«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның «Жаңару» цифрлық трансформациялау бағдарламасы
«ҚазМұнайГаз» компаниясында Трансформациялау бағдарламасы 2015 жылдан бері іске асырылып келеді. Бағдарлама мақсаты – бизнес-процестерді жетілдіру, өндірісті цифрландыру, қызметкерлердің біліктілігі деңгейін арттыру арқылы компанияның операциялық тиімділігін және құнын жоғарылату. Трансформация – Компанияның Даму стратегиясындағы мақсаттарына жетудің бір құралы.
ҚМГ-ның Цифрлық трансформациялау бағдарламасының Жарғысы
2019 жылы «Самұрық-Қазына» АҚ цифрландыруға ден қоя отырып, портфельді компанияларды трансформациялаудың жаңа тәсілін ұсынды. Қордың жаңа бағытына сәйкес «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы «Жаңару» атты цифрлық трансформациялау бағдарламасын іске асыруды қолға алды. Жобалар мен іс-шараларды іріктеудің жаңа әдістемесі әзірленіп, олардың жиынтығы қайта сарапқа салынды.
Коронавирус індеті салдарынан әлемдік экономикалық құлдырауға байланысты цифрлық трансформация ҚМГ-ның дағдарысқа қарсы стратегиясында айқындалған бағыттардың бірі ретінде қаралып отыр. Бағдарламаның қазіргі жиынтығы шығындарды қысқартуға, бизнес-процестердің ашықтығын арттыруға, тұрақты жетілдіру мәдениетін дамытуға және өндіріс орындарында цифрлық технологияларды енгізуге бағытталған жобалар мен іс-шараларды қамтиды.
Қазіргі заманғы ахуал жаңа трансформациялық жобалардың мұқият әрі сапалы іріктелуін талап етеді. Басымдық қаржы тұрғысынан пайда әкелетін бастамаларға берілетін болады.
Іске асырылып жатқан жобалар мен іс-шаралар:
Басты бизнес-фукцияларды трансформациялау және ERP енгізу
ҚМГ корпоративтік орталығының және еншілес ұйымдардың бизнес-процестерін трансформациялау, сондай-ақ қаржылық және өндірістік ақпаратты, еңбек ресурстары мен материалдық активтерді басқару жөніндегі деректерді біріктіретін ERP санатындағы жаңартылған IT-жүйесін енгізу.
Автокөлікпен жүріп-тұруды басқару
Өндірістік және көліктік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ пайдалану шығындарын оңтайландыру үшін автокөлік пен арнайы техниканың автоматтандырылған қашықтан мониторингілеу жүйесін жетілдіру.
ҚМГ-ның көпфункционалды ортақ қызмет көрсету орталығын құру
ҚМГ корпоративтік орталығының және еншілес ұйымдардың күнделікті, қосалқы және транзакциялық процестерін Ортақ қызмет көрсету орталығында топтастыру.
Деректерді басқару жүйесін енгізу
Компьютерлік жүйелерде қолданылатын өндірістік және қаржылық ақпараттың дұрыстығын, толықтығын және бір үлгіде болуын қамтамасыз ету мақсатында ҚМГ компаниялар тобында деректердің бірыңғай архитектурасын қалыптастыру. Осы ақпарат негізінде тиімді басқарушылық шешімдер қабылданатын болады.
ҚМГ-да жобаларды басқару жүйесін енгізу
Жоба Stage Gate Process-ті қолдана отырып, ҚМГ компаниялар тобында жобаларды іске асыру барысын түбегейлі жақсартуға бағытталған. Жобаларды басқару жүйесін енгізу жобалау қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету, тиімсіз жобаларды жою, инвестициялық органдар құзыретінің ара-жігін бөлу, қабылданатын инвестициялық шешімдердің терең негіздемесінің қажеттілігін қалыптастыру, жобалардың іске асырылуына нақты жауапкершілікті бекіту, жобалау қызметіне қатысушылардың біліктілігі бойынша нақты талаптар қою есебінен ұлттық компания мен еншілес ұйымдардың қызметіне тұрақты ықпал етуге мүмкіндік береді.
Киберқалқан бағдарламасын іске асыру аясында ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін енгізу
Жоба аясында ҚМГ компаниялар тобы «QazCloud» ЖШС-нің ақпараттық қауіпсіздік бойынша салалық жедел орталығына қосылатын болады. Орталықтың қызметі киберқауіптердің алдын алуға, айқындауға, сараптау мен оларға қарсы тұруға бағытталған.
Өндірістік қондырғылардың жұмыс істеу режимінде апаттық жағдайларды имитациялайтын компьютерлік тренажерларда жаттығу жасау арқылы мұнай өңдеу зауыттары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру.
«Lean 6 Sigma» бағдарламасын енгізу
Қызметкерлерге жобалау тәсілдерін үйрету және бизнес-процестерді жетілдіруге ынталандыру. Бағдарлама бойынша оқытылған қызметкерлер қомақты инвестицияны қажет етпейтін, қысқа мерзім ішінде экономикалық нәтиже беретін шағын жобаларды қолға алады.
ҚР Мұнай өңдеу зауыттарының цифрлық бас жоспарын және 3D үлгісін әзірлеу
Нысандарды лазермен сканерлеу әдісімен алынған, нақтылығы жоғары мұнай өңдеу зауыттарының цифрлық бас жоспарын және 3D-үлгісін әзірлеу. Бұл онлайн режимінде өндірістік активтер туралы өзекті ақпарат алуға мүмкіндік береді, жөндеу және жобалау жұмыстарына жұмсалатын уақыт пен шығындарды қысқартуды, өндірістік қауіпсіздіктің және өндіріс нысандарын апатсыз пайдаланудың деңгейін жоғарылатуды қамтамасыз етеді.
Газ құбырларының нысандары бойынша сараптамалық геоақпараттық жүйені енгізу
Жүйе апаттық жағдайлар кезінде шұғыл әрекет етуге мүмкіндік береді, магистральды газ құбырларын және газ тарату жүйелерін жобалау, пайдалану кезінде талдау мен жоспарлау жұмыстарының тиімділігін арттырады, газ құбырлары нысандарында техникалық қызмет көрсету, жөндеу және диагностикалық жұмыстардың сапасына бақылау мен сараптама жүргізуді қамтамасыз етеді.