Жарияланымдар

13.04.2015

«ҚазМұнайГаз»: болашаққа қадам

Президент Н.Ә.Назарбаевтың ұлттық кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы тың бастамасы, әлеуметтік жаңғырулар, бизнес пен барынша табыс табу ғана емес, сонымен қатар, адамның қажеттілігін қанағаттандыру ұлттық идеяның бір бөлшегіне айналғалы қашан!.. Сол іргетастың негізін қалаушылардың бірі – мұнай саласындағы ұлттық оператор «ҚазМұнайГаз» АҚ. Халықаралық стандарт – ұлттық компанияларымыздың басты талабы. Әлемдік на­рыққа шығу және келешекте Қа­зақ­станның ДСҰ-ға кіруі – еліміз тек алға ғана жылжуы қажет еке­нін аңғартады. Бұған қоса, бизнесті халықаралық стандартқа сай жүргізудің арқасында менеджерлер сөздігінде «corporate social responsibility» сөзі пайда болды. Яғни, корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік (КӘЖ). Ғалымдар бұл ұғымды әрқилы тәпсірлейді. Дегенмен, түпкі мәні бір, мән-мазмұны, маңызы мен мағынасы айқын. Бұл дегеніміз – уақтылы салық төлеу, жаңа жұмыс орындарын ашу әрі сақтау, жұмыскерлер құқығын қорғау, жұмыскерлерге әлеуметтік қолдау көрсету, уақытында төлемақысын төлеу, жас жұмыскерлерді жұмысқа тұрғызу, әлеуметтік маңызы бар бастамаларды жүзеге асыру жолында мемлекеттік органдар және азаматтық ұйымдармен бірлесе жұмыс жасау деген сөз. Алайда, ірі бизнес өкілдері, ара-тұра орта топтағы тұтынушылар өзіне ыңғайлы принциптерді ғана жақтап, шынтуайтында әлеуметтік бағыт-бағдар ұстанса да, КӘЖ-дің нормалары көп компанияның айнымас заңына айнала қоймағанын ескерген жөн. Мемлекет ірі компаниялармен шартқа отырарда басты ескеретін нәрсенің бірі ретінде КӘЖ-ге қаржы бөлу қажеттігі көрсетілген. Ең маңыздысы ол емес, негізгісі – КӘЖ-ге деген жалпы компаниялардың көз­қа­расын өзгертіп, саналы түрде тықпаланатын дүние ретінде емес, керісінше, КӘЖ-дің бағ­дар­ламаларын стратегиялық инвестиция ретінде пайдалану әрі жүзеге асыру екенін ұғыну. Осы орайда, аталмыш ұлттық компанияның қалыпты даму саясаты мен әлеу­меттік тұрақтылық тәжірибесі біз үшін маңызды екенін жасыра алмаймыз. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ КӘЖ-дің көптеген көз­ге көрінбейтін ішкі ағысынан қаша отырып, ұлттық компания сол бір алтын арқауын тауып, бет-бейнесін қалыптастырып, қар­жы­ны тиімді жиып және түрлі әлеуметтік қиыншылықтарды айналып өтудің жолын тапты десек болады… «ҚазМұнайГаз» АҚ мұнай-газ кешенінің бетке ұстары, қаз­ба байлықтарды басқару жүйе­сі­нің ұлттық бөлшегі, жалпы­мем­лекеттік стратегияның жоспарларын жүзеге асыруға мән беретін орган екені айтпаса да белгілі. Ұлттық компания дегенде әлеуметтік тұрақтылық, ай­мақтарға қолдау көрсету, тұрақ­ты даму деген ұғымдар қатар жү­ре­тінін біреу білсе, біреу білмес. Жергілікті ұйымдарды қол­дау стратегиясын жүзеге асыру, жұ­мыс­керлерінің әлеуметтік һәм жұ­мыс жағдайына көңіл бөлу бағ­дарламасын іске асыру, эко­логиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету секілді маңызды жұмыстарды «ҚазМұнайГаз», Қазақстан басшылары әлеуметтік-экономикалық саясат аясында бизнестің әлеу­меттік жауапкершілігін арттыру бағдарламасын қабылдамай жатып-ақ бастап кеткен. Дәл осы бағыттағы жұмыстарды ат­қаруға ұлттық оператор ерекше екпінмен кірісті. Жыл сайын жаңа белестерді бағындырып, жаңа нәтижелерге қол жеткізуді басты мақсат етіп қойды. Бүгіндері «ҚазМұнайГаз»-дың ішінде қаржы табуға әрі жалпыадамзаттық рухани құндылықтардың сақталуына негізделген экономикалық бі­рігу элементі тетігінің іске қосы­луының арқасында әлеуметтік бағытты дамытушы мемлекеттің моделі жасалды. Атап өтетін нәрсе, «ҚазМұнайГаз» бастабында КӘЖ-ді мемлекет пен қоғам жүктеген қосымша жүк ретінде емес, керісінше, стратегиялық инвестиция мен мүмкіндік ретінде қарастырған еді. Сөйтсе, ұлттық компания алған бағытынан жа­ңыл­мапты. «Ондыққа» дөп тиіпті… Көбіне экологияға көп қаржы бөлетін, жұмыс жасауға жағдай жасайтын, еңбекақы төлеудің жаңа принциптерін енгізетін, әлеуметтік сала жұмысының жаңа формаларын жаңғыртатын, еңбекті қорғау және техникалық қауіпсіздікті сақтайтын компания­лар капиталданатынын уақыттың өзі көрсетіп берді. Кезінде Рокфеллер айтқан: «Сіздің әл-ауқатыңыз әрі жетістігіңіз өзіңіз қабылдаған шешімге байланысты» деген классикалық стратегияны «ҚазМұнайГаз» жүзеге асырды. Ұлттық оператордың соңғы жылдағы шешімталдығы туралы айтар болсақ, онда корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік ат­ты қиын және ұзақ жолмен жүру­дің машақаты аз емес екенін байқа­тады. «ҚазМұнайГаз» әлемдік стан­дартқа сай компания болғысы келетіндіктен, ол техникалық жетіс­тіктермен қатар, дамыған елдер­дегі әлеуметтік қақтығыстар мен қоғамдық ауызбіршілікті жүзеге асыру секілді озық үлгі­лерімен қарулануға мәжбүр болды. Ұлттық оператор БҰҰ Әлем­дік келісімшартына қол қойған еліміздегі тұңғыш компания­ның бірі. Онда басымдық КӘЖ-да беріледі. Компанияда корпо­ративтік әлеуметтік жауап­кер­шілікті жүзеге асырудағы озық жетістіктермен қоса, сарап­шылық бірлестіктердің ой-пікірлері ескерілген. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын КӘЖ-дің Қазақстандағы тәжірибесін зерттеген норвегиялық сарапшылар «Мұнай-газ саласындағы ірі компаниялар тауар тасымалдау мен қызмет көрсету бойынша жергілікті органдармен бірге жұмыс жасауына болады…» деген тұжырымға келді. Олардың ойынша, бұл сол өңірдің өндірісіне оң ықпалын тигізіп, экономикалық әл-қуатын арттырып, сонымен қатар, жұмыс барысында компанияның уақыт пен шығынын азайтуға өз септігін тигізіп, тұтынушыларға деген бағаның тиімді болуына жол ашады. «ҚазМұнайГаз» мұндай тиімді бағаны әлдеқашан орнықтырып қойғаны көңілге қуаныш ұялатады. Мысалы, 2012 жылы қазақстандық өнімді сатып алу және қызмет көрсету 64 пайызды құраса, 2013 жылы 66 пайыз, ал өткен жылмен салыстырсақ бұл көрсеткіш, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Сауат Мыңбаевтың мәлімдеуінше, 73 пайызды құрапты. «Бұл жоғары көрсеткіш. Бәлки, мұнай-газ компанияларының ішіндегі ең жоғары көрсеткіш те болса керек!..» – деді ол. Мұнымен қатар, компания мұнай-газға қажетті машина құрылысын жүзеге асыру бағдарламасын іске асырып, жаңа құрылғыларды игерудің тың түрлерін қолға алды. Бұл тек инвесторлар іздеп, қаржыны ұлттық тауар өндірісін дамытуға бағытталған белгілі бір жобаға салуға ғана емес, сонымен қатар, жас мамандардың тың идеяларын компанияның аумағында іс-тәжірибеден өткізу арқылы жүзеге асыруға мүмкіндік тудырды. Атап өтетін басты нәрсе, «ҚазМұнайГаз» КӘЖ-дің әлемдік озық үлгісін пайдалып жүр. Компания ұстанымы болашақта жүзеге асырылуға тиісті жобаларды саралауға негізделген. Мұндай жұмыстар бизнес-стратегиялардың қалыптасуына және оның кемшін тұстарын түзеуге бағытталады. Осынау тәжірибенің қаншалықты тиімді екеніне жуырда ғана көзіміз жетті. Өткен жылдың көктемінде КӘЖ-дің дамуына байланысты Ұлттық экономикалық палата «әлемдік экономикалық дағдарыстың келесі толқынын» компания жұмысына кедергі келтіретін фактор ретінде атап өтіп, бұл КӘЖ-дің қазіргі тәжірибесіне, ұлттық оператордың ішкі өніміне әсер ететінін қадап айтты. Сөйтсе, компания замана көші бұлай ауатынын алдын-ала сезіп, түрлі шаралар қабылдап қойыпты. «Төмен бағалар ұлттық оператордың жұмысына кері әсерін тигізіп жатқаны айтпаса да белгілі. Бірақ соған қарамастан біз қызметкер санын қыспартпаймыз әрі олардың төлемақысын да азайтпаймыз…» – деді «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Сауат Мыңбаев. «Мамандар бәрін шешеді» деген ұғым компанияның айнымас ұстанымына айналды. «ҚазМұнайГаз» – мықты маман компанияның өркендеуіне тікелей септігін тигізетінін ерте ұғынған ұйым. Ұлттық оператордың оң тұстарын атап өту үшін қолдағы саусақ жетпейді. Олардың ішіндегі негізгілері мыналар – жұмыскерлермен ұзақ уақытқа, яғни тұрақты жұмыс жасау, өсіп-өркендеуге барынша мүмкіндік тудыру, кәсіби деңгейі өте жоғары болуын бақылау, қызметкерлердің мұң-мұқтажын қанағаттандыру, білім мен тәжірибені алдыға қою, мамандардың дамуына, білім алуына жағдай жасау. Кадрлық саясат компанияның қарыштап дамуына тікелей байланысты екені бесенеден белгілі. Нақтырақ айтсақ, «ҚазМұнайГаз» компаниясының тобы еңбекақыны төлеудің бірегей жүйесін енгізді. Соның нәтижесінде біріншіден, еңбекақыны есептеудің әдістемесі барынша түзеліп, өз жұмысын адал атқаратындарға категория бойынша тез көтерілуге мүмкіндік туды. Екіншіден, жұмыскерлерді әлеуметтік қолдаудың үлгілік заңдары қабылданып, соның нәтижесінде бірегей әлеуметтік пакет түзілді. Оның ішіне анаға көмек, әлеуметтік жәрдемақы, өтемақы, әлеуметтік кепілдіктер кіреді. Үшіншіден, осынау бірыңғай ішкі коммуникация жүйесі жемісті жұмыс жасап жатқанын көрсетті. Жүйе өте ыңғайлы құрылғаны соншалық кез келген қызметкер кәсіптік одақ арқылы немесе компания басшыларымен болған жиында көкейкесті мәселе көтеріп, әлеуметтік-еңбек ахуалының дұрысталуына өз ықпалын тигізе алады. Тағы бір ерекше ескере кететін жайт, «ҚазМұнайГаз» негізінде арнайы диалог алаңы құрылған. Ол кеңесте белгілі бір проблема талқыға түсіп, оның тез арада шешімін табуға тырысады. Бұл компания КӘЖ тәжірибесіндегі жаңа дүниені игеруден пайда болған нәрсе. Бұрынғы жұмыс тәсілі де өте тиімді және жемісті екенін атап өткен жөн. «ҚазМұнайГаз»-дың басты басымдығы – мамандарды оқыту, білімін жетілдіру. «Қызметкерлеріміздің сапасы – бәсекелестігіміздің бір нышанына айналу керек…», дегенді Сауат Мыңбаев тұрақты түрде айтады. Осы бағытта компания жыл сайын 3 миллиард теңге бөледі. Басқа бизнес құрылымдармен салыстырғанда бұл шығындар компанияда істейтін жеке адамдарды арнайы жоба аясында оқытуға сай жүзеге асырылады. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ КӘЖ-дің принциптерін енгізудегі бас­ты басымдықтардың бірі – өткен жылы жастар ісі кеңесі құрылып, оның құрамына 25 еншілес және бағынышты ұйымдар кірді. Компания директорлар кеңесінің төрағасы Сауат Мыңбаевтың сөзіне сүйенсек, «Жаңа ұйым ұлттық «ҚазМұнайГаз» компаниясындағы еңбек бірлестіктеріндегі әлеу­мет­тік жаңғыртуды жүзеге асыратын субъектіге айналуы тиіс. Өз бірлестіктеріндегі мұнай-газ сала­сының болашақ жас мамандарына қолдау көрсету қажет» екенін ерекше атап өтті. Оған қоса, «ҚазМұнайГаз» мемлекет-жекеменшік серік­тес­тігінің тұрақты қатысушысы ре­тінде өзінің жергілікті жерлерді да­мытуға септігін тигізуге даяр екенін анық аңғартты. Компания өміріміздің барлық саласындағы әрі бизнестің әлеуметтік жауап­кершілігін қолдау аясындағы қан­шама жобаларға қаржылай қолдау көрсететінін санамалап шығудың өзі қиын. Маңғыстау облысын ауыз сумен қамтамасыз етуден бастап, арнайы жабдықталған медициналық көмек көрсетуге бағытталған «денсаулық пойыздарына» дейінгі аралықта тарих, мәдениет, әдебиет, спорт секілді ірі-ірі салалар бар. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ КӘЖ-дің принциптерін енгізу мен ішкі еншілес құрылымдарындағы өзгерістер туралы айтар болсақ, демеушілік пен қайырымдылық компания қызметінің негізгі бағытына айналды. Бұл – Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерге, жетім-жесір, жоқ-жітік, мүгедектерге қолдау көрсету деген сөз. Он үш жыл бойы «ҚазМұнайГаз» «Интеллектуалдық олимпиадалар» тележобасына және он жылдан бері «Светоч» балалар үйіне, біршама уақыттан бері республикалық бокс федерацияларына, велосипед спортына, жыл сайынғы республикалық және халықаралық деңгейдегі спорт шараларына, шығармашылық бірлестіктерге демеушілік жасау­мен келеді. Қаперге алатын тағы бір дүние – ұлттық компания Пен-клубпен бірлескен жоба аясында қазақ әдебиетінің АҚШ-та танымал болуына үлкен ықпалын тигізіп, қолдауын аяған емес. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ КӘЖ-дің принциптерін енгізу­дегі көптеген тәсілдер оң нәти­жесін беруде. Оны Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев та өзге компа­ния­ларға мысал ретінде келтіріп, оның әлеуметтік бағыт-бағдарын ерекше атап жүр. Компания жүзеге асырып келе жатқан әлеуметтік жауапкершілік ішкі және сыртқы тұрғыдан алғанда үлкен нәтижелер берді. Тұтынушылар мен инвесторлар үшін КӘЖ принциптерін ұстанатын ұлттық оператор мұн­дай жолды ұстанбайтын өзге компания­лардан оқ бойы оза шы­ғып, инвестиция мен халықаралық аренада өз орнын айқындау үшін ең негізгі аспект – әлеуметтік тұрақтылықты орната алды!.. Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан».

Ақпарат көзі: http://egemen.kz/2015/04/10/56645