ҚМГ жаңалықтары

22.10.2020

SPE Каспий техникалық конференциясы: ҚМГ тұрақты даму жолында

Қазанның 21-22 күндері онлайн-форматта Халықаралық мұнай-газ өнеркәсібінің инженерлері қоғамының (SPE) Каспий техникалық конференциясы өтті. Іс-шара «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (бұдан әрі – ҚМГ) қолдауымен ұйымдастырылды.

Конференцияның тақырыбы – «Әлемдік деңгейдегі бәсекелестік: қолайлы қоршаған ортаны қалыптастыру». Шараға мұнай-газ компанияларының, халықаралық ұйымдардың, ҚР Энергетика министрлігінің, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің, KAZENERGY қауымдастығының өкілдері қатысты.

«SPE сияқты форумдарды өткізудің маңыздылығы зор. Күн сайын өзгеріп жатқан әлемде біз өнеркәсібімізге қатысты тақырыптарды ұжым болып талқылаумыз қажет. Мұнай-газ секторының техникалық мамандары арасында тікелей байланыс орнатуға аса мән береміз. Себебі саланың ағымдағы міндеттерін іске асырудың тиімділігі осы мамандардың жұмысына байланысты», - деп атап өтті шараның ашылу салтанатында ҚМГ Басқарма төрағасының барлау және өндіру жөніндегі орынбасары Жақып Марабаев.

Конференция барысында инвесторлар мен операторларға арналған панелдік пікірталас, 12-ден астам техникалық сессия өтті. Онда сарапшылар өзекті мәселелерді, мұнай-газ өнеркәсібінің әлеуметтік, экономикалық және білім беру қажеттіліктерін, саланың жаңалықтары мен жетістіктерін талқылады.

«Алдымызда тұрған басты мәселе – кен орындарымыздың көпшілігі ескіріп, сарқылу үстінде. Жабдықтың тозуы, дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік беретін және  өндірістік операциялардың тиімділігіне әсер ететін тарихи деректердің жетіспеушілігі – ең маңызды мәселелердің бірі деп айтуға болады. Басқа операторлар секілді біздің де міндетіміз активтерімізде ұдайы жетілдіру циклін тоқтатпау болып табылады. Компания өндірістік операцияларды оңтайландыруға және шешімдердің техникалық сапасын арттыруға назар аударуда. Бұған білікті кадрлар, озық тәжірибелерді қолдану, тың технологияларды іздеу мен оларды өндірісте енгізу сияқты факторларды жүзеге асыру септігін тигізетін болады» - деп мәлімдеді «Қазіргі операциялық ортада экономикалық табысты қамтамасыз ету» атты панелдік сессияда Ж.Марабаев.

Компанияның төтенше жағдайларға дайындығы туралы ҚМГ еңбек және қоршаған ортаны қорғау департаментінің директоры Қайрат Сақтағанов баяндады. Мұнай-газ секторындағы кадр әлеуеті туралы «Жұмысқа табысты қабылдау: бәсекелестік жоғары энергетикалық нарықтағы білім, рекрутинг және таланттарды басқару» панелдік сессия барысында ҚМГ адами ресурстарды басқару департаментінің директоры Ботагөз Әшірбекова баяндама жасады.

«Дүниежүзі бойынша мұнай индустриясына деген қызығушылықтың бәсеңдеуіне қарамастан, елімізде және соның ішінде біздің компанияда басты «мұнайшы» мамандықтар ұзақ уақыт бойы сұранысқа ие болады. Дегенмен тез дамып келе жатқан технологияларға байланысты жаңа мамандықтар да пайда болатынын түсінеміз. Тәжірибесі мен біліктілігінің арқасында мұнай активтерінің барлық құндылықтар тізбегінің негізгі процестерін түсінуге мүмкіндік беретін дағдыларды игерген мамандардың болашағы бар екенін көреміз. Біздер, HR-мамандар қызметкерлеріміздің осындай дағдыларын дамытуға ден қоятын боламыз», - деді Б.Әшірбекова.

Бұдан бөлек, бүгінде компанияда «Игеру жөніндегі инженер», «Кәсіби шебер» сияқты өндірістегі мамандарды дамытудың бағдарламалары әзірленді және бекітілді.

Еске сала кетейік, Каспий техникалық конференциясы 2014 жылдан бері өткізіліп келеді. Жыл сайын Нұр-Сұлтан және Баку (Әзірбайжан) қалаларында кезектесіп ұйымдастырылады. Конференция мұнай-газ саласында білім алмасуға және проблемаларын талқылауға арналған маңызды платформаға айнала білді.  Қазақстанның мұнай-газ саласындағы мүдделерін қорғайтын ұлттық компания ретінде ҚМГ конферецияның Қазақстан Республикасының тұрақты негіздегі тең ұйымдастырушысы болып табылады. Компания ұзақ жылдар бойы мұнай-газ өнеркәсібінің инженерлері қоғамына қолдау көрсетіп келеді және Каспий өңірінде SPE дамытуға қосқан үлесін мақтан тұтады. Биыл форум алғаш рет онлайн форматта өткізілді. ҚМГ атынан Үздіксіз жетілдіру офисі ұйымдастырушы болды. Ол SPE командасымен бірге форумның толық бағдарламасын және ҚМГ виртуалды стенді көрсетілген интерактивті көрмені дайындады. 

 

SPE туралы

Мұнай-газ өнеркәсібінің инженерлері қоғамы (SPE) коммерциялық емес кәсіби қауымдастық болып табылады, оның мүшелері энергия ресурстарын әзірлеу және өндірісімен айналысады. SPE мұнай мен газды барлау және өндірумен байланысты техникалық білім алудың басты платформасына айналды.