ҚМГ жаңалықтары

13.09.2021

Қауіпсіз тұрақты даму жолында

Қыркүйектің 10-ы күні еңбекті және қоршаған ортаны қорғау саласындағы «Қауіпсіз тұрақты даму жолында» тақырыбымен дәстүрлі «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (бұдан әрі – ҚМГ) бас директорларының VI форумы болып өтті. Онлайн форматта өткен шараға ҚМГ Директорлар кеңесінің мүшелері мен басшылығы, еншілес және тәуелді ұйымдардың (бұдан әрі – ЕТҰ) бас директорлары, «Самұрық-Қазына» АҚ, мемлекеттік органдардың және ҚМГ шетел серіктестерінің өкілдері қатысты.

Форумның мақсаты – ҚМГ компаниялары тобындағы өндірістік қызметті, еңбекті және қоршаған ортаны қорғауды бағалау, қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын қорғау саласында тәжірибе алмасу.

Іс-шара барысында 2020 жылдың және 2021 жылдың бірінші жартыжылдықтағы жұмыс қорытындыланды.

ҚМГ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев өз сөзінде қызметкерлер – компанияның ең басты құндылығы екенін баса айтты.

– Біздің басты міндетіміз – кәсіпорындарымызда еңбек ететін барлық адамның өмірі мен денсаулығын сақтау. Еншілес және тәуелді ұйымдар басшыларына айтарым, сіздердің бірінші кезектегі міндеттеріңіз қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өндірісте жарақат алу деңгейін төмендету болып табылады. Өздеріңіз үлгі көрсетіп, көшбасшылық танытып, өндірістік қауіпсіздік мәселесіне ерекше мән берулеріңіз қажет, – деді А. Айдарбаев.

Ол ҚМГ қызметкерлерін өртке қарсы және өндірістік қауіпсіздік ережелері мен нормаларын қатаң сақтауға шақырды.

Сондай-ақ ҚМГ басшысы форум қатысушыларының назарын қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне аударды. ҚМГ компаниялар тобында 2021 жылы жарияланған Экология жылы аясында Басқарма төрағасы ЕТҰ бірінші басшыларын экологиялық мәселелердің шешіміне ден қоюды тапсырды.

Форум барысында экологиялық реттеудің және азаматтық қорғаныс саласындағы заңнаманың соңғы жаңалықтары да талқыланды. Қазақстан Республикасының жаңа Экологиялық кодексін әзірлеушілер осы тақырып бойынша Директорлар кеңесі мен Басқарма мүшелерін оқыту жөнінде қосымша сессия өткізді.

Бұған қоса, ҚМГ төмен көмірсутекті дамудың өзекті мәселелері де жан-жақты талқыға түсті. Атап айтқанда, ENI компаниясының Қазақстандағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы тәжірибесі қаралды, «Теңізшевройл» ЖШС-ның өндірістік жарақаттануды алдын алу жөніндегі бағдарламасы сараланды.

Сонымен қатар форумда ҚМГ «Vision Zero» нөлдік жарақаттанудың халықаралық тұжырымдамасына қосылатыны жөнінде айтылды.

Форум аясында кәсіпорындарды еңбекті және қоршаған ортаны қорғау саласындағы жеткен жетістіктері үшін марапаттау рәсімі болып, ҚМГ компаниялары тобы қызметкерлерінің балалары арасында өткен «Экология балалар көзімен» сурет байқауының қорытындысы шығарылды.