ҚМГ жаңалықтары

30.09.2021

«ҚазМұнайГаз» және «Зарубежнефть» бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру ниеті туралы келісімге қол қойды

Қыркүейктің 30-ы күні Нұр-Сұлтан қаласында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев және «Зарубежнефть» АҚ Бас директоры Сергей Кудряшов бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру ниеті туралы келісімге қол қойды.

Кездесу барысында тараптар геологиялық барлау жұмыстары және мұнай өндірудің тұрақты деңгейін сақтап тұратын озық технологияларды енгізу саласындағы ынтымақтастықты талқылады.

«ҚазМұнайГаз» ресейлік мұнай-газ компанияларымен бірігіп бірқатар жобаны белсенді жүргізіп келеді. Біз жаңа серіктестермен қарым-қатынас орнатуға әрқашан дайынбыз. Оның үстіне «Зарубежнефть» компаниясының шетелде жұмыс істеудің мол тарихы мен бірегей тәжірибесі бар. Бүгін қол қойылған құжат болашақта жемісті ынтымақтастығымыздың негізі болатынына сенімдімін», – деп атап өтті А.Айдарбаев.

«Қазақстан Республикасы жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді іздеуде біз үшін басымдыққа ие. Бізді шекаралас болуы мен тарихымыздың ұқсастығы ғана емес, сондай-ақ мұнай-газ саласы мамандарының жоғары кәсіби біліктілігі де байланыстырады. Айта кетейін, ТМД елдері «Зарубежнефть» компаниясы үшін бірлескен жобаларды дамыту тұрғысынан ерекше қызығушылық тудырады. 2019 жылдан бері біз Өзбекстанда «Өзбекмұнайгаз» мемлекеттік компаниясымен бірлесіп, бір жобаны ойдағыдай жүзеге асырып жатырмыз», – деп хабарлады С.Кудряшов.

Еске сала кетейік, компаниялар арасындағы ынтымақтастық мәселелері бұған дейін Петербург халықаралық экономикалық форумы-2021 алаңында талқыланған болатын. Сол кезде «ҚазМұнайГаз» қарастыруға ұсынатын активтерді сараптау туралы келісімге қол жеткізілген еді.