ҚМГ жаңалықтары

11.12.2020

Шығыс Өріктау кен орнында алғашқы ұңғымалар тәжірибелік пайдалануға берілді

2020 жылғы 11 желтоқсанда Ақтөбе облысында Шығыс Өріктау кен орнында екі ұңғыманы тәжірибелік пайдалануға беру рәсімі өтті. Салтанатты шараға «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев, Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының барлау және өндіру жөніндегі орынбасары Жақып Марабаев және «Өріктау Оперейтинг» ЖШС бас директоры Амангелді Таспихов қатысты. Кен орнына барған делегация мүшелері вахталық қалашықты, Шығыс Өріктау-1 ұңғымасын және сығымдау сорғы стансасын аралап шықты.

2020 жылдың мамыр айында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (бұдан әрі – ҚМГ) инвестициялық комитетінің шешімімен Өріктау жобасының бірінші кезеңінің жүзеге асырылуы мақұлданды. Осы кезеңді іске асыру аясында Шығыс Өріктау кен орнындағы екі ұңғыманы және 2021 жылдың желтоқсанында Орталық Өріктау кен орнындағы бес ұңғыманы іске қосу жоспарланып отыр.

Бірінші кезең табысты аяқталып, қолайлы экономикалық ахуал қалыптасқан жағдайда екінші кезеңді іске асыру мүмкіндігі қаралатын болады. Ол Өріктау кен орны тобының 58 ұңғымасын пайдалануды және бірқатар өндірістік нысанның құрылысын көздейді.

«Жоба табысты жүзеге асырылған жағдайда жоспарлы өндіріс көлемі жылына 1,5 млрд текше метр газ бен 500 мың тонна мұнайды құрауы мүмкін. Кен орнындағы алынатын қордың көлемі шамамен 12 млн тонна мұнай және 40 млрд-тан астам текше метр газды құрайтынын ескерсек, алдағы уақытта «Өріктау» жобасы ҚазМұнайГаздың қоржынындағы лайықты кеніштің біріне айналатынына сенімдімін», – деді ҚМГ басшысы А. Айдарбаев.

Өріктау кен орны тобы Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында орналасқан. Оның құрамына Орталық Өріктау, Шығыс Өріктау және Оңтүстік Өріктау кен орындары кіреді.

ҚМГ «Өріктау Оперейтинг» ЖШС-ның құрылтайшысы және жалғыз қатысушысы болып табылады.