ҚМГ жаңалықтары

29.10.2020

Қаражанбастағы су тұщыту зауыты 2021 жылдың 1 тоқсанында іске қосылады

Қаражанбас кен орнындағы су тұщыту зауытын 2020 жылдың 1 тоқсанында іске қосу жоспарланып отыр. Зауыт көп сатылы тазалау және кері осмос көмегімен минералсыздандыру технологияларын қолдана отырып, қойнауқат суларын қайта өңдейді. Ал тұщытылған судың көлемі тәулігіне 17 мың м3 дейін жететін болады. Бұл туралы Қаражанбас кен орнына «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (бұдан әрі – ҚМГ) және «Қаражанбасмұнай» АҚ (бұдан әрі – ҚБМ) ұйымдастырған баспасөз турының барысында хабарланды.

Бүгінде Қаражанбас тәулігіне Еділ өзенінен Астрахан-Маңғыстау су құбыры арқылы келетін 17,5 мың м3 су көлемін пайдалануда. Су тұщыту зауытын іске қосу кен орнын сумен қамтамасыз етіп, Маңғыстау облысы тұрғындарының қажеттіліктері үшін айтарлықтай су көлемін босатуға мүмкіндік береді. Бұған қоса құрылыс аяқталғаннан кейін 50 шақты жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сонымен қатар, кәсіпорынды іске қосу ҚБМ бірқатар технологиялық мәселелерін шешуге ықтимал етеді. Атап айтқанда, 2021-2035 жылдары аралығында ҚБМ кен орнындағы мұнай өндірісін кемінде 700 мың тоннаға арттыруды, ұңғымаларды күрделі және жерасты жөндеуді азайтуды, грифондардың пайда болуын шектеуді жоспарлап отыр.

Зауытты іске қосу мерзімі құрылыс үшін қажетті қондырғыларды жеткізуге кедергі келтірген коронавирус пандемиясы үшін үстіміздегі жылдың желтоқсан айынан 2021 жылдың 1 тоқсанына шегерілгенін айта кеткен жөн.

Бұдан бөлек, баспасөз турының қатысушылары ҚБМ экологиялық жобаларымен және компанияның қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметімен танысты.

Қазіргі уақытта ҚБМ жалпы көлемі 350 гектарды құрайтын мұнаймен тарихи ластанған жерлерді тазарту бойынша іс-шараларды жүзеге асыруды жалғастыруда. ҚБМ оның 143 гектарын тазалап қойды. Сонымен қатар, компания Каспий теңізінің жағалауы аймағында 1970-ші жылдардың аяғында бұрғыланған 11 ұңғыманы жапты және уақытша сақтау полигонындағы 180 мың тонна қалдықты кәдеге жаратты.

ҚБМ табиғат қорғау шараларына, соның ішінде полигондағы қалдықтарды қайта өңдеуге және кәдеге жаратуға жыл сайын ауқымды қаржы бөледі. Оның көлемі 2016 жылы 168 млн теңгені құраса, үстіміздегі жылы 479 млн теңгеден астам қаржы жұмсау жоспарланып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылы ҚМГ және Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Құжатқа сәйкес ҚМГ еншілес компаниялары – ҚБМ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ және «Өзенмұнайгаз» АҚ – келісімшарт аумақтары шегінде мұнаймен ластанған жерлерді тазалау, сондай-ақ жабдықталмаған шлам жинағыштарында орналастырылған қалдықтарды кәдеге жарату және қайта өңдеу жөніндегі міндеттерді қабылдады.