Жарияланымдар

04.07.2019

«ҚазМұнайГаз» үшін шығынсыздықтың бастауы қайда?

Мұнай нарқы 2019 жылдың басынан бері 60 пен 70 доллар аралығында таразыланып тұр. Қаңтарда 61 доллардан басталған баға сәуірде 72-74 долларға дейін көтеріліп, осы айда жыл басындағы деңгейіне қайта оралды. «Қара алтын» құны құлдыраса да, «ҚазМұнайГаз» бірінші тоқсанда өз позицияларын сақтап, жақсы нәтиже көрсете білді. Компанияның Басқармасытөрағасының орынбасары – қаржы директоры Дәурен Қарабаев елдің басты мұнай-газ компаниясының қаржылық көрсеткіштері, қарыздары, IPO және бейіндік емес активтері жайында әңгімелеп береді.
 

Дәурен Сапарәліұлы, «ҚазМұнайГаз» мұнай бағасының секіруіне әзір ме?

Әрине, мұнай бағасы іс-әрекетіміз бен қаржылық тұрақтылығымызға айтарлықтай ықпал етеді. ҚМГ-ның ашық есептеріне зер салсақ, компанияның кірісі (операциялық кіріс, таза кіріс және т.б) мен мұнай бағасының өзара астасу тарихын көреміз. Тәуелділік жоғары. Бұл жағдай белгілі бір дәрежеде мұнай бағасы түсіп жатқан шақта күрт қысқартуға келмейтін «сығылмайтын» әлеуметтік шығындар үлесіміздің  өзге мұнай-газ компанияларымен салыстырғанда көбірек болуымен байланысты.

Алайда, дұрыс айттыңыз, компания түрлі сценарийлерге әзірленіп жатыр. ҚМГ стратегиясы мұнай бағасы шамамен 70-75 долларға жеткенде немесе одан да төмендеп, 45 долларға дейін түскенде де, яғни, біршама пессимистік сцернарийлер кезінде де дамудың мүмкін варианттарын қарастырады. 2019 жылғы операциялық және капиталдық шығындар жоспарымыз Brent құны тіпті 55 долларға дейін арзандаған күннің өзінде тұтастай алғанда шығынға батырмайтындай етіп жасақталған. Ескеретін тағы бір жайт, капиталдық шығындар қысқартылды, белсенді инвестициялау кезеңі аяқталды, ал Қашаған өз күшімен өндіріске кірісіп отыр.

 Бұған қоса, ҚМГ сыртқы қарыздарын қайтару кестесін ретке келтіріп, әр жылға бөлінген берешек салмағын біршама теңдестірді. Бүгінде өтеу кестесі активтерімізден, соның ішінде,  тапқан табысының барлығын іс жүзінде Болашақ кеңейту жобасына/Сағалық қысымды ұстап тұру жобасына  қайта инвестициялап жатқан ТШО-дан және жағымды ақша тасқынын қалыптастыра бастаған Қашағаннан келетін түсімдерге жақсырақ сәйкес келеді

Сыртқы міндеттемелеріміздің көбінде орындалуы мұнай бағасына тәуелді, яғни, біздің бақылауымызға көнбейтін ковенанттардан арылдық. Есіңізде болса, сол үшін «ҚазМұнайГаз» 2015 жылы сыртқы міндеттемелердегі конвенанттардың мәнін бұзбау мақсатында 4 млрд доллардан астам қарызын шұғыл өтеуге мәжбүр болып, еурооблигация ұстаушыларға айтарлықтай комиссия төледі.

Сонымен қатар, бізде мұнай бағасына, атап айтқанда, мұнай мен газды тасымалдауға, қайта өңдеуге байланысты емес кіріс үлесіміз өсіп, мұнай бағасына тәуелділігімізді азайтатын мүмкіндік туып отыр.

Осылайша, біз мұнай нарқының күрт арзандауынан сабақ алдық. Және де жағымсыз сценарийлерге бұрынғыға қарағанда дайынырақпыз деп ойлаймын.
 

Бәлкім, бірінші тоқсан қорытындысының өткен жылмен салыстырғанда жаман емес динамика көрсетуі осыдан болар?

Иә, бізде өндірістік те, қаржылық та көрсеткіштер бойынша өсім бар.

Мұнай өндірісін өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 77 мың тоннаға арттырдық. Ал, табиғи және ілеспе газ өндірісі 4,7 пайызға өсті. Сонымен қатар, бізде мұнайды магистральдық құбырмен де, теңізбен де тасымалдау динамика жақсы. Былтырғы жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда мұнда өсім 6,7 пайызды құрады, ал жоспарлық көрсеткіштерді келтіретін болсақ, асыра орындау деңгейі 13,9 пайызға жетіп отыр. Газ тасымалдау транзитке байланысты  3,6 пайызға төмендесе, жекелеп алғанда, Қытайға экспорт көлемі, 15,2 пайызға артқан.    

Қаржылық нәтижелерге келсек, бірінші тоқсанда түсім 20,5 пайызға артып. 1,765 трлн. теңгеге жетті. Оның ұлғаюы негізінен KMG International-дің мұнай сату көлемінің ұлғаюына және экспортқа шығарылған газ мөлшерінің көбеюіне байланысты болып отыр.

Таза кіріс 2018 жылдың 1-ші тоқсанымен салыстырғанда 51,4 пайызға артып, 309 млрд теңгеге дейін өсті. Мұнда пайданың айтарлықтай бөлігі шикі мұнай сатудан түсті. Өзге себептерге тоқталсақ, кірістің молаюына мұнай өңдеу зауыттарының модернизациялануына байланысты өз мұнай өнімдеріміздің бұрынғыдан көбірек сатылуы, ҚХР-ға экспортталған газ көлемінің артуы, экспорт бағасының қымбаттауы, мұнай өңдеу зауыттары жаңартылғандықтан, қайта өңдеуден түскен кірістің көбеюі де түрткі болды. Бұның бәріне Қазақстанда жанармай құю станциялары желісіне иелік еткен «KMG-Retail» ЖШС-ін сатудан түскен табысты қосыңыз.
 

Айтпақшы, бұл - соңғы жылдары ҚМГ активтерін сату жолында жасалған ең ірі келісімдердің бірі емес пе?

Нақтырақ айтсақ, бұл – жекешелендіру аясындағы ең ірі пәтуа. «КМГ-Retail» ЖШС 60,5 млрд теңгеге, яғни, инвестицияның баланстық құнына шамамен сәйкес келетін бағаға сатылды. Тарихи тұрғыдан алғанда, ҚМГ жанармай құю станциялары желісін салуға және дамытуға 64 миллиард теңгеге жуық қаржы салған. Алайда, осы секторға жекеменшік инвестиция көбейгендіктен, бұндай нарыққа ҚМГ-ның, яғни, мемлекеттің қатысуына қажеттілік болмай қалды. Бұл нарықта кейінгі жылдары бәсеке күшейгендіктен, бизнес шығынға ұшырап, жиналған қордаланған зиян мөлшері 4 миллиард теңгеге жуықтады. Жалпы алғанда ЖҚС желілерін сату негізсіз емес, себебі олар ҚМГ-ның стратегиялық маңызды активтерін қатарынан шығып қалды. Және де оның компания жиынтық активтерінің құрамындағы үлесі небары 0,5 пайыз еді. Сонымен қата, бұл жағдай мемлекеттің жеке капиталды жеткілікті деңгейде тартқан қызмет түрлерінен кету жоспарымен үндесіп отыр деуге болады. Сатып алу-сату келісімінің шарттарына сәйкес, «ҚазМұнайГаз» бренді ЖҚС желілерінде 2019 жылдың соңына дейін қалады.

Егер жекешелендіру туралы жалпы айтатын болсақ, соңғы 4 жылда біз 31 заңдық тұлғаны 120 млрд теңгеге жуық сомаға сатқан екенбіз, сонымен қатар, 9 заңдық тұлғаны жойып, алтауын қайта құрылымдадық. «КМГ-Retail» ЖШС-нен бөлек айрықша ірі активтерге келсек, олардың ішінде «Еуро-Азия Эйр» авиакомпаниясы» акционерлік қоғамын, Қазақстан-Британ техникалық университетін «ҚазТрансГаз-Тбилиси»,«ҚМГ-Сервис-Грузия» компанияларын ерекше атап өтуге болады.

Сөз орайы келгенде айта кететін тағы бір жайт, 2017 жылы сатылған активтерден түскен 3,8 млрд теңге әрі қарай Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына жіберу үшін «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамына аударылып қойды.

Өкініштісі сол, бізде проблемалы профильдік емес активтер де бар. Мысалы, жеделдетілген индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша Үкімет «ҚазМұнайГаз» компаниясына «Шортанды-Бурабай» курорттық аймағында гольфклуб салуды тапсырды. Құрылысы аяқталған соң біз ол клубты мемлекет меншігіне өтеусіз беруге тиіс едік. Алайда, бұл нысанды ұстап тұруға мол шығын кетеді, сондықтан, Үкімет гольф-клубты өткізуді тапсырды. Өздеріңіз білесіздер, былтырдан бері «ҚазМұнайГаз» бірнеше рет сауда ұйымдастырды.

Активтер құрылымын оңтайландыру жұмыстарын жалғастырып жатырмыз. 2025 жылға дейін «ҚазМұнайГаз» 65 активтен шығып, 27 профильдік емес нысанды сатуды жоспарлап отыр.
 

Ұлттық компанияның сыртқы қарызы едәуір. Оны азайту үшін қандай шаралар қолға алынып отыр?

«ҚазМұнайГаз» инвестицияларды жүзеге асыруға белсенді түрде қор тартты. Біздің өзге ұлттық компаниялардан ерекшелігіміз осында шығар. Мәселен, Қашағанға, KMG International-ге, мұнай-газ құбырларын салуға, мұнай өңдеу зауыттарын модернизациялауға инвестиция заемдық қорлар есебінен тартылды. Бұдан бөлек, кассалық үзіліс кезеңінде, әсіресе мұнай бағасы құлдыраған шақта, заемдық қаражат ағымдағы қызметті қаржыландыруға да тартылды.

Сәйкесінше, ҚМГ-ның ұзақмерзімдік қарызы мен ұлттық компанияның тікелей борышы ұлғайды. Бірақ, 2017-2018 жылдардан бастап біз ұзақмерзімдік стратегиямыз бен бизнес-жопарымызды ағымдағы қызмет пен капиталдық салымдарға кететін ақшалай шығындарымызды тапқан қорымыздың шегінде ғана жүзеге асыратындай етіп құра білдік.  Осыған байланысты, ҚМГ-ның қарызы әрі қарай өспейді деп ойлаймыз, және де сол қарызды кесте бойынша, бәлкім, мерзімін бұрын да өтейтін боламыз.

Бұл теңдестірілген бизнес-жоспардың қабылдануы қаржылық тұрақтылықтан көрініс беріп отыр. Мысалы, 2018 жылдың қорытындысы бойынша «ҚазМұнайГаз» компарниясы «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының әдістемесіне сәйкес, қаржылық тұрақтылықтың жасыл аймағына шықты, ал Standard&Poor’s және Fitch рейтингтік агенттіктері соңғы бірнеше жылда алғаш рет сәйкесінше 2018 жылдың қарашасында және 2019 жылдың наурызында индивидуалдық қаржылық рейтингімізді көтерді.

Топ ішіндегі ақшаны басқаруды оңтайландыру есебінен «ҚазМұнайГаз» 2018 жылы 1,6 млрд. доллардың еурооблигацияларының құнын өтеді. Бұл – Қазақстаннан шығарылған ең үлкен еурооблигациялар санатынан еді. Сонымен қатар, «Сбербанкке» 400 млн доллардың заемын қайтардық.

Бұған дейін айтып өткенімдей, біз өз еурооблигацияларымыздың шарттарын мұнай бағасы түскенде автоматты түрде бұзылмайтындай етіп өзгерттік.

Осындай жұмыстардың арқасында бүгінде компанияның қаржылық жағдайы тұрақталды, қарызды әрі қарай өсіру жоспарланып отырған жоқ, себебі, мұнай өңдеу зауыттарын модернизациялауға, газ тасымалдау қуатын күшейтуге және Қашағанға қатысты негізгі инвестициялық жобалар аяқталғаны белгілі. Біздің болжамымызша, алдағы 5-10 жыл  біз үшін органикалық және сапалық өсім кезеңі болады, яғни, бүгін айналысып жүрген ісімізді одан сайын жақсартып, оңтайландырамыз. Бұл жағдай мемлекеттің экономикадағы ұлттық компаниялар үлесін ұлғайтпау жоспарымен де сәйкес келеді. ҚМГ белсенді инвестор болып қалатын бағыттардың бірі – геологиялық барлау (әсіресе капиталды көп қажет ететін және тәуекелі жоғары Каспий қайраңында). Осы орайда біз халықаралық мұнайгаз компанияларымен белсенді түрде ынтымақтастық орнаттық.
 

Мұнай бағасы түскенде, «ҚазМұнайГаз» мұнай жеткізу бойынша ұзақмерзімдік келісімшарттар аясында алдын-ала төлемдер тартты. Қазір компания ТШО мұнайын аванстау бойынша міндеттемелерін мерзімінен бұрын орындау мүмкіндігін қарастырып жатыр ма?

Шындығында да, біз 2016-2017 жылдары ликвидтік тапшылықты жабу үшін халықаралық трейдерлерден акционер ретінде ТШО-дан ұзақмерзімдік мұнай сатып алуға қарсылық ретінде 3 млрд доллар көлемінде қосымша аванс алдық. Алғашында, 2021 жылдың сәуіріне дейін есеп айырысуды жоспарлаған едік. Алайда, мұнай бағасы көтерілгендіктен, ол мақсатымызға ертерек жетеміз деп ойлаймын. Мысалы, 2019 жылдың басында сол аванстан 2,2 млрд доллар қалса, қазір  1,3 млрд доллар қалып отыр. 
 

Белсенді инвестициялаудың белсенді фазасы тәмамдалғаннан кейін компания шығындары қаншалықты қысқарды?

Өткен жылдары жыл сайынғы капитал салу көлемі 4 млрд долларға жетті. Стратегиямыз бен бизнес-жоспарымызда қарастырылғандай, бүгінде капиталдық шығындар мөлшері 1 – 1,5 млрд шамасында болады деп ойлаймыз. Бұған инвестиция да кіреді.
 

2018 жылдың соңында «ҚазМұнайГаз» мейлінше қомақты сомада төленген салықтар туралы есеп берді емес пе?

Былтыр бірлескен кәсіпорындардың үлесін қоса алғанда салықтар мен өзге де міндеттемелер бойынша 1,539 трлн. теңге төлеппіз. Бұл - 2017 жылдың көрсеткішінен 35 пайызға жоғары. Осы соманың 840 миллиарды ҚР Ұлттық қорына, 562 миллиарды республикалық бюджетке және 137 миллиарды жергілікті бюджетке жіберілді.

Бюджетке төлеуден бөлек, компанияның бірқатар әлеуметтік міндеттемелері де бар. Мәселен, біз жыл сайын демеушілікке, қайырымдылық қорларына және түрлі әлеуметтік бағдарламаларға қаржы бөліп отырамыз. Одан бөлек, астанадағы 5000-орындық Жекпе-жек сарайының құрылысын қаржыландырдық. Сонымен қатар, Бірінші Президенттің тапсырмасы бойынша 21 млрд теңгеге жуық қаражат Түркістанда 7000-орындық стадион мен конгресс-холл салуға бағытталып отыр.
  

Әрине, біз «ҚазМұнайГаз» IPO тақырыбын айналып өте алмадық. ҚМГ-ның листингі жайлы әңгіме көп, бірақ, компанияның өзі үнсіз. Бұған не себеп?

Өзіңіз білесіз, «ҚазМұнайГаз» - Қазақстан Үкіметінің мемлекеттік активтерді жекешелендіру бағдарламасының бір бөлігі. Қазір компания акционерлері мен басшылары осы мақсатты жүзеге асыру жолдарын қарастырып жатыр. Әзірге оның процесі мен мерзімі жайлы қандайда бір қосымша ақпарат жоқ. Бүгінде «ҚазМұнайГаз» өсім стратегиясын жүзеге асыруды, компания қызметіне үздік халықаралық тәжірибелерді енгізуді және қаржылық тұрақтылықты әрі қарай нығайтуды көздеп отыр.
  

Қалай ойлайсыз, компания инвесторлар үшін қаншалықты қызықты?

Меніңше, нарыққа ҚМГ туралы көп ақпарат мәлім. Бұл компанияның өзі мен топ активтері туралы ақпараттарды белгілі бір көлемде жариялап тұруымен және де оның бірқатар халықаралық биржалардың листингтік талаптарына сай келуімен байланысты. Инвесторлар қазірдің өзінде компанияның қаржылық тартымдылығын бағалай алады.

Көпшілікке мәлім жайттардың ішінде IPO-ға дайындық аясында соңғы екі жылда қолымыз жеткен нақты жетістіктерді атап өтуге болады. Жоғарыда айтып өткенімдей, компания бірнеше ірі капиталдық жобаларды аяқтады, қалыптасқан еркін ақша тасқыны профильін жақсартуды жалғастырды, өзінің жалпы қаржылық тұрақтылығын нығайта түсті. Өткен жылы қарашада S&P компаниямыздың рейтингін ерікті түрде көтерді, соның нәтижесінде ҚМГ-ның несиелік рейтингі «ВВ-» дәрежесінен «ВВ-ға» дейін жоғарылады. Биыл наурызда Fitch та компания рейтингін өз еркімен «В-дан»  «ВВ-ға» дейін көтерді.

Бұл рейтингтердің өсуіне мұнай бағасы қымбаттаған шақта және өтемпаздық пен қарызды басқару деңгейі көтерілген тұста қаржылық көрсеткіштердің жақсаруы, зауыттарды модернизациялау нәтижесінде қайта өңдеу көрсеткіштерінің жақсаруы  және Қытайға газ экпорттала бастауы игі әсер етті.

Маусымның 6-да  Moody’s ҚМГ-ның несиелік рейтингі Ваа3 деңгейінде екенін растап, оған қатысты «Тұрақты» деген болжамын жариялады. Бұл көрсеткіш - Қазақстанның суверендік рейтингімен деңгейлес. Жоғары рейтинг ұзақмерзімдік заемдар мен қаржыландыру құнының қолжетімділігін қамтамасыз етіп, компанияның имиджін жағымды етеді. Инвесторлар үшін бұл - компанияның табыстылығын анықтаудағы басты критерийлердің бірі. Біз өзіміздің қаржылық жағдайымызды әрі қарай да жақсартуға ниеттіміз.

Бұдан бөлек, «ҚазМұнайГаз БӨ» АҚ-ы еншілес кәсіпорны еркін айналымдағы өзінің қарапайым және артықшылықты акцияларын сатып алып, ҚМГ тобына толық бірікті. 

«ҚазМұнайГаз» - Қазақстан экономикасының флагманы және еліміздегі ең үлкен ұлттық компаниясы. Және де біз – аймақтағы аса ірі вертикалды-интеграцияланған мұнай-газ компанияларының біріміз. Сонымен қатар, біздің өндірістік және қаржылық көрсеткіштеріміз өте мықты.
 

Сұқбатыңызға рахмет!