16.03.2015
Жаңа сын-тегеурін және әлеуметтік тиімділік

Дегенмен, геосаяси тұрақсыздықтарға байланысты әлемдік нарықтағы мұнайға деген сұраныс пен ұсыныстың арасында сәйкессіздіктердің туындауы, соның салдарынан мұнай бағасына қатысты сыртқы жағымсыз жағдаяттардың қалыптасуы бұл жұмысқа айтарлықтай өзгеріс енгізгенін айта кету керек. Қазақстан мұнай экспорттаушы ел екендігі белгілі, яғни сыртқы экономикалық ахуалдардың күрделенуі еліміздің экономикасына, соның ішінде, «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобының жұмысына теріс әсер етеді. Әлемдік мұнай бағасының күрт құлдырауына байланысты ҚМГ 2015 жылға арналған даму жоспары мен бюджетін қайта қарастыруға мәжбүр болды. Капиталдық және операциялық шығындарды қысқартуға тура келгеніне қарамастан, біз әлеуметтік салаға жұмсалатын шығындарды сол күйінде сақтау туралы шешім қабылдадық. Қарапайым тілмен айтқанда, компанияның бюджетіне айтарлықтай салмақ түсетініне қарамастан, әлеуметтік тұрақтылықты басты назарда ұстай отырып өз жұмыскерлерімізге қолдау көрсетуді жөн санадық.
Компанияның жеткен жетістігі, соның ішінде, әлеуметтік тиімділіктегі қол жеткізген биігі екі бағытты жолды еске түсіреді. Жаңа талаптар туындаған кезеңде жұмыс берушіден жаңа сыйақыларды, әлеуметтік көмектерді, өндіріс жағдайларының жақсаруын тез арада талап етуге болмайды. Бұл орайда, экономикалық жағынан өзін-өзі ақтайтын шешімдер іздеген жөн. Экономикалық ресурстарға, өндірісте берік тәртіпке көңіл бөлу керек. Сонда ғана еліміз үшін стратегиялық маңызы бар мұнай-газ саласы қиындықтарға төтеп беріп, одан сайын нығая түседі.
Ең басты мәселе – еңбекақы
Материалдық игілікті адамдар – кадрлар, біздің қызметкерлеріміз, жұмыскерлеріміз жасайтыны белгілі. ҚМГ компаниялар тобында барлық бизнес бағыттар бойынша мамандықтары, білімдері, жас мөлшері, мұнай-газ саласындағы тәжірибелері әртүрлі 90 000-нан астам адам еңбек етеді. ҚМГ мұнай-газ холдингінің жетістіктер мен игіліктерге қол жеткізуі көп жағдайда осындай әртекті ұжымның әлеуметтік көңіл-күйімен, өндіріс пен тұрмыстағы жағдайларымен тығыз байланысты. Еңбек қатынастарында, оның үстіне дағдарыс кезеңінде алтын аралықты қалай тапқан жөн?
Бұл күрделі мәселе. Біз мұндай үлкен ұжымда әлеуметтік-тұрмыстық қатынастармен байланысты барлық мәселелер жүйелі негізде шешілуге тиіс деп санаймыз. Сол себепті, бірінші кезекте еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесін әзірледік. Себебі, бірдей көлемдегі жұмысқа әртүрлі ақы төленуі, еңбекақы деңгейін анықтаудағы бірыңғай стандарттардың болмауы жұмыскерлердің наразылығын тудыратын басты себептердің бірі болып табылады.
Осыны ескере отырып, арнайы жұмыс тобы еңбекақы төлеудің барлық мәселелері стандартталған еңбекті бағалаудың жаңа заманауи жүйесін әзірлеуді қолға алды. ЕТБЖ еңбекақы есептеуді барынша көкейге қонымды жасау әдістемесін, ал атқарылған жұмысқа барлық категориялар үшін әділ сыйақы беруге мүмкіндік туғызатын арнайы анықтамалық пен басқа да құжаттарды қамтиды. ЕТБЖ енгізудің арқасында қол жеткізілген нәтиже ретінде мына бір мысалды айта кеткен жөн. Мысалы, «Мұнай мен газ барлау және өндіру» бизнес бағытындағы кәсіпорындар бойынша жұмыскерлердің 98 пайызы үшін еңбекақы көлемі көтерілді. Сондай-ақ, жұмыскерлердің ешқайсысының ағымдағы еңбекақысы төмендетілген жоқ.
Бүгінде ЕТБЖ 40 мыңнан астам адамды қамтиды. Бұл жүйе «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Ақтаумұнайсервис» ЖШС компаниялар тобы және «ҚМГ Барлау Өндіру» АҚ компаниялар тобында жұмыс істейді. Қазіргі таңда ҚМГ жұмысының басқа бизнес бағыттарында, атап айтқанда, мұнай мен газ тасымалы, мұнай мен газ өңдеу, сервистік қызмет көрсету сынды бағыттарда ЕТБЖ енгізу жалғасуда. 2015 жылдың басынан 1 300 адамды «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС мен «Су өндіру және тасымалдау басқармасы» ЖШС (Жаңаөзен қаласы) жұмыскерлері үшін ЕТБЖ енгізу жұмыстары қолға алынды, ол 1 300 адамды қамтиды.
Еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесін енгізумен бір мезгілде ҚМГ-ның барлық кәсіпорындарында жұмысты нормалауды ұйымдастыру мәселелерін шешу қолға алынған. Ол дегеніміз, ұйымдастыру құрылымы, қызметкерлер саны, жұмыс уақытының режімі мен еңбек өнімділігі. Жұмыскерлерге әлеуметтік қолдау көрсету мәселелерінің бірыңғай әдістемесін жасау мақсатында өткен жылдың мамыр айында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ еншілес кәсіпорындары мен бағынышты ұйымдарының жұмыскерлеріне әлеуметтік көмек көрсетудің типтік ережелері жасалды, материалдық көмекті, әлеуметтік жәрдемақы мен өтемақыны, әлеуметтік кепілдендіруді қамтитын, сонымен қатар, ҚМГ компаниялар тобындағы барлық жұмыскерлерді кепілдік деңгейде бірыңғай әлеуметтік көмекпен қамтуға мүмкіндік беретін кепілді әлеуметтік пакет анықталды.
Әлеуметтік мәселелер салғырттықты көтермейді
Өндірістік аймақтарға жоспарлы жұмыс сапарымен бару ҚМГ-да дәстүрге айналған. ҚМГ басшылығы мен мамандары еңбек ұжымдарының және кәсіподақтардың өкілдерімен тұрақты негізде кездесіп, толғағы жеткен мәселелерді талқылайды. Талқыланатын басты мәселелер, негізінен, жұмыс пен тұрмыс жағдайларын жақсарту, қосымша жұмыс көлемімен қамтамасыз ету және тағы басқаларына қатысты. Көп жағдайда бұл талаптар әділ деуге болады, мұнайшының жұмысы климаты қатал өңірлерде ауыр жұмыстармен байланысты. Сол себепті, кәсіподақ пен жұмыскерлер көшбасшыларының барлық ескертпелері назарға алынып, мүмкін болған жағдайда тиісті басшыларға оларды шешу туралы нұсқаулар беріледі. Бұл орайда, құрғақ уәде бермеу де маңызды. Дағдарыс жақындап келе жатқан кезеңде адамдарға қаржылық және экономикалық мәселелер жайында, алдағы уақытта компанияда туындауы мүмкін қиындықтар туралы ашық айту керек. Бәрін бірден жақсартып жіберу мүмкін емес, әрине. Ол үшін жоспарлы, мақсатты түрде жұмыс істеу керек, ұжымның ұйымшылдығы мен төзімділігіне де көп нәрсе байланысты. Осы орайда, ҚМГ компаниялар тобында атқарып жатқан жұмыстар жайлы айта кетуіміз керек. Мәселен, ҚМГ жұмыс істейтін аймақтарда заманауи әкімшілік-тұрмыстық ғимараттар, шаруашылық-тұрмыстық кешендер, модульді операторлық, медициналық нысандар, асханалар салынуда, арнайы техникалар мен құрылғылар жаңартылуда. Спортпен шұғылдануға және мәдениетті демалуға жағдай жасалуда. Жұмыскерлерге қауіпсіз еңбек ету әдістемелері үйретіліп, санитарлық-гигиеналық ахуалдарды арттыру шаралары жүзеге асырылуда, жұмыстың өнімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жаңа технологиялар енгізіліп жатыр. Осыған байланысты біздің еншілес кәсіпорындарымыздың жұмысынан бірнеше мысалды тілге тиек етейік. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ, «Өзенмұнайгаз» АҚ жұмыскерлеріне арналған 100 орындық жаңа жатақхана мен 50-ден астам шаруашылық-тұрмыстық кешен пайдалануға берілді. Бұрғылау жұмыстары басқармасында жаңадан 700 орындық шаруашылық-тұрмыстық кешен іске қосылды. «Қаражанбас» және «Қаламқас» кен орындарында жалпы құны 3,6 миллиард теңгеге вахталық кенттер салынды. Бірнеше жыл ішінде мектеп, балабақша, шынықтыру және сауықтыру орталықтарын, мәдениет үйлері мен басқа да нысандарды салуға 45 миллиард теңге инвестицияланды. Жаңаөзен қаласында емханасы мен стационары бар медициналық нысанның құрылысы қолға алынды, 200 пәтерлі тұрғын үй құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
«ҚазТрансОйл» АҚ-қа өндірістік жұмыстар жүргізілетін орындарда әлеуметтік мақсаттағы нысандардың бой көтеруі үшін 2 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржы Атырау облысы Құлсары қаласындағы 300 орындық орта мектептің құрылысына, Павлодар қаласындағы 320 орындық балабақшаның, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданы Шолаққорған ауылындағы 280 орындық балабақшаның құрылысына жұмсалды. Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында, Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында және Атырау облысының Құрманғазы ауданында балалар мен ересектерге арналған үш әмбебап спорт алаңдары салынады.
«ҚазТрансГаз» АҚ «Амангелді» газ кенішінің аумағында өз қызметкерлері мен мердігер компаниялардың жұмыскерлеріне арналған жайлы вахталық кент салды, медициналық және тасымалдау қызметі жолға қойылды. Тараз қаласында тұрғын үй салынды, сондай-ақ, хауызы, шағын футболға, волейбол, баскетбол ойнауға арналған алаңдары бар мәдени-спорттық кешен пайдалануға берілді. Ішінде асханасы, медициналық пункті, кір жуатын орны мен қоймасы бар тұрғын үй салынды. Атырау, Ақтөбе, Орал қалаларында «Интергаз Орталық Азия» АҚ жұмыскерлеріне арналған тұрғын үйлер салынды. Ал компанияның вахтамен жұмыс істейтін жұмыскерлері үшін Тайман кентінде жайлы жатақхана ашылды.
Проблемалы мәселелер еңбек дауларына, шиеленістерге ұласпауы керек екендігіне сенімдіміз, олардың алдын алатын нақты жүйелі жұмыстары жолға қойылуға тиіс. Кейбір мәселелерді басшылармен және кәсіподақтармен дер кезінде тізе қосып талқылау арқылы әлеуметтік наразылықтарды болдырмаған жөн. Жұмыскерлерге басшылық алдында әлеуметтік-еңбек қатынастарына байланысты мәселелерін айтуға және оған нақты жауап алуға мүмкіндік жасалуға тиіс.
Осының барлығын түсіне отырып, біз өткен жылы ҚМГ кәсіпорындары үшін Ішкі қатынастардың бірыңғай жүйесін қабылдадық. Бұл құжатта басшылықтың еңбек ұжымдарымен жоспарлы және жоспардан тыс кездесулер өткізуі, әлеуметтік, тұрмыстық және өндірістік мәселелерді талқылау қарастырылған. Басшылардың ұжымдармен есептік кездесу тәжірибесі 2014 жылы басталған болатын, бұл шара барлық компания топтарында тұрақты негізде жылына бірнеше мәрте өткізіледі. Сонымен қатар, бірінші басшылардың блогтары, корпоративтік сайттар, сенім телефондары, ақпараттық стенділер жұмыс істейді. Осылайша, жұмыскерлер басшылармен кері байланысқа шығуға, сол арқылы өздерінің мәселелерін айтуға, сондай-ақ компания жұмысының тиімділігін арттыруға, технологиялық процестерін жақсартуға ықпал ететін ұсыныстарын жеткізуге мүмкіндік алды. Кері байланыс жүйесі жұмыскерлер мен басшылардың тиісті ақпараттармен дер уақытында хабардар болуын қамтамасыз етеді.
Компанияның дамуы үшін жауапкершілік екі тарапқа – жұмыс беруші болып табылатын ҚМГ басшылығына және кәсіподақтар мен еңбек ұжымдарының көшбасшыларын бетке ұстайтын жұмыскерлер қауымына жүктелуге тиіс екендігіне нық сенімдіміз. Шиеленістер мен даулы мәселелерді өзара мәмілемен шешуге мүмкіндік беретін дағдыларды арнайы үйрету қажет. Осы мақсатта бизнес-тренерлерді шақыра отырып, семинарлар өткізілді. Өркениетті түрде диалог орнатуға, еңбек дауларын шиеленіссіз шешуге, даулы жағдай туындаған кезде үшінші тарап – мәмілегерді (медиатор) қатыстыруға үйрететін осы тектес шаралар өндіріс аймақтарында кәсіподақтар мен еңбек ұжымдары үшін ұйымдастырылды.
Болашақ – жастардың қолында
ҚМГ компаниялар тобында жасы 29-ға дейінгі 17 мың жас жұмыскер еңбек етеді. Барлығы 90 мың адам жұмыс істейтін ұжымның айтарлықтай бөлігін солар құрайды. Бұл дегеніміз – үлкен ресурс, болашағы зор жұмыскерлердің, инженерлік-техникалық кадрлардың, жаңа идеялардың, зор ғылыми және өнертапқыштық әлеуеті. Өткен жылы жастар ісі жөніндегі кеңес құрылып, оның құрамына «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-тың 25 еншілес кәсіпорнының және бағынышты ұйымдарының өкілдері енгені жастар саясатын дамыту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болды. ҚМГ менеджменті еліміздегі ең ірі жастар ұйымына үлкен үмітпен қарап отыр. Соның ішінде, әлеуметтік диалог пен еңбек қатынастарына қатысты мәселелерді ілгерілетуде оларға көп жауапкершілік жүктеледі. Жастар ісі кеңесі кәсіби деңгей мен білімді арттыруға, маманданған қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатуға ықпал етуге тиіс. Қазіргі таңда ҚМГ өндіріс жұмыстарын барынша жетілдіруді жүзеге асырып жатқанын, жұмыскерлердің қосымша машықтар мен білімді игеру қажеттілігі туындағанын ескерсек, жастар ісі кеңесінің маңызы арта түседі. Жаңа жобаның айрықша атап өтер тағы бір қыры, компанияның ұзақ жылдар бойы жастар саясаты саласындағы жинаған тәжірибесі үлкен «тәжірибе банкіне» жинақталып отыр.
Қазіргі таңда жастар кеңестері «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС, «Павлодар мұнайхимия зауыты» ЖШС, «Қаражанбасмұнай» АҚ, «ҚазГерМұнай» ЖШС, «ТұлпарМұнайСервис» ЖШС және ҚМГ-ның 20 еншілес компаниясында өз жұмыстарын жүргізуде.
Жаңа ұйым «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының еңбек ұжымдарында әлеуметтік жаңғырту процесін жүзеге асыруға ықпал етіп, болашағын мұнай саласымен байланыстыратын жастарға іс жүзінде қолдау көрсетіп, өз ұжымдарының болашағы үшін жауапкершілікті аға буынмен қатар алып жүруге тиіс. Өткен жылы жастар кеңестері мұрындық болған маңызды шаралар ретінде Ақтау қаласында ҚМГ еншілес кәсіпорындарының 150 жас маманының қатысуымен өткен ҚМГ компаниялар тобы жас жұмыскерлерінің слетін, сондай-ақ, Ақмола облысы, Зеренді кентінде өткен қысқы слетті атап өтуге болады.
Қорытындылай келе, көпсалалы ірі мұнай-газ холдингіндегі әлеуметтік мәселелерді шешу ірілі-ұсақты деп бөліп-жаруға жатпайтын, әсіресе, қазіргі мұнай бағасы түскен күрделі кезеңде ерекше көңіл аударуды қажет ететін жұмыс екендігін атап өткім келеді. Бүгінгі таңда біздің алдымызда бірінші кезекте өндіріс көлемін сақтау, сонымен қатар, компанияның басты материалдық емес активі – еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік тұрақтылықты сақтау міндеті тұр Сауат МЫҢБАЕВ, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы.
Ақпарат көзі: http://egemen.kz/2015/03/14/52889