ҚМГ жаңалықтары

09.11.2021

ВТБ Атырау мұнай өңдеу зауытына «ҚазМұнайГаз» кепілдігімен 38,2 млрд рубль сомасына кредит берді

Атырау мұнай өңдеу зауыты («АМӨЗ») және ВТБ тобы АМӨЗ-ді қаржыландыру туралы кредиттік келісімге отырды, алынған қаражат сомасы 38,2 млрд рубль. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы міндеттердің орындалуын қамтамасыз етудің корпоративтік кепілдемесін шығарды.

Қаражат зауытты жаңғырту жөніндегі жобаны іске асыруға «Қытайдың Экспорт-импорттық банкінен» алынған валюталық қарызды қайта қаржыландыруға жұмсалады.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Дәурен Қарабаев:

«Мәміле пандемия кезінде жүргізілді және сыртқы қиындықтарға қарамастан уақтылы әрі сәтті аяқталды. ВТБ-мен жасалған келісім ҚМГ компаниялары тобының кредиттік қоржынын оңтайландыру мен әртараптандыруға, сондай-ақ валюталық тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік берді».

ВТБ Орталық Азиядағы операциялардың басшысы, аға вице-президенті Айдар Қалиев:

«Атырау мұнай өңдеу зауытымен жасалған кредиттік мәміле ВТБ тобы мен «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ арасындағы әріптестік қатынастарды нығайту жолындағы маңызды қадам болып табылады. Бұл серіктестігіміздің одан әрі дамуына ықпал етеді, сондай-ақ топ компанияларына рубльмен қарыз алудың перспективалы және ауқымды нарығына жол ашады. Қазақстанның мұнай-газ секторындағы ВТБ үшін ең ірі болып табылатын бұл мәмілені іске асыру банктің қазақстандық компаниялар үшін инновациялық қаржы шешімдерін ұсыну бойынша көшбасшылық позициясын және кең мүмкіндіктерін растап отыр».

 

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ – Қазақстанның тігінен интеграцияланған жетекші мұнай-газ компаниясы. ҚМГ көмірсутектерді барлау мен өңдеуден бастап, тасымалдау, өңдеу және мамандандырылған қызмет көрсетуге дейінгі барлық өндірістік цикл бойынша активтерді басқарады. Еліміздің мұнай-газ саласындағы Қазақстан Республикасының мүддесін қорғайды. Акционерлері – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ (90,42%) және Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі (9,58%). 2020 жылы өндіру көлемі 21,752 млн тонна мұнай және 8,191 млрд текше метр ілеспе және табиғи газды құрады. Мұнай өңдеу зауыттарында 18,077 млн тонна мұнай өңделді.

Атырау мұнай өңдеу зауыты («ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес кәсіпорны) Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында салынды. 2010-2017 жылдары кәсіпорында ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Жаңғырту жобасы нәтижесінде АМӨЗ-дің барлық өнімі К4 және К5 экологиялық санаттарына сай келеді. Зауыт қуаты 500 мың тоннаға – жылына 5,5 млн тоннаға дейін ұлғайтылды.

ВТБ банкі (ЖАҚ), оның еншілес банктері мен қаржы ұйымдары (ВТБ тобы) — Ресейде, ТМД елдерінде, Батыс Еуропада, Азия мен Африкада қаржылық-банктік қызметтердің кең ауқымын ұсынатын халықаралық қаржы тобы. 2021 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша банк активтері 19,6 трлн рубльді құрады, клиенттер қаржысы - 14,3 трлн руб. ВТБ басты акционері Ресей Үкіметі болып табылады, оған дауыс беруші акциялардың 60,9% тиесілі.