ҚМГ жаңалықтары

08.12.2020

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы тағы да бірінші!

2020 жылғы 4 желтоқсанда ТАСС баспасөз орталығының онлайн-алаңында еуразиялық «Мұнай-газ компаниялары экологиялық ақпаратының ашықтығы рейтингісі» қорытындысының таныстырылымы өтті. Рейтингке мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 2 млн тоннадан асатын 18 ресейлік мұнай-газ компаниясы, сондай-ақ Қазақстаннан 14 кәсіпорын (жылына 0,5 млн тоннадан астам өндіретін), Әзірбайжанның екі компаниясы (жылына 0,1 млн тоннадан астам өндіретін) ұсынылды. Ресейдің WWF тәуелсіз сарапшылары, Ұлттық Рейтинг Агенттігі және Creon Group төтенше жағдайлар мен мұнай апаттары туралы ақпараттың ашылуын мұқият зерттеп, рейтингке қатысқан компаниялардың экологиялық ашықтығы өсіп келе жатқанын атап өтті.

Қазақстандық компаниялар арасында бірінші орынды төртінші жыл қатарынан «ҚазМұнайГаз» иеленіп келеді. Екінші орында «Норт Каспиан Оперейтинг», ал үшінші орында «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» орналасты. BP компаниясы әзірбайжандық компаниялар арасында көш бастап тұр.

Ресейлік рейтинг жарияланып келе жатқан жеті жылда алғашқы үш орынды «Сахалин Энерджи», «Сургутнефтегаз», «Газпром», «Зарубежнефть» және «Эксон» иеленді. Осы жылдың қорытындысы бойынша «Зарубежнефть» компаниясы рейтингтің көшбасшысы болды, екінші орынды «Сургутнефтегаз», ал үшінші орынды «Лукойл» компаниясы алды.

Рейтинг әдістемесі корпоративтік тәжірибеде сынақтан өтті. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес және тәуелді ұйымдары арасында екінші жыл қатарынан ішкі рейтинг жүргізіліп келеді. Оның басында «Интергаз Орталық Азия» АҚ тұр, сондай-ақ алғашқы үштікке «Ембімұнайгаз» АҚ және «ҚазТрансОйл» АҚ кірді.

«Рейтингке қатысушылар арасында көшбасшылық ұстанымдар үшін артып келе жатқан бәсекелестік және мұнай-газ саласының өкілдері мен жұртшылық арасындағы белсенді диалог бұл жобаның экологиялық маңызды ақпаратты ашу тұрғысынан тұтас саланың ашықтығын арттыруға қаншалықты тиімді әсер ететіндігінің даусыз дәлелі болып табылады», - деп есептейді ҰРА даму жобалары жөніндегі басқарушы директоры Виктор Четвериков.