Алаяқтардан сақ болыңыз!

Қазіргі уақытта алаяқтардың Қазақстан азаматтарын «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына қаржы салуға шақырып, арнайы сайт, мобильді қосымша құрып, әлеуметтік желілерде парақшалар ашып, жалған ақпарат тарату жағдайлары жиілеп кетті. Халықты мұнай мен газ сатып, мол пайдаға кенелуге шақыруда.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Қазақстан азаматтарының қаржысын ешқандай инвестициялық жобаларға тартуға шақырмағанын мәлімдейді. Таратылып жатқан жалған жарнамалық хабарландыруға сенбеңіздер. Сақ болыңыздар!

Қандай да бір әрекет жасар алдында ақпараттың растығын анықтап алыңыз.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы өз қызметі туралы барлық ақпаратты ресми сайтында сайтында, сондай-ақ YouTube, Facebook, Instagram, Telegram әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында ғана жариялайды.

ҚМГ жаңалықтары

08.06.2022

ҚазМұнайГаз бен ExxonMobil компаниялары Теңіз және Қашағандағы бірлескен операцияларын талқылады

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев ExxonMobil корпорациясының аға вице-президенті Нил Чапманмен кездесті.

М. Мырзағалиев Нил Чапманға және ExxonMobil компаниясына ҚМГ-мен ұзақ жылғы ынтымақтастығы үшін алғысын білдірді. Кездесуде тараптар Теңіз кен орнындағы Болашақ кеңейту жобасын – Сағалық қысымды басқару жобасын (БКЖ-СҚБЖ) іске асыру барысын талқылады. ҚМГ басшысы аталмыш жобаның дер кезінде аяқталуы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен ұлттық компанияның ерекше назарында екенін атап өтті. 2022-2023 жылдары БКЖ-СҚБЖ қызмет көрсететін жұмысшылардың жоспарланған ауқымды демобилизациясы кезінде әлеуметтік тұрақтылықты сақтау мәселесіне де тоқталды. ҚМГ бұл мәселе бойынша «Теңізшевройл» ЖШС-мен бірлескен тығыз жұмыс атқарылатынына сенімді.

М. Мырзағалиев келісімшарт кезеңі аяқталған соң (2033 жылдан кейін) Теңіз кен орнын одан әрі игеру мәселесін де қозғады. Болашақта мұнай өндіру деңгейін сақтау үшін түрлі нұсқаларды зерттеуді ұсынды.

Тараптар Қашаған кен орнындағы (Солтүстік Каспий жобасы) бірлескен қызмет жайына да жеке тоқталды. Басқарма төрағасы кен орынды пайдаланудың бүкіл циклі жөніндегі стратегиясына (2041 жылдан кейін) сәйкес алдағы уақытта оны игеру кезеңдерінің тұжырымдамасын таңдау қажеттігін де қаперге салды.

Сондай-ақ кездесуде Солтүстік Каспий жобасында қазақстандық қамтуды одан әрі арттыру және еліміздің техникалық, басқарушылық кадрларын даярлау бойынша бірлескен жұмыс жағдайы талқыланды.