ҚМГ мен LanzaJet Қазақстанда тұрақты авиаотын өндіру жөніндегі жобаны одан әрі іске асыру барысын талқылады
10.11.2025
Астанада «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов америкалық LanzaJet компаниясының басшылығы — бас атқарушы директоры Джимми Самарциспен және коммерциялық қызмет жөніндегі вице-президенті Стефан Тионмен кездесу өткізді.
Іс-шараға сондай-ақ «KazFoodProducts» ЖШС, «Эйр Астана» АҚ және Еуропа қайта құру және даму банкінің өкілдері қатысты.
Кездесуде Қазақстанда тұрақты авиациялық отын (SAF) өндіретін жобаның негізгі бағыттары, соның ішінде оны бірлесіп іске асыру үшін интеграцияланған құрылым құру мүмкіндігі егжей-тегжейлі қаралды.
Айта кетсек, биыл қыркүйек айында Нью-Йорк қаласында (АҚШ) компаниялар техникалық-экономикалық негіздеменің (ТЭН) нәтижелерін бекітті және негіздемелік келісімге қол қойды. Бұл құжат келесі қадам — жобалау кезеңіне жол ашты, оның аясында болашақ зауытты салу үшін барлық техникалық және экономикалық шешімдер әзірленетін болады.
Жоба америкалық alcohol-to-jet технологиясын пайдалана отырып, Орталық Азияда экологиялық таза авиациялық отын өндіретін алғашқы зауыт ашуды көздейді. Сонымен қатар ол көлік, өндірістік және инвестициялық тізбектерді біріктіретін Қазақстанның өңірдегі технологиялық даму орталығы және транзиттік хаб ретіндегі рөлін нығайтуға бағытталған.
— Жобаның жүзеге асырылуы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанды транзит әлеуеті дамыған халықаралық авиациялық хабқа айналдыру жөніндегі тапсырмасы аясында ерекше маңызға ие. LanzaJet — SAF өндіру технологиялары саласында әлем бойынша көш бастап келеді. Біз америкалық компаниямен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайынбыз, — деп атап өтті ҚМГ басшысы.