ҚМГ жаңалықтары

20.09.2019

ҚазМұнайГаз және ЛУКОЙЛ бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізу туралы келісімге қол қойды

 2019 жылдың 20 қыркүйегінде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (бұдан әрі – ҚМГ) Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев және «ЛУКОЙЛ» ЖАҚ Президенті Вагит Алекперов Қазақстан Республикасы аумағында бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізу туралы келісімге қол қойды. Қол қою рәсімі В. Алекперовтың Алматы қаласына сапары барысында орын алды.

Қос компания ынтымақтастықтың негізгі шарттары бойынша келісіп, Қазақстан Республикасы аумағындағы кейбір учаскелердің көмірсутекті әлеуетін бағалау мақсатында бірлескен геологиялық зерттеу жүргізуге дайын екендігін білдірді.

«ҚазМұнайГаз бен ЛУКОЙЛ-ды өзара тиімді серіктестік қатынастар байланыстырады. Бүгін қол қойылған келісім – осы серіктестігімізді ілгерілетудің келесі қадамы. Қос компанияның тәжірибесі мен жігерінің ұштасуы бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізуге және еліміздегі мұнай-газ саласының тұрақты дамуына оң әсерін тигізетініне сенімдімін», - деді А. Айдарбаев.

ҚМГ мен ЛУКОЙЛ «Қарашығанақ», «Теңіз», «Құмкөл» ірі мұнай жобалары, сонымен қатар «Каспий Құбыр Консорциумы» мұнай тасымалдау жобасы бойынша стратегиялық серіктестер болып табылады. Айта кетейік, 2019 жылдың сәуірінде Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі, ҚМГ және ЛУКОЙЛ арасында «Жеңіс» теңіз жобасында көмірсутегі шикізатын барлау және өндіру туралы келісімшартқа, ал маусым айында «I-P-2» жобасы бойынша Қағидаттар туралы келісімге қол қойылды.