Mұнай мен газды барлау және өндіру
DeGolyer & MacNaughton халықаралық тәуелсіз консалтингтік компаниясының аудитіне сәйкес 2019 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша ҚМГ-ның дәлелденген және ықтималды көмірсутек қорлары (2P) 676 млн. тонна м.э. (5 220 млн. барр. м.э.) болды.
Мұнай мен конденсаттың дәлелденген қорларының (1Р) жиілігі – 16 жыл, бұл әлемнің ең ірі халықаралық мұнай компаниялары арасында орташа көрсеткіштен айтарлықтай жоғары – шамамен 12 жыл. 2019 жылғы өндіру деңгейін есепке алғанда, мұнай мен конденсат қорларының (2Р) жиілігі – 23 жыл.
ҚОРЛАРДЫҢ ӨСУІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДІҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ МАҚСАТТАРЫ
Органикалық өсу
- жұмыс істеп тұрған келісімшарттық учаскелерде өз қаражаты мен «carry қаржыландыру» есебінен геологиялық-барлау жұмыстарын жүргізу;
- операциялық активтерде Компанияның өз қаражаты есебінен жете барлау жүргізу;
- «carry қаржыландыру» шарттары бойынша жаңа кен орындарын, атап айтқанда, терең палеозой шөгінділері мен теңіз кен орындарына ден қоя отырып, бірлесіп барлау мен игеруге стратегиялық серіктестерді тарту.
Органикалық емес өсу
- Қазақстан Республикасының аумағында мұнай-газ активтерін сатып алу мүмкіндігін қарастыру (Каспий маңы жағалауы (Қазақстан қорларының ~ 90%) жаңа елеулі кен орындарын ашу мүмкіндігімен орасан зор әлеуетке ие).
ҚМГ қоржыны негізінен ескі кен орындарынан тұрады, бұл өндірудің тұрақты деңгейін сақтап тұрудың ұзақ мерзімді стратегиясында геологиялық-барлау жұмыстарының басымдығын белгілейді. Бұл жете барлау қорытындысы бойынша жаңа және ескі кен орындарында жұмыстардың сапасы мен тиімділігін арттыруды, ресурстардың орнын толтыру, жаңа қорларды дайындау мен оларды игеруге енгізу жөнінде шешім іздеуді талап етеді.
Мұнай қорларының өсімін органикалық және органикалық емес өсу арқылы қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Қорларды өсіруді ҚМГ құрлықта және Каспий теңізінің қазақстандық секторында геологиялық-барлау жобаларын іске асырумен, алдағы уақытта еншілес компаниялардың лицензиялық блоктарын жете барлаумен байланыстырады. 2019 жылы ҚМГ қоржыны 16 геологиялық-барлау жобасынан тұрды, оның 8 жобасы теңізде және тағы 8-і құрлықта орналасқан.
ҚМГ мұнай-газдың әлеуетін бағалау және жер қойнауын пайдалануға перспективалы блоктардың қоржынын әзірлеу мақсатында ҚР шөгінді бассейндерін кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізуде. 2019 жылы Үстірт-Бозащы мұнай-газ жүйесін және Каспий маңы шөгінді бассейнінің борттық аймақтарын (Солтүстік, Шығыс және Оңтүстік) модельдеу аяқталды, сондай-ақ Оңтүстік Торғай шөгінді бассейнінің тектоникалық-седиментациялық үлгісі аяқталды.
Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекске сәйкес жер қойнауын пайдалануға арналған бес жаңа перспективалы жоба, оның ішінде Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына (МЖҚББ) қосу үшін он бес жоба және мемлекеттік жер қойнауын геологиялық зерттеуге (МЖГЗ) арналған бес жоба енгізілген қоржын әзірленді. Бұдан бөлек, Компания Каспий маңы, Маңғыстау, Оңтүстік Торғай шөгінді бассейндерінің перспективалы алаңдарында және Каспий теңізінің қайраңында ауқымды далалық сейсмикалық-барлау жұмыстарын жүргізді. Өткен жылдың ең маңызды оқиғасының бірі Тайсойған алаңында 5600 ш. км көлемінде далалық сейсмикалық жұмыстардың аяқталуы болды. Бұл еліміздің жаңа тарихындағы ажыратымдылығы жоғары ең ірі сейсмикалық-барлау жобасы болып табылады.
Сондай-ақ Өріктау мен Шығыс Бектұрлы алаңдарында іздеу-барлау бұрғылау аяқталды. Жұмыстардың қорытындысы бойынша Юра, Триас және Пермь-тас көмір шөгінділерінде мұнай-газ нысандары айқындалды. Сынақ жұмыстары 2020 жылға жоспарланған.
2019 жылы геологиялық-барлау жұмыстарының шығындары 53 млрд теңге (қатысу үлестерін ескермегенде) болды.
Мұнай тасымалдау
Магистралды құбырлармен мұнай тасымалдау
Қазақстанның құбыр инфрақұрылымы «ҚазТрансОйл» АҚ-ға, оның екі бірлескен кәсіпорнына («Қазақстан-Қытай құбыры» ЖШС және «МұнайТас» СБТК ЖШС), сондай-ақ Каспий құбыр консорциумына тиесілі. Қазақстанның жұмыс істеп тұрған құбыр инфрақұрылымының перспективалы жобалардан мұнайды тасымалдау көлемдерін ұлғайтуға жеткілікті әлеуеті бар.
«ҚазТрансОйл» АҚ (ҚТО) жалпы ұзындығы 5 378 шақырым, Қазақстанның барлық дерлік мұнай кен орындары қосылған магистралды мұнай құбырларының тармақталған желісіне иелік етеді. Компания Қазақстанның ең ірі төрт мұнай өңдеу зауытына мұнай тасымалын қамтамасыз етеді, сондай-ақ Атырау-Самара мұнай құбырымен мұнайды экспортқа тасымалдайды, КҚК мен Атасу-Алашанькоу экспорттық мұнай құбырларына мұнайды ауыстырып тиеу, мұнайды Ақтау портында танкерлерге және теміржол көлігіне тиеу жұмыстарын жүзеге асырады. Магистралды мұнай құбырларымен мұнай тасымалдауды 36 мұнай айдау станциясы, 67 мұнай жылыту пештері, мұнай сақтауға арналған, жалпы көлемі 1,4 млн текше метр резервуарлар паркі қамтамасыз етеді. Сондай-ақ «ҚазТрансОйл» АҚ «Қазақстан-Қытай құбыры» ЖШС, «МұнайТас» СБТК ЖШС, «ҚарашығанақПетролиум Оперейтинг Б.В.», «Каспий құбыр консорциумы-Қ» АҚ, «Торғай Петролеум» АҚ компанияларының магистральдық мұнай құбырларын және «Магистралды су құбыры» ЖШС магистралды су құбырын пайдалану және оларға техникалық қызметтерін көрсетеді.
2019 жылы магистралды құбырлар арқылы мұнай тасымалдаудың шоғырландырылған көлемі 67 337 мың тонна (соның ішінде жеке «ҚазТрансОйл» АҚ бойынша – 44 463 мың тонна) болды.
Мұнайды теңіз арқылы тасымалдау
«Қазтеңізкөлікфлоты» ҰТКК» ЖШС (ҚТКФ) Ұлттық теңіз тасымалдаушысы болып табылады. Компания активтерінің құрамына төмендегілер кіреді:
- сауда флоты: «Алматы мен Ақтау» (әрқайсының дедвейті 12 мың тонна), «Атырау» (дейдвейті – 13 мың тонна) жеке мұнай құю танкерлері. Сондай-ақ әрқайсының дедвейті 115 мың тоннаны құрайтын «Aframax» үлгісіндегі «Alatau» мен «Altai» мұнай құю танкерлері;
- теңіз операцияларын қолдау флоты (ТОҚФ): 10 бірлік – «Жайық», «Ертіс» магистралды сүйреткіштер, жүк көтергіштігі 3 600 тоннадан ҚМГ сериясының сегіз баржа-алаңы;
- «Теңізшевройл» ЖШС болашақ кеңейту жобасына қатысуға арналған флот: MCV санатындағы үш кеме – «Barys», «Berkut» және «Sunkar»», сондай-ақ «Talas», «Emba» және «Irgyz» – үш сүйреткіші.
Мұнайды теңізбен тасымалдаудың негізгі бағыттары:
- Каспий теңізі акваториясындағы бағыттар;
- Қара және Жерорта теңіздері акваториясындағы бағыттар.
2019 жылы мұнайды теңіз арқылы тасымалдаудың жалпы көлемі 10 729 мың тонна болды, 2020 жылдың 7 айында 5 607 мың тоннаны құрады.
Газ тасымалдау және маркетинг
«ҚазТрансГаз» АҚ (ҚТГ, акцияларының 100%-ы ҚМГ-ға тиесілі еншілес ұйым) Қазақстан Республикасының газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор болып табылады.
ҚТГ магистралды газ құбырлары мен газ тарату желілері арқылы тауар газын тасымалдау бойынша орталықтандырылған инфрақұрылымды басқарады, халықаралық транзитті қамтамасыз етеді, ішкі және сыртқы нарықтарда газ сатумен айналысады, газ құбырлары мен газ қоймаларын дайындайды, қаржыландырады, салады және пайдаланады.
ҚТГ Қазақстандағы жалпы ұзындығы 19 146 шақырым, жылдық өткізу қабілеті 230 млрд текше метр магистралды газ құбырларының ең ірі желісін және ұзындығы 49 мың шақырымнан асатын газ тарату желілерін пайдалануды жүзеге асырады.
ҚТГ Қазақстанда сақтаудың жалпы белсенді көлемі 4,6 млрд текше метрге дейін 3 жерасты газ қоймасын («Бозой», «Ақыртөбе», «Полторацкое») басқарады. Газ тасымалдауды 40 компрессорлық станция мен 232 газ айдау агрегаты қамтамасыз етеді.
ҚТГ Қазақстан аумағында мынадай бизнес-бағыттардағы еншілес құрылымдарына иелік етеді:
- магистральдық газ тасымалдау:
– «Интергаз Орталық Азия» АҚ (ИОА), ҚТГ-ның 86% еншілес ұйымы;
– «Азия газ құбыры» ЖШС (АГҚ), ҚТГ-ның 50% еншілес ұйымы;
– «Бейнеу-Шымкент газ құбыры» ЖШС (БШГҚ), ҚТГ-ның 50% еншілес ұйымы.
- газ тарату желілері бойынша тасымалдау:
– «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ (ҚТГА), ҚТГ-ның 100% еншілес ұйымы.
- газ және газ конденсатын өндіру:
– «Амангелді Газ» ЖШС (АГ), ҚТГ-ның 100% еншілес ұйымы (газ өндіру көлемі «Өндіру» бөлімінде көрсетілген).
2019 жылы ҚМГ-ның магистралды газ құбырлары бойынша газ тасымалдаудың көлемі 103,3 млрд текше метрді құрады.
Мұнай өңдеу және маркетинг
ҚМГ активтерінің құрылымында сұйық көмірсутек шикізатын, негізінен мұнай өңдеуді Қазақстанда төрт мұнай өңдеу зауыты және Румынияда екі мұнай өңдеу зауыты жүзеге асырады.
Компанияның Қазақстан Республикасы мен Румыниядағы мұнай өңдеу зауыттарын мұнай өңдеу тереңдігін жаңа деңгейге шығарған қайта жаңғырту жүргізілгеннен кейін, 2018-2028 жылдарға арналған Даму стратегияға сәйкес аталған активтер бойынша төмендегілер негізгі міндеті болып табылады:
- Қазақстан Республикасының мұнай өңдеу зауыттары үшін: шығындарды оңтайландыру арқылы борыш міндеттемелерін дер кезінде өтеу мақсатында өтімділіктің жеткілікті деңгейінің генерациясын қамтамасыз ету;
- «Петромидия» МӨЗ-і үшін: өндірістік процестерді оңтайландыру жолымен, соның ішінде цифрландыру есебінен тиімділікті арттыру және мұнай өнімдерін сату маржасын ұлғайту мақсатында мұнай өнімдерінің оңтайлы қоржынын қамтамасыз ету, сонда й-ақ ҚМГ Корпоративтік орталығына дивиденд төлеу.
2019 жылы ҚМГ-нің өзі өндірген мұнай мен конденсат сату көлемі 23 509 мың тоннаны құрады, соның ішінде мұнай экспорты – 16 379 мың тонна, мұнайды ішкі нарыққа жеткізу көлемі – 7 130 мың тонна.
2019 жылы ҚМГ үлесіне тиесілі Қазақстанда мұнай өңдеу зауыттарында көмірсутек шикізатын (КСШ) өңдеу көлемі 13 822 мың тонна немесе тәулігіне 288 мың баррель болды.