) құрап, 2018 жылғы бірінші жартыжылдықтағы көрсеткіштен 5,8%-ға төмендеді;
  • EBITDA[4] көрсеткіші 2018 жылғы бірінші жартыжылдықтағы көрсеткішпен салыстырғанда 20,5%-ға өсті және 1 095 млрд теңгені (2 888 млн АҚШ долларын) құрады;
  • Компанияның таза қарызы 2 491 млрд теңгені (6 547 млн АҚШ долларын) құрап, 2018 жылдың соңындағы көрсеткіштен 15,0%-ға жоғары болды;
  • Түзету енгізілген бос ақша ағыны[5] 93,8%-ға ұлғайып, 140 млрд теңгені (369 млн АҚШ долларын) құрады.

 

Басты корпоративтік оқиғалар:

  • 2019 жылғы 22 ақпанда «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ (ҚМГ БӨ) артықшылықты акцияларды қайта сатып алу бағдарламасын аяқтады. Осылайша, ҚМГ БӨ артықшылықты акциялардың 65%-ын жалпы сомасы 15,9 млрд теңгеге сатып алды. 2019 жылғы 14 мамырдан бастап ҚМГ БӨ-нің артықшылықты акциялары KASE-ден шығарылды;
  • 2019 жылғы ақпанда Компанияның стратегиясына және Үкімет жоспарына сәйкес, ҚазМұнайГаз брендімен жұмыс істейтін ЖМҚС желісін 60 512 млн теңгеге сату жөніндегі мәміле аяқталды;
  • 2019 жылғы наурыз айында Fitch халықаралық рейтинг агенттігі ҚМГ рейтингін «ВВВ-/Болжам тұрақты» деңгейінде растап, жеке рейтингтің (stand-alone credit profile) «b-дан» «bb-»-ға дейін көтерілгенін атап өтті;
  • 2019 жылғы 29 наурызда ҚМГ 2022, 2023, 2027 және 2047 жылдары өтелуі тиіс Еурооблигация ұстаушыларынан (2018 жылға дейін шығарылған Еврооблигациялар) (1) ковенанттық пакетті 2018 жылы шыққан Еурооблигациялардың шарттарымен теңестіруге және (2) 2044 жылы өтелуі тиіс Еурооблигациялардың 30,1 млн АҚШ доллары сомасын мерзімінен бұрын өтеуге келісім алды;
  • 2019 жылғы 29 сәуірде Луис Мария Виана Палья Да Сильва ҚМГ Директорлар кеңесінің мүшесі – тәуелсіз директоры болып сайланды;
  • 2019 жылғы 20 мамырда Энтони Эспина ҚМГ Директорлар кеңесінің мүшесі – «Самұрық-Қазына» АҚ мүддесінің өкілі болып сайланды;
  • Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Түркістан қаласында жалпы құны шамамен 21 млрд теңге әлеуметтік нысандардың (7000 орындық стадион және конгресс холл) құрылысын қаржыландыру мақұлданды. Сонымен бірге, 2019 жылғы тамызда ҚМГ Түркістан қаласында 1,8 млрд теңге сомасына 1000 орындық амфитеатр құрылысын қаржыландырды.

 

 

2019 жылғы бірінші жартыжылдықтың өндірістік нәтижелері

 

Көмірсутегі шикізатын өндіру

2019 жылғы бірінші жартыжылдықта ҚМГ-ның өндірілген мұнай мен газ конденсатының көлемі 11 704 мың тонна мұнайды құрады, бұл 2018 жылғы бірінші жартыжылдықтағы көрсеткіштен 0,5%-ға төмен және Компанияның өндірістік жоспарына сәйкес келеді. Ілеспе және табиғи газ өндіру көлемі 2,5%-ға өсіп, 4 225 млн м³-ге жетті.

2019 жылғы бірінші жартыжылдықта Қашаған кен орнында мұнай өндіру 2018 жылғы бірінші жартыжылдықтағы көрсеткішпен салыстырғанда 7,6%-ға төмендеп, 5 705 мың тонна мұнайды немесе тәулігіне 250 мың тонна баррельді құрады. Мұнай өндірудегі ҚМГ үлесі 472 мың тонна мұнай мен 278 млн м³ газды құрады, бұл өткен жылдың бірінші жартыжылдықтағы көрсеткіштен, сәйкесінше, 7,6%-ға және 6,3%-ға төмендеді. Мұнай өндіру көлемінің азаюы жер бетіндегі және теңіздегі кешендерде 2019 жылғы 14 сәуір мен 19 мамыр аралығында өндірісті толық тоқтата отырып, жүргізілген жоспарлы күрделі жөндеу жұмыстарымен байланысты болды.  

Қарашығанақ кен орнында мұнай өндіру 5,4%-ға түсіп, ҚМГ үлесі үшін 535 мың тоннаны құрады. Газ өндірісі 982 млн м³-ді құрап, 2018 жылғы бірінші жартыжылдықтағы көрсеткіштен 0,5%-ға төмендеді. Мұнай мен газ және конденсат өндіру көлемінің азаюы газ факторының ұлғаюына және ұңғымалардың сулануына байланысты.

Теңіз мұнай өндірудегі ҚМГ үлесі 2 992 мың тоннаны құрап, 2018 жылғы бірінші жартыжылдықтағы көрсеткіштен 1,5%-ға жоғарылады. Газ өндіру 1,2%-ға артып, 1 634 млн м³-ді құрады. Бұл ұлғаюға КТЖ/ШМА/ЕБЗ (Кешенді-технологиялық желі/Шикі мұнайды айдау/Екінші буын зауыты) зауыттарының сенімді жұмысы септігін тигізді. 2019 жылғы 1 тамыздан бастап КТЖ зауытында ұзақтығы 42 күнді құрайтын күрделі жөндеу басталды. 

Операциялық активтердің өндіру көлеміндегі ҚМГ үлесі 0,5%-ға азайып, 7 707 мың тоннаны құрады. Операциялық активтерде өндіру көлемінің азаюына негізінен өндірудің табиғи құлдырауы деңгейінің артуы септігін тигізді.

2019 жылғы 16 ақпанда Каспий теңізінің Әзербайжан секторындағы бұрғылау жобаларына қатысу үшін жалпы құны 21,6 млрд теңге немесе 57 млн АҚШ долларына бағаланған өздігінен көтерілетін қалқымалы бұрғылау қондырғысын модернизациялау жөніндегі инвестициялық жобаны жүзеге асыру мақұлданды. ҚМГ мен SOCAR өздігінен көтерілетін қалқымалы бұрғылау қондырғысын сенімгерлік басқару туралы келісімге қол қойды.

2019 жылғы 1 сәуірде Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі, ҚМГ және «ЛУКОЙЛ» ЖАҚ (ЛУКОЙЛ) Каспий теңізінің қазақстандық секторында орналасқан Жеңіс учаскесінде көмірсутектерді барлау мен өндіру туралы келісімшартқа қол қойды. ҚМГ мен ЛУКОЙЛдың бірлесіп жасаған бағалауына сәйкес болжамды шығарылатын ресурстар (С3) 65,1 млн тоннаны құрайды. Жоба операторы «Жеңіс Оперейтинг» ЖШС (бірлескен кәсіпорын: ҚМГ 50% және ЛУКОЙЛ – 50%) болып табылады.

2019 жылғы 7 маусымда ҚМГ мен ЛУКОЙЛ аттас учаскесі Каспий теңізінің қазақстандық секторында орналасқан «I-P-2» жобасы бойынша қағидаттар туралы келісімге қол қойды. ЛУКОЙЛдың алдын ала бағалауы бойынша, болжамды шығарылатын ресурстар 15,1 млн тоннаны құрайды.

2019 жылғы 26 шілдеде Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі, ҚМГ және «Эни С.п.А.» (Eni) Каспий теңізінің қазақстандық секторында орналасқан «Абай» учаскесінде көмірсутек шикізатын барлау туралы келісімшарт жасасты. 2013 жылғы іздестіру жұмыстарының жобасына сәйкес болжамды шығарылатын ресурстар (С3) 180,3 млн тоннаны құрайды. Жоба операторы «Исатай Оперейтинг Компани» ЖШС (ҚМГ 50% және ЛУКОЙЛ – 50%) болып табылады.

 

Көмірсутек шикізатын сату

ҚМГ өзі өндірген мұнай мен газ конденсатын сату көлемі 2019 жылғы бірінші жартыжылдықта 11 641 мың тоннаны (8 225 мың тонна экспорттық сатылым көлемін қоса алғанда) құрады, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 0,5%-ға көп.  

2019 жылғы бірінші жартыжылдықта ішкі нарыққа жеткізілген ҚМГ өзі өндірген мұнай көлемі 3 416 мың тоннаны құрап (кейіннен мұнай өнімдерін сату үшін МӨЗ-дерге 1 634 мың тонна көлемінде жіберілген шикі мұнайды қоса алғанда), 2018 жылғы бірінші жартыжылдықпен салыстырғанда 1,0 %-ға төмендеді.

 

Мұнай мен газ тасымалдау

ҚМГ-ның мұнай тасымалдау көлемі өткен жылғы бірінші тоқсанмен салыстырғанда 2019 жылғы бірінші жартыжылдықта 0,5%-ға артып, 38 949 мың тоннаны (ҚМГ[6]-ның үлесін қоса алғанда) құрады.

Мұнай тасымалдау көлемінің негізгі өсіміне «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» ЖШС (ҚТКФ) жүзеге асыратын теңіздік тасымалдау көрсеткішінің ұлғаюына тиесілі. 2019 жылғы бірінші жартыжылдықта ҚТКФ-ның тасымалдау көлемі 5 489 мың тоннаны құрап, өткен жылдың осындай кезеңдегі көрсеткіштен 59,3%-ға жоғарылады. Бұл өсім 2018 жылдың соңында ҚТКФ, ҚМГ және KMG І арасында жасалған жеткізу және тасымалдау туралы келісімнің арқасында Жерорта және Қара теңізде мұнай тасымалдау көлемінің ұлғаюына байланысты.

Кеңқияқ-Атырау мұнай құбырынан Кеңқияқ-Құмкөл мұнай құбырына мұнай тасымалдау көлемдерін қайта бөлу ҚМГ үлесіне «Қазақстан-Қытай құбыры» ЖШС-нің (ҚҚҚ) мұнай тасымалдау көлемінің 180 мың тонна мөлшерінде 4,6%-ға ұлғаюына және ҚМГ үлесіне «Мұнай Тас» ЖШС-нің (МТ) мұнай тасымалдау көлемінің 190 мың тонна мөлшерінде 17,6 %-ға өсуіне ықпал етті.

«ҚазТрансОйл» АҚ (ҚТО) мұнай тасымалдау көлемінің 229 мың мөлшерінде 1,0%-ға азаюын көрсетті. Бұған үшінші тараптардың өндірісінің азаюына байланысты ҚТО мұнай құбырлары жүйесіне жүк жіберушілердің тапсырылатын мұнайының кемуі себепші болды.

Есептік кезеңде ҚМГ-ның магистральды газ құбырлары бойынша газ тасымалдау көлемі 2018 жылғы есептік кезеңмен салыстырғанда 8,7%-ға төмендеп, 50,1 млрд текше метрді құрады. Магистральды газ құбырлары бойынша газ тасымалдаудың жалпы көлемінің азаюы негізінен «Газпром» ЖАҚ-ьың ресейлік газ ағындарын қайта бөлуі салдарынан газ транзитінің төмендеуіне және Өзбекстан мен Түркіменстаннан Қытайға жеткізілетін газдың азаюына байланысты. Қытайға тасымалданатын экспорттық газ көлемінің артуы Теңізден Ресейге экспортталатын көлемнің азаюының орнын толтырды.

2019 жылғы сәуірде ҚМГ Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша фидерлік қатынасын ашты. Осы бағыттың теңіз ҚТКФ болып табылады.  

Өңдеу

2019 жылғы бірінші жартыжылдықтағы көмірсутек шикізатын өңдеу көлемі 9 998 мың тоннаны құрап, өткен жылдың ұқсас кезеңдегі көрсеткіштен 1,7%-ға асты.

2019 жылғы бірінші жартыжылдықта Қазақстан мұнай өңдеу зауыттарында көмірсутек шикізатын өңдеу көлемі жер қойнауын пайдаланушылардың ішкі нарыққа мұнай жеткізу жөніндегі міндеттемелерінің артуы нәтижесінде 6 670 мың тоннаны құрап, 2018 жылғы бірінші жартыжылдықпен салыстырғанда 1,8%-ға артты:

  • 2 699 мың тонна Атырау мұнай өңдеу зауытында (АМӨЗ), 3,6 %-ға артты;
  • 2 475 мың тонна Павлодар мұнай-химия зауытында (ПМХЗ), 11,1%-ға азайды;
  • 1 315 мың тонна (ҚМГ үлесі 50%) Шымкент мұнай өңдеу зауытында (ПҚОП), 35,2%-ға артты;
  • 181 мың тонна (ҚМГ үлесі 50%) Caspi Bitum зауытында, 3,0%-ға азайды.

KMGI зауыттарында өңделген мұнай көлемі 3 328 мың тоннаны құрап, 2018 жылдың бірінші жартыжылдығындағы көрсеткіштен 1,4%-ға асты:

  • 3 126 мың тонна Петромидия зауытында (Румыния), өсім – 1,4 %;
  • 202 мың тонна Вега зауытында (Румыния), өсім – 4,0 %.

2019 жылғы бірінші жартыжылдықта 2018 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда, қазақстандық МӨЗ-дерде жүргізілген жаңғырту нәтижесінде өңдеу тереңдігінің мынадай болып өзгерді: АМӨЗ-де 73,8%-дан 73,5%-ға дейін, ПМХЗ-да 84,1%-дан 84,7%-ға дейін, ПҚОП[7]-та 77,0%-дан 81,3%-ға дейін.

2019 жылғы бірінші жартыжылдықта мұнай өнімдерін өндіру көлемі 1,6%-ға өсіп, 9 360 мың тоннаны құрады.

Қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарында мұнай өнімдерін өндіру көлемі өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 1,9 %-ға өсіп, 6 105 мың тоннаға жетті:

  • 1 530 мың тонна бензин, 0,8%-ға азайды;
  • 1 985 мың тонна дизель отыны, 6,0 %-ға өсті;
  • 231 мың тонна авиаотын, 224,6 %-ға артты;
  • 2 359 мың тонна өзге мұнай өнімдері, 5,9%-ға төмендеді.

7 2019 жылдан бастап Қазақстан МӨЗ-дерінде мұнай өңдеу тереңдігін есептеудің жаңа әдістемесі қолданылуда. 2018 жылғы бірінші тоқсандағы көрсеткіштер 2019 жылғы көрсеткіштерімен салыстыру үшін жаңа әдістемеге сәйкес қайта есептелді.

KMGI зауыттарында мұнай өнімдерін өндіру көлемі 3 255 мың тоннаны құрады, бұл 2018 жылғы бірінші жартыжылдықтағы көрсеткіштен 1,2 %-ға жоғары болды:

  • 802 мың тонна бензин, 5,0 %-ға азайды;
  • 1 437 мың тонна дизель отыны, 1,2 %-ға көбейді;
  • 200 мың тонна авиаотын, 34,4 %-ға көбейді;
  • 816 мың тонна өзге мұнай өнімдері, 1,4%-ға өсті.

 

2019 жылғы бірінші жартыжылдықтағы қаржылық нәтижелері

2019 жылғы бірінші жартыжылдықтағы түсім 3 403 млрд теңгені (8 971 млн АҚШ доллары) құрап, 2018 жылғы бірінші жартыжылдықтағы көрсеткіштен 1,4%-ға жоғары болды. Түсімнің динамикасына негізгі жағымды ықпалды экспортқа шығарылған газ көлемінің өсуі және теңгенің АҚШ долларына қатысты әлсіреуі көрсетті. Қазақстан газының Қытайға экспорттық сатылымы 46,7%-ға артып, 340 млрд теңгеге (896 млн АҚШ долл.) жетті. 2019 жылғы бірінші жартыжылдығы ішінде ҚМГ 750 млн АҚШ доллары сомасындағы жоспарланған міндеттердің орындалуын қоса алғанда, 1,2 млрд АҚШ доллары сомасына  ТШО[8]мұнайын аванстау шеңберінде міндеттерді мерзімнен бұрын өтеді.  

2019 жылғы бірінші жартыжылдықта өзіндік құн 2 512 млрд теңгені (6 622 млн АҚШ доллары) құрап, 2018 жылғы бірінші жартыжылдықпен салыстырғанда 3,9 %-ға кеміді. Бұл көрсеткіштің азаюына Брент маркалы мұнайына орташа бағаның құлдырауы әсер етті, бұл сатып алынатын газ көлемінің өсуімен және теңгенің АҚШ долларына қатысты әлсіреуімен ішінара өтелді. KMG I компаниясының мұнай сатып алуға шығындар сомасы 49,3%-ға кеміп, 201 млрд теңгені (530 млн АҚШ доллары) құрады. ҚТГ-ның газ сатып алуға шығындары 23,1%-ға 197 млрд теңгеге дейін (519 млн АҚШ доллары) ұлғайды.     

2019 жылғы бірінші жартыжылдықта ҚМГ операциялық кірісі 399 млрд теңгені (1 053 млн АҚШ доллары) құрап, өткен кезеңнің көрсеткішінен 38,2%-ға жоғары болды. 

Қауымдасқан компаниялар мен бірлескен кәсіпорындардың таза табысындағы ҚМГ үлесі 2019 жылғы бірінші жартыжылдықта «Азия газ құбыры» ЖШС-нің 46 млрд теңге (121 млн АҚШ доллары) сомасындағы мойындамаған шығындарды толық өтеу нәтижесінде 445 млрд теңгені (1 174 млн АҚШ доллары) құрап, 2018 жылғы бірінші жартыжылдықпен салыстырғанда 32,0%-ға өсті.  

Есептік кезеңдегі Компанияның таза пайдасы 2018 жылғы бірінші жартыжылдықпен салыстырғанда 73,0%-ға өсіп, 622 млрд теңгені (1 641 млрд АҚШ доллары) құрады.

Салық төлемдері және өзге де міндетті төлемдер 731 млрд теңгені (1  928 млн АҚШ долл.) құрап, өткен жылдың есептік кезеңінен 16,1%-ға жоғарылады.

2019 жылғы бірінші жартыжылдықта күрделі шығындар 167 млрд теңгені (440 млн АҚШ доллары) құрады, бұл 2018 жылғы бірінші жартыжылдықпен салыстырғанда 5,8%-ға төмен. Төмендеу қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртудың аяқталуына байланысты болды.

2019 жылғы 30 маусымдағы жалпы қарыз 2018 жылғы 31 желтоқсандағы көрсеткішпен салыстырғанда 3,8 %-ға төмендеп, 3 995 млрд теңгені (10 499 млн АҚШ доллары) құрады.

Шоғырландырылған ақша қаражаты мен олардың эквиваленттері, оның ішінде  депозит түріндегі ақша қаражаты 2019 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша 2018 жылғы 31 желтоқсандағы көрсеткішпен салыстырғанда 24,3%-ға төмендеп, 1 504 млрд теңгені (3 952 млн АҚШ доллары) құрады. Ақша қаражаты мен оның эквиваленттерінің азаюына ТШО мұнайын аванстау шеңберіндегі міндеттемелерді мерзімінен бұрын өтеудің басталу кезеңі септігін тигізді.

ТШО мұнайын аванстау бойынша міндеттемелерді өтеу кестесін жеделдету нәтижесінде, ҚМГ таза қарызы 2018 жылғы 31 желтоқсандағы көрсеткішке қатысты 15,0 %-ға өсіп, 2 491 млрд теңгені (6 547 млн.АҚШ долл.) құрады. ТШО мұнайын аванстау бойынша міндеттемелерді өтеу кестесін жеделдету шеңберінде 2019 жылғы тамыз айының соңына дейін ҚМГ алдын ала төлемдер бойынша міндеттемелер көрсеткішін 441 млн АҚШ долларына төмендетуді жоспарлайды.

2019 жылғы қаңтарда қарызға қызмет көрсету жөніндегі шығындарды азайту мақсатында АМӨЗ (1) «Астана халықаралық қаржы орталығы» биржасында облигацияларды орналастыру және (2) Халық банктен қарыз тарту есебінен 300 млн АҚШ доллары сомасына Қазақстанның даму банкіндегі (ҚДБ) қарызды қайта қаржыландырды.

2019 жылғы сәуірде ҚМГ Еурооблигациялар ұстаушыларына ковенанттық пакетті унификациялауға келіскені үшін 62 млн-ға жуық АҚШ долларын төледі, оның 30,1 млн АҚШ доллары 2044 жылы өтеуге тиісті Еурооблигацияларды мерзімнен бұрын өтеуге жұмсалды.

2019 жылғы шілдеде ҚМГ жалғыз ұстаушысы ҚДБ болып табылатын, шығарылған облигациялар бойынша 53 млн АҚШ доллары сомасына берешектің толық өтелуін жүзеге асырды.

2019 жылғы шілдеде АМӨЗ валюталық тәуекелдерді басқару мақсатымен ҚДБ-дан 152 млн АҚШ долларына тең сомасына алынған қарыз валютасын «АҚШ долларынан» «теңгеге» ауыстырды.

2019 жылғы тамызда ҚМГ мен ҚТГ қаржыландыру талаптарын және кредиттік құжаттаманы жақсарту мақсатында, Бейнеу Шымкент газ құбыры ЖШС алған қарызды қайта қаржыландыру шеңберінде, шетел банктерінің синдикатынан жалпы сомасы 720 млн АҚШ доллары мөлшерінде бірлескен қаржылық кепілдіктерді шығарды.

 

Толығырақ ақпаратты http://ir.kmg.kz/ сілтемесі бойынша алуға болады

Байланыс:  

ir@kmg.kz

тел: +7 7172 78 62 27

[1] Операциялық көрсеткіштер ҚМГ-ның тиісті активтердегі үлесімен қоса көрсетіліп отыр.

[2] Әрбір өндіруші активінің орташа есептелген баррельдеу коэффициенттерін есептеген кезде.

[3] Сомалар тиісті кезеңдегі орташа айырбастау бағамы бойынша қолайлы болу АҚШ долларымен көрсетілді (2019 жылғы бірінші жартыжылдығы мен 2018 жылғы бірінші жартыжылдықтағы орташа бағамдар сәйкесінше 379,29 және 326,53 теңге/ АҚШ долларын құрайды; кезең соңында - 2019 жылғы 30 маусымдағы және 2018 жылғы 31 желтоқсандағы бағамдар 380,53 және 384,20 теңге/АҚШ долларын құрайды).

 

[4] Earnings before interest, taxes, depreciation and amortization (EBITDA) – пайыздар мен салықтар, тозу мен амортизация бойынша төлемдер шығындарын шегергенге дейінгі табыс көлеміне тең көрсеткіш.

[5] Түзетілген бос ақша ағыны операциялық ақша ағыны (ТШО-дан мұнай жеткізу шарты бойынша алдын-ала төлемдердің таза қозғалысын шегергенде) және күрделі шығындар арасындағы айырма + БК мен қауымдасқан компаниялардан алынған дивиденд ретінде есептеледі.   

 

[6] Мұнай тасымалдау көлемі ҚМГ-ның операциялық үлесін есепке алғандағы әрбір құбырлық компанияның тасымалдау көлемін ескереді. Мұнай көлемінің бір бөлігін екі немесе үш құбыр компаниясы тасымалдайды, сәйкесінше бұл көлемдер мұнай тасымалдаудың шоғырландырылған көлемінде бір реттен көбірек ескеріледі.

 

[7] 2019 жылдан бастап Қазақстан МӨЗ-дерінде мұнай өңдеу тереңдігін есептеудің жаңа әдістемесі қолданылуда. 2018 жылғы бірінші тоқсандағы көрсеткіштер 2019 жылғы көрсеткіштерімен салыстыру үшін жаңа әдістемеге сәйкес қайта есептелді.

 

[8] 2016 жылы Компания ТШО-ның шикі мұнайы мен сұйтылған газын жеткізу туралы ұзақмерзімдк шарт жасады. Шарт талаптарына сәйкес, Компания шарт жасалған сәттен бастап 2021 жылдың наурызына дейін мұнай мен сұйытылған газдың сәйкесінше шамамен 38 миллион тоннаға және 1 миллион тоннаға тең минималды көлемін жеткізеді.