ҚМГ жаңалықтары

12.10.2019

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Мұнай және газ өндіру жөніндегі басқарушы директоры Абат Ақмұқанұлы Нұрсейітов дүниеден озды

2019 жылғы 12-ші қазан күні 56 жасында еліміздің мұнай-газ саласына зор үлес қосқан майталман мұнайшы, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының Мұнай және газ өндіру жөніндегі басқарушы директоры Абат Ақмұқанұлы Нұрсейітов мезгілсіз дүниеден озды.

Абат Ақмұқанұлы 1963 жылы 13 мамырда Атырау облысында дүниеге келген. 1986 жылы Қазақ политехникалық институтын бітірді. Еңбек жолын қарапайым жұмысшы болып бастап, осы саладағы қызметтің жоғары буындарына дейін көтерілді. Өндірісте шыңдалып, үлкен өмір мектебінен өтті.

Барлық саналы ғұмырын бейнеті мен зейнеті мол мұнай-газ өнеркәсібіне арнаған Абат Нұрсейітов «Кұмкөл-Лукойл», «Торғай-Петролеум», «ЛУКОЙЛ», «ҚазМұнайГаз» Барлау және Өндіру», «Самұрық-Қазына», «ҚазМұнайГаз» секілді компанияларында басшылық қызметтер атқарды. Елдің игілігі үшін сіңірген еңбегі еленіп, «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақ мұнайына 100 жыл», «Қазақ мұнайына 120 жыл» медальдарымен марапатталды.

Абат Ақмұқанұлына сабырлық пен парасаттылық, еңбекқорлық, адалдық, ізгілік пен мейірімділік секілді қасиеттер тән еді. Өз ісінің хас шебері, жаны жайсаң, көркем мінез иесі болатын... Ардақты азаматтың жарқын бейнесі оны білетіндердің жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның отбасы мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз. Жаны жәннатта болып, нұры пейіште шалқысын.

 «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ ұжымы