«ҚазақТеңізКөлікФлоты» ЖШС
«Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» ЖШС – Қазақстан Республикасының ұлттық теңіз тасымалдаушысы, оның басты міндеті ұлттық теңіз сауда және сервистік флоттарды дамыту, сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының теңіз тасымалындағы және теңізде көмірсутек шикізатын барлаудағы қатысу үлесін ұлғайту болып табылады. Компанияға Қазақстан Республикасындағы ең ірі әрі заманауи флот – танкерлік, құрғақ жүк тасымалдайтын және буксирлік кемелер, сондай-ақ ірі габаритті жүктерді тасымалдауға арналған кемелер және түрлі мақсаттағы баржалар тиесілі.
Сервистік флоттың құрамы:
- «ҚМГ» сериясының сегіз баржа-алаңынан (дедвейті 3 600 тонна);
- MCV санатының «Бүркіт» және «Сұңқар» екі кемесінен (дедвейті 5 200 тонна);
- «Талас», «Ембі» және «Ырғыз» үш буксирінен (гактағы тарту 40 тонна) тұрады.
Сервистік флоттың қосалқы қызметтерін көрсету
«Қазақтеңізкөлікфлоты» 2004-2011 және 2015-2016 жылдары «Қашаған» кен орнында жасанды аралдардың құрылысына тас материалдарын өндіру және тасымалдау жөніндегі қызметтерді көрсетті.
2009 жылдан бастап «Қазақтеңізкөлікфлоты» Каспий теңізіндегі Құрманғазы, Жамбыл Петролеум, Н-Оперейтинг, Сәтпаев Оперейтинг, Петронас Түрікменстан, Гап-Иншаат теңіз жобаларына қосалқы флот қызметтерін көрсетіп келеді.
Жобалық жүктерді тасымалдау
2018-2020 жылдары «Теңізшевройл» ЖШС-нің Болашақ кеңейту жобасы үшін теңізбен тасымалдау желісін құру аясында «Қазақтеңізкөлікфлоты» Құрық портынан Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі Прорва ауданындағы жаңа портқа дейін жалпы салмағы 57 000 тонна ірі габаритті 90 технологиялық модульді тасымалдады.
2019 жылы «Қазақтеңізкөлікфлоты» күшімен Ерсай базасынан Баку портына «Satti» өздігінен көтерілетін қалқымалы бұрғылау қондырғысы тасымалданды.
2020 жылы «Қазақтеңізкөлікфлоты» күшімен «KPI Inc.» ЖШС-нің біріктірілген газ-химиялық кешеннің құрылысына Констанца портынан (Румыния) жалпы салмағы 3 600 тонна ірі тонналық және ауқымды емес жүктің 25 бірлігін тасымалдау жүргізілді.
Контейнерлік жүктерді тасымалдау
2019 жылдан бері «Қазақтеңізкөлікфлоты» Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясында Ақтау-Баку-Ақтау маршрутымен фидерлік желі бойынша контейнерлік жүктердің Бас теңіз тасымалдаушысы болып табылады.
2020 жылы 12434 ЖФБ тасымалданды.
«KMG Automation» ЖШС
«KMG Automation» ЖШС жергілікті қамту үлесін ұлғайту стратегиясы шеңберінде тауарларға, соның ішінде қысым датчиктеріне CT-KZ сертификаттары алынды, атап айтқанда:
- 61,9%-дан 74,0%-ға дейінгі жергілікті қамту үлесімен қысым датчиктері;
- жергілікті қамту .үлесі 74,0%-ды құрайтын телеметрия және қашықтан басқару жүйесі;
- 65,5% жергілікті қамту үлесімен бекіту арматурасының блогын басқару шкафы;
- 50,3% жергілікті қамту үлесімен REALIFT ҚТС (қарнақты тереңдік сорғыны) басқарудың интеллектуалды жүйесінің шкафы;
- ТКҚ (төменвольтты кешенді құрығылар) – 54,5% жергілікті қамту үлесімен автоматика және басқару шкафы;
- 63,2% жергілікті қамту үлесімен энергия ресурстарын басқаратын бағдарламалық-техникалық кешен.
Сонымен қатар «KMG Automation» ЖШС жергілікті инженерлерді дамытуға үлес қосады. Компанияның қызметкерлерінің 90%-дан астамы – Қазақстан Республикасының азаматтары. «KMG Automation» ЖШС инженерлерге тренингтер мен оқыту бағдарламаларын тұрақты өткізіп тұрады.
«ТеңізСервис» ЖШС
«ТеңізСервис» ЖШС – Каспий теңізінің қазақстандық секторында теңіз мұнай операцияларына қолдау көрсетудің жағажай инфрақұрылымын дамыту мақсатында 2003 жылы құырылған заманауи, қарқынды дамып келе жатқан компания. Серіктестік осы жылдар ішінде өзін Каспий өңірінде қызметін жүргізетін отандық және халықаралық мұнай операторларына логистикалық және өндірістік қызметтердің кең ауқымын ұсынатын жетекші мұнай-сервистік компания ретінде көрсете білді. Серіктестік құрылған сәттен бастап Маңғыстау және Атырау облыстарында бірқатар инфрақұрылымдық жобалар салды. Бүгінде олар жұмыс істеп тұр және Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы ірі теңіз операторларына қызмет көрсетуде (Теңіз мұнай операцияларын қолдау базасы, Өндірістік алаң, Кемелерге жанар-жағар май құю станциясы, Солтүстік Каспий әрекет етудің экологиялық базасы, Солтүстік Каспий Теңіз Терминалы және басқалар).
«Солтүстік Каспий Теңіз Терминалы» жобасы
«ТеңізСервис» ЖШС-нің ең ауқымды жобасы Атырау облысының Жылыой ауданында орналасқан, қазіргі кезде Солтүстік Каспий Теңіз Терминалы (СКТТ) болып аталатын, Жүктерді тасымалдау бағдарының нысанын салу мен пайдалануға беру болып табылады. Аталған жоба 2018 жылдың сәуір айынан 2020 жылдың желтоқсанына дейін «Теңізшевройл» ЖШС-нің Болашақ кеңейту жобасын және Ұңғыма ернеуінің қысымын басқару жобасын іске асыруға жалпы салмағы 280 000 тонна ірі габаритті модульдердің қабылдануын, ауыстырып тиеуін және тасымалын қамтамасыз етті.
СКТТ нысанының мемлекеттік шекарадан өту мәртебесі бар, бұл басқа мемлекеттің аумағынан келе жатқан кемелерге нысанда шекараны ашу/жабу рәсімін орындауға мүмкіндік береді.
СКТТ нысанының басты өндірістік активтері мыналар:
- 74,8 шақырымға созылған Солтүстік-Каспий теңіз арнасы;
- Ауыр және ірі габаритті жүктерді түсіруге мүмкіндік беретін, жалпы ұзындығы 1000 метрден асатын айлақ қабырғасымен және орталық айлақ қабырғасының жанында тереңдігі 9,9 м жүктерді түсіру ғимараты (Айлақ құрылыстары). Айлақтың сервистік аймағы кемелерге ағымдағы қызмет көрсетуді, тұщы сумен және отынмен бункерлеуді, қалдықтарды қабылдауды және кемелердің тіршілігіне қажетті өзге операцияларды қамтамасыз етеді;
- Өзгеше және ірі габаритті жүктердің дұрыс сақталуын қамтамасыз ететін, жалпы ауданы 16,97 га құрайтын жүктерді уақытша сақтау ғимараты. Жүктерді уақытша сақтау ғимаратының өндірістік аймағы сыйымдылығы 350 адамға дейінгі және қазіргі заман талаптарына сай келетін вахталық қалашық, ауыз сумен қамтудың су тұщыту қондырғысы, тазарту құрылыстары, тікұшақ алаңы, жабық қоймалар мен шеберханалар сияқты жобалардың тіршілігін қамтамасыз етуге және іске асыруға арналған барлық қажетті инфрақұрылыммен жабдықталған.
- Қатты жабыны бар, ауданы 14,41 га ашық алаң. Бұл алаңның жан-жағы қоршалған, жарық және бейнебақылау жүйесі орнатылған, сондай-ақ жүктерді уақытша сақтаудың кеден қоймасын ұйымдастыру үшін барлық заңнама талаптарына сай келеді;
- Ұзындығы 40 шақырымды құрайтын ірі габаритті жүктерді тасымалдауға арналған автомобиль жолы.
Осылайша, барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтылған және толығымен автономды әрі басты логистикалық жоба болып табылатын СКТТ нысанының ірі габаритті және өзгеше жүктерді қабылдап, оларды ауыстырып тиеуге қауқары бар.
«Satti» өздігінен көтерілетін қалқымалы бұрғылау қондырғысы
«KMG Drilling&Services» ЖШС – отандық бұрғылау сервистік компаниясы. Халықаралық стандарттар бойынша бұрғылау және біріктірілген сервистік қызмет көрсетеді, шетел серіктестерімен бірлескен жобаларға қатысады.
«KMG Drilling&Services» ЖШС активтерінің бірі – 2017 жылы салынған «Satti» қазақстандық өздігінен көтерілетін қалқымалы бұрғылау қондырғысы. Ол «B» санатындағы 3 тіректі Keppel FELS конструкциясына жатады және судың 5 метрден 80 метрге дейінгі тереңдігі кезінде теңіз ұңғымаларын 6000 метрден астам тереңдікте бұрғылай алады.
2019-2021 жылдары Баку қаласында Caspian Drilling Company Ltd. компаниясының базасында бұрғылау қондырғысының модификациясы жүргізілді, ол Каспий теңізіндегі көптеген тапсырыс берушілердің талаптарына сай келеді.
2021 жылы «Satti» қондырғысы British Petroleum компаниясының Shallow Water Absheron Peninsula құрылымында Каспий теңізінің әзірбайжандық бөлігінде бұрғылау операцияларына кірісті.