Корпоративтік басқару рейтингі
2018 жылы тәуелсіз консультант жүргізген корпоративтік басқарудың тәуелсіз диагностикасының нәтижелері бойынша дауыс беретін акцияларының 50%-дан астамы «Самұрық-Қазына» АҚ-қа тікелей немесе жанама түрде тиесілі заңды тұлғалардағы корпоративтік басқаруды диагностикалау әдістемесінің негізінде ҚМГ-ге «ВВ» деңгейінде корпоративтік басқару рейтингісі берілді. Бұл рейтинг Компанияның корпоративтік басқару жүйесінің барлық маңызды аспектілерде белгіленген критерийлердің көпшілігіне сәйкестігін білдіреді.
Компания 2019 жылды корпоративтік басқарудың көрсетілген диагностикасының қорытындылары бойынша ұсынылған және ҚМГ Директорлар кеңесі бекіткен ҚМГ-де корпоративтік басқаруды жетілдіру жөніндегі 2019-2020 жылдарға арналған егжей-тегжейлі жоспарға енгізілген тәуелсіз консультанттың ұсынымдарын жоспарлы және кешенді іске асыруға арнады.
Корпоративтік басқару жөніндегі жоспар 500-ден астам іс-шарадан тұрады және Директорлар кеңесі мен атқарушы орган қызметінің тиімділігі, тәуекелдерді басқару, ішкі бақылау және аудит, орнықты даму, акционерлердің құқықтары мен ашықтығы сияқты корпоративтік басқарудың құрамдас бөліктерін қамтиды.
Корпоративтік басқару жөніндегі жоспардың іс-шараларын сапалы және уақтылы іске асыру мақсатында Директорлар кеңесі 2019 жылға арналған «ҚМГ-де корпоративтік басқаруды жетілдіру жөніндегі егжей-тегжейлі жоспардың іс-шараларын іске асыру дәрежесі» корпоративтік ҚНК бекітті. Бұдан басқа, «Самұрық-Қазына» АҚ мен ҚМГ-нің 2028 жылға дейінгі даму стратегияларында «Корпоративтік басқару рейтингі» ҚНК-ның өршіл мәндеріне қол жеткізудің негізгі кезеңдері айқындалған.
Корпоративтік басқару жөніндегі жоспарды іске асыру шеңберінде 2019 жыл ішінде Компания бірқатар бастамаларды табысты іске асырды. Ең үлкен прогреске Директорлар кеңесінің тиімділігі, тәуекелдерді басқару және орнықты даму сияқты бағыттар бойынша қол жеткізілді.