ҚМГ жаңалықтары

30.09.2019

«Сарыарқа» газ құбырының құрылысы бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының жауапкершілігі аясындағы «Сарыарқа» газ құбырының құрылысшылары жоба бекітілген кестеге сәйкес жүзеге асырылып жатқанын хабарлады.
Бүгінде автоматты дәнекерлеу-пісіру жұмыстары толығымен аяқталып, құбырдың 1061,3 шақырымы тартылды.
Газ құбырының 515 шақырымы гидравликалық сынақтан сәтті өтті. Қалған учаскелерді сынауға дайындық жүргізілуде. Сынақ жұмыстары аяқталғаннан кейін құбырдың барлық учаскелері бір бірімен орама жапсарлармен жалғанатын болады.
Сондай-ақ, газ өлшеу станциясы мен Жезқазған, Қарағанды, Теміртау және Нұр-Сұлтан қалаларындағы бес газ тарату станцияларының құрылысы кестеге сәйкес жүргізіліп келеді.
«Сарыарқа» газ құбырының құрылысы бойынша жұмыстар кешені 2019 жылдың соңына дейін толығымен аяқталады. Содан кейін әкімдіктер елді мекендерді, соның ішінде Елорданы газдандыру жұмыстарына кірісуді жоспарлап отыр.
Пайдалануға берілгеннен кейін «Сарыарқа» газ құбыры «Интергаз Орталық Азия» АҚ (бұдан әрі - ИОА) жалға беріледі. Ол газ тасымалдауды жүзеге асыратын болады.
Қазіргі уақытта газ тарифінің мөлшері мен құрылымы анықталған жоқ. Газ тасымалының тарифін қалыптастыру кезінде ИОА-ның құбырды пайдалану шығындары мен жалға беру төлемдері ескерілуі тиіс. Ал тарифті бекіту Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің құзыретіне жатады. Осы орайда, «Газ және газбен жабдықтау туралы» Заңға сәйкес ішкі нарықта «ҚазТрансГаз» АҚ-ның тауарлық газды көтерме саудада сату бағасының жоғарғы шегін Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігімен бекітіледі.
Айта кетейік, «Сарыарқа» елдің энергетикалық қауіпсіздігі деңгейін арттыруға, орталық және солтүстік аймақтарды көгілдір отынмен үздіксіз қамти отырып, экологиялық ахуалды жақсартуға тиіс. Болашақта жеке-меншік және шағын коммуналдық қазандықтарды, жер үйлер мен тұрғын үйлерді, жылу-электр орталықтарын біртіндеп газға ауыстыру жоспарлануда.