«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ Қазақстанның тікелей интеграцияланған жетекші мұнай-газ компаниясы болып табылады. ҚМГ көмірсутектерді барлау мен өндіруден бастап, тасымалдау, өңдеу және сервистік қызметтер көрсетуге дейінгі барлық өндірістік цикл бойынша активтерді басқарады. Компания 2002 жылы құрылып, Қазақстан Республикасының мұнай-газ саласындағы мемлекет мүддесін қорғайды.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ акционерлері – «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы (90,42%) және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (9,58%).
Ұлттық компания еліміздің мұнай мен газ конденсатын өндірудің 26%-ын, сондай-ақ табиғи және ілеспе газ өндірудің 15%-ын қамтамасыз етеді. Компанияның магистралды құбырлары арқылы Қазақстан мұнайының 57%-ы және газының 79%-ы тасымалданады. Отандық мұнай өңдеу зауыттарында мұнай өңдеу көлемінің үлесі 81%-ды құрайды.
2019 жылы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ 23,62 млн тонна мұнай және 8,46 млрд м3 ілеспе және табиғи газ өндірді. Мұнай тасымалдау көлемі 78,07 млн тоннаны, ал газ тасымалдау 103,49 м3 құрады. Мұнай өңдеу зауыттарында 20,59 млн тонна мұнай өнделді.
2019 жылы ҚМГ қоржыны 16 геологиялық барлау жобасын қамтыды. Олардың 8-і теңізде, 8-і құрлықта орналасқан.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ 70 мыңнан астам адам еңбек ететін ірі жұмыс берушілердің қатарына жатады.