ҚМГ жаңалықтары

18.03.2021

2021 жыл «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобы бойынша экология жылы болып жарияланды – Алик Айдарбаев

16 наурыз күні «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (бұдан әрі – ҚМГ) Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Серікбай Трұмовтың өңір ақсақалдарымен кездесуіне қатысып, оларды Амал және Наурыз мерекелерімен құттықтады.

Сонымен қатар, А. Айдарбаев өңірдегі еншілес өндіруші және мұнай-сервис компаниялары басшыларының қатысуымен жиналыс өткізіп, олардың 2020 жылдағы қызметінің қорытындысы бойынша есептерін тыңдап шықты.

«Өткен жылы еншілес және тәуелді ұйымдар ОПЕК+ келісімі аясында мұнай өндіру бойынша міндеттемелерін негізгі өндірісті сақтай отырып орындағанын атап өткім келеді. Барлық өндірістік бағдарламалар қауіпсіздік техникасына сай іске асырылды – апаттық жағдайлар мен өлім-жітімсіз. Бұған қоса, дер кезінде қабылданған дағдарысқа қарсы шаралардың арқасында өңірлерде өндірісте еңбек етіп жүрген қызметкерлердің қысқартылуына жол бермедік», – деді А. Айдарбаев.

Сондай-ақ, ҚМГ басшысы 2021 жылға жоспарланып отырған өндірістік мақсаттар туралы сөз қозғады, соның ішінде мұнай өндіру процесін цифрландыру, қолданыстағы ұңғымалар қорын зерттеу мен талдау және т.б. жөнінде. Мұнымен қатар, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығы баса айтылды. ҚМГ Басқарма төрағасының шешімімен 2021 жыл «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобы бойынша Экология жылы болып жарияланды.

Жаңаөзен қаласында ҚМГ басшысы «Өзенмұнайгаз» АҚ өндірістік нысандарын аралады, соның ішінде Батыс Теңге кен орны мен мұнайды дайындау және айдау цехына барды.

Бұған қоса, компания басшылығы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Балақай» оңалту орталығының жұмысымен танысты. Бұл орталыққа «Өзенмұнайгаз» АҚ арнайы орын бөліп берген болатын. Орталықтың әкімшілік шығындарын өтеуге жыл сайынғы бюджет жалпы саны 9 мыңға жуық «Өзенмұнайгаз» АҚ қызметкерлерінің ай сайынғы ерікті жарналарының есебінен қалыптастырылатын болады. «Samruk-Kazyna Trust» Әлемеуттік жобаларды дамыту қоры да осы бастаманы қолдап, оңалту орталығы үшін 40 млн теңгеге қажетті жабдық сатып алды.