Отандық мұнай-газ мамандарының мерейі үстем
Таяуда Астананың Көрме залында 1-ші Каспий техникалық конференциясы мен көрмесі өтті. Оған отандық және бірқатар шетелдік мұнай-газ компанияларының жетекші мамандары қатысты. Саладағы халықаралық қауымдастықтарда жоғары бағаланатын мұндай үлкен шара елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.
Шараның өтуіне атсалысқан «ҚазМұнайГаз» АҚ қызметкерлерінің айтуына қарағанда, конференцияға қатысушылар үш күн бойы үздік мамандардан саладағы тың жаңалықтарға қанығып, енді енгізіліп жатқан жаңа технологиялардың қызметі мен тиімділігі туралы ғылыми негіздегі баяндамаларды тыңдайды. Конференцияның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына атсалысқан ұлттық компанияның жетекшілері шараның мән-маңызы жөнінде айтып берді.
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Кристофер Хопкинсон конференция жайлы әңгімелеп, бүгінгі күнде компанияда енгізіліп жатқан жаңа технологиялар мен мұнай және газды өндіруде пайдаланылып жатқан соны әдістерді тәптіштеді. «Қазіргі кезде саладағы жұмысты жетілдіріп, тиімділігін барынша арттыру үшін арнайы ғылыми-зерттеу институты құрылды. Соның арқасында, мұнай мен газды өндіру ісіне жаңа технологиялар батыл енгізіле бастады. Нәтижесінде өнімділік артып, жаңа кен орындарын барлау жұмыстары әлдеқайда ілгеріледі. Себебі, бүгінде Қазақстанда мұнай-газ саласындағы жас инженер мамандардың жаңа буыны қалыптасып болды. Бұл мамандар әлемдегі кез келген мұнай-газ өндіруші компаниямен тең дәрежеде сөз жүргізе алады, десем артық айтқандығым емес», деді басқарма төрағасының орынбасары.
Ұлттық компанияның геология бойынша басқарушы директоры, бас геолог Құрманғазы Есқазиев конференцияның саладағы мамандарға берері көп екенін айтты. «Мұндай ірі шара біздің елде бірінші рет ұйымдастырылып отырғанымен, әлемдегі басқа дамыған мемлекеттерде жүйелі түрде өткізіліп тұрады. Өйткені, мұнай-газ өндіруші компаниялар бір-бірінен білмегенін үйреніп, тәжірибе алмасып отыруы тиіс. Жаңа технологияларымен бөлісіп, тың инновациялық жобаларды бірлесіп енгізгені жөн. Осы орында айтқымыз келіп отырғаны, еліміздің бүгінгі «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы әлемдегі мұнай-газ өндіруші кез келген компаниямен үзеңгі қағыстыра алады. Себебі, компания жанынан саланы тыңғылықты жетілдіріп отыруға серпін беріп тұратын ғылыми-зерттеу институты құрылды. Оның екі филиалы Атырау мен Ақтау қалаларында бір ауқым уақыттан бері жұмыс істеп тұр. Енді сол екі филиалмен қатар, бүкіл мұнай мен газды өндіруші және өңдеуші кәсіпорындардың бәрінің басын біріктіріп, бір орталықтан басқарып, бақыланатын институттың орталығы елордасы Астанаға орын тепті. Бұйыртса, оны алдағы желтоқсан айының бірінші жұлдызына дейін «ҚазМұнайГаз» АҚ-тың бас ғимаратына көшіріп аламыз. Дәл қазір институт орналасатын орын заманауи жабдықтармен қамтылып, дайындау жұмыстары аяқталып келеді. Енді, бұдан былай қайсы кен орынында қандай жұмыс қалай жүргізіліп жатқаны мен ондағы жағдайдың толық көрінісі аталған орталықтан бақыланып тұрады. Бұл қызметті атқаруға және кідіріссіз жүргізуге мамандарымыз жеткілікті», деді компанияның бас геологы.
Екі жетекші маманның айтқандарын тыңдай отырып, ел экономикасының локомотиві саналатын компанияда өндіріс пен ғылым арасындағы интеграцияның тиянақты жүргізіліп жатқанына иландық. Сондай-ақ, әлемде жасалған соңғы үлгідегі техника-технологияларды жетік меңгеру шарасы да тыңғылықты атқарылуда екен. Мәселен, осыдан дәл бір жыл бұрын 25-35 жас аралығындағы 23 инженер маманды мұнай-газ өндірудегі үздік әдіс-тәсілдерді үйретуге баули бастаған, бүгіндегі әлемдегі ілгергі лектегі компаниялардан 2 жыл бойына тәжірибе жинақтауға жібергелі отыр. «Қарапайым қазақ ортасынан қайнап шыққан бұл инженерлер екі жылдан кейін, жиған-терген ілімін алып келіп, білікті мамандарымыздың қатарын толықтырады», деді Құрманғазы Есқазиев.