Алаяқтардан сақ болыңыз!

Қазіргі уақытта алаяқтардың Қазақстан азаматтарын «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына қаржы салуға шақырып, арнайы сайт, мобильді қосымша құрып, әлеуметтік желілерде парақшалар ашып, жалған ақпарат тарату жағдайлары жиілеп кетті. Халықты мұнай мен газ сатып, мол пайдаға кенелуге шақыруда.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Қазақстан азаматтарының қаржысын ешқандай инвестициялық жобаларға тартуға шақырмағанын мәлімдейді. Таратылып жатқан жалған жарнамалық хабарландыруға сенбеңіздер. Сақ болыңыздар!

Қандай да бір әрекет жасар алдында ақпараттың растығын анықтап алыңыз.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы өз қызметі туралы барлық ақпаратты ресми сайтында сайтында, сондай-ақ YouTube, Facebook, Instagram, Telegram әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында ғана жариялайды.

ҚМГ жаңалықтары

20.09.2022

ҚазМұнайГаз «Самұрық-Қазына» АҚ-тан ҚМГ Қашаған Б.В. компаниясындағы 50% үлесін кері сатып алуға опционды жүзеге асырды

2022 жылы 15 қыркүйекте «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (бұдан әрі – ҚМГ) 2015 жылы жасалған Опциондық келісім аясындағы өз құқығын пайдаланып, «Самұрық-Қазына» АҚ-тан (бұдан әрі – Қор) Солтүстік Каспий жобасы (бұдан әрі – Қашаған жобасы) бойынша Өнімді бөлу туралы келісімнің 16,88% тиесілі «ҚМГ Қашаған Б.В.» ЖШЖК компаниясындағы 50% үлесін 3,8 млрд АҚШ долларына сатып алды.

«Бұл – «ҚазМұнайГаз» үшін соңғы жылдардағы ең ірі сатып алу мәмілелерінің бірі. Қашаған жобасындағы үлесі артуы арқылы ҚМГ-ның шоғырландырылған өндіру, EBITDA, таза пайда және активтер көрсеткіштері жақсарады. Бұл ретте компанияның қарызы да артады. Сатып алу үшін төлем ҚМГ Қашаған Б.В. ақша ағымдарының есебінен жүзеге асырылады деп жоспарлануда», - деп хабарлады ҚМГ Басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Қарабаев.

2015 жылы ҚМГ түскен қаражатты сол жылдары мұнай бағасының күрт төмендеуіне байланысты ҚМГ еурооблигацияларындағы «Таза қарыз/ EBITDA <= 3.5х» қаржылық ковенантының бұзылуына жол бермеу мақсатында қарызды азайтуға пайдалану үшін ҚМГ Қашаған Б.В. компаниясындағы 50% үлесін Қорға сатты.

Қазіргі сатып алуды жүзеге асыруға ҚМГ-ның қаржылық жағдайын жақсарту бойынша жүргізілген үлкен жұмыс сеп болды, бұл осы мәмілені кредиттік рейтингтерге әсер етпей іске асыруға мүмкіндік берді.

Бұл кезеңде қаржылық жағдайды жақсарту жөніндегі іс-шаралар миноритарлық акционерлермен келіссөздер жүргізуді және «ҚазМұнайГаз «Барлау Өндіру» АҚ-дағы үлесін шоғырландыруды, ҚМГ-ның жария борышындағы ковенантты пакетті оңтайландыруды, сондай-ақ ҚМГ ақша ағымдарына сәйкес ұзақ мерзімді өтеу кестесін құруды қамтыды. Атап айтқанда, ҚМГ еурооблигацияларымен жасалған бірқатар мәмілелер нәтижесінде ковенанттық пакеттен «Таза борыш/ EBITDA <= 3.5х» қаржылық ковенанты толығымен алып тасталды.

Жүргізілген жұмыс нәтижесінде ҚМГ-ның жалпы қарызы шоғырландырылған аудиттен өткен қаржылық есептілікке сәйкес 2014 жылдың соңындағы жағдай бойынша 19,2 млрд АҚШ долларынан 2022 жылдың бірінші жартыжылдығының соңында 8,4 млрд АҚШ долларына дейін азайды. ҚМГ Қашаған Б.В. үлесін сатып алу мәмілесі аяқталғаннан кейін ҚМГ-ның жалпы қарызы шамамен 10,7 млрд АҚШ долларына жетеді.

Халықаралық рейтинг агенттіктері осы кезең ішінде ҚМГ-ның жеке кредиттік рейтингін арттырып, компанияның қаржылық жағдайы жақсарғанын атап өтті.

Бұған дейін ҚМГ Қашаған Б.В. компаниясының 50% үлесіне алдын ала шектеу қойылған еді, оны биыл Гаага (Нидерланд) Апелляциялық соты алып тастады. Бұл шешімге қатысты Нидерланд Жоғарғы сотына түскен шағым ҚМГ-ның 50% үлесін сатып алу туралы мәмілесіне әсер етпейді, өйткені Апелляциялық соттың шектеуді алып тастау туралы шешімі дереу күшіне енеді.

Мәміле туралы толығырақ «ҚазМұнайГаздың» қаржылық есебінде баяндалатын болады.