Жарияланымдар

01.11.2019

Жақып Марабаев: Мұнай өндірісін жеделдету – ҚМГ-ның негізгі өндірістік міндеті

Қазақстанда кемелденген және күрделі игерілетін кеніштердегі жер қойнауын пайдаланушылар үшін бірқатар салықтық жеңілдіктер жасалып жатыр. Осыған қатысты тиісті шараларды қазірдің өзінде ҚР энергетика министрлігі қолға алып отыр. Салықтық жеңілдіктердің көмегі қандай және кемелденген кеніштердегі өндірісті қалай қолдап отыруға болады? Бұл жөнінде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының өндіріс бойынша орынбасары Жақып Марабаев әңгімелеп береді.

Жақып Нәсіпқалиұлы, ұлттық компания үшін кемелденген кеніштер тақырыбы әрдайым өзекті болып қалып отыр…

- Иә, кемеліне жеткен кеніштер мәселесі күн тәртібінде өткір тұр. Оны мемлекеттік органдармен ішінара пысықтадық. Мысалы, үкіметтің қаулысына сәйкес, «Өзенмұнайгаз» АҚ-ы үшін Өзен кенішінің жекелеген бөліктері бойынша алдағы үш жылда пайдалы қазбаларды игеруге салық 2,6 пайыз көлемінде белгіленді. Алдын-ала есеп бойынша, жеңілдетілген ставкалар «Өзенмұнайгазға» жылына 17 млрд теңгеге жуық қаражат үнемдеуге мүмкіндік береді. Осы қордың 50 пайызы Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталып отыр. Бұл - жылына қаланы дамытуға бөлінетін инвестициядан бөлек қаржы. Қалған 50 пайызы «Өзенмұнайгаздың»  өз өндірістік процестерін инвестициялауға тікелей бағытталып, мұнай өндірісін қолдау жұмыстарына, халықты жұмыспен қамтуға және тағы басқа шаруаларға, жалпы, аймаққа көпжақты игі әсер етеді. Бірақ, біз қазір ПҚӨС-тің жеңілдетілген салықтық мөлшерлемесін әрекет ету мерзімін шектемей белгілеу мәселесін қарастырып жатырмыз.

Әрине, ұлттық компания кемелденген кеніштердегі өндіріс деңгейін сақтау және тиімділікті көтеру мақсатында бірқатар шаралар қабылдап жатыр, солардың ішінде түрлі геологиялық-техникалық шаралар да бар. Мәселен, Өзен кеніші бойынша бізде 5-жылдық жеке жоспар жасалды. Сонымен қатар, өндірістің проблемалық мәселелері бойынша ENI, Total, Татнефть ААҚ тәрізді шетелдік мұнайгаз компанияларымен ынтымақтастықты белсенді түрде дамытып жатырмыз. Серіктестеріміз өздерінің цифрлық технологияларымен бөлісуге және қазақстандық мамандарды компания алдында тұрған стратегиялық, операциялық міндеттерді өз бетінше орындауға үйретуге әзір.

Егер кемелденген кеніштер проблемасы осынша өткір тұрса, бұл - компанияның мұнай өндірісі бірте-бірте қысқарады деген сөз бе?

- Алдымызда қазір мұнай өндірісін қарқындату міндеті тұр. Жоғарыда айтып өткенімдей, біз бірқатар шаралар қабылдап жатырмыз, ал өндіріс жоспарға сай жүріп жатыр.

Мысалы, өткен 9 айда компания мұнай мен газ конденсаты өндірісін межеленген жоспардан 331 мың тоннаға артық орындады.

Операциялық емес активтерге келсек, үш ірі жобада – Теңіз, Қашаған және Қарашығанақта биыл жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, олар мерзімінен бұрын аяқталды. Бұл ең алдымен барлық жобалардың акционерлері мен жетекшілік етуші мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысын, жоғары дайындықты, қазақстандық және шетелдік қызметкерлердің құзыреттілігін, техникалық қамтамасыз ету мен жөндеу жұмыстарын тиімді жоспарлауды білдіреді. Жалпы, алдымызға мемлекет қойған міндеттердің барлығын орындап жатырмыз деп айта аламын.

Мұнай өндірісін бұрынғы деңгейде сақтап тұрудан бөлек, компания елеулі әлеуметтік міндеттемелерді орындауды жалғастырып жатыр ма?

- Йә. Жаңаөзен қаласын мысалға алатын болсақ, «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобы қала тұрғындары мен жалпы аймақ тұрғындарын жұмыспен қамту бойынша өз мойнына бірқатар әлеуметтік міндеттемелер алды. Біз жергілікті атқарушы билік органдарына халықтың тым көп шоғырлану проблемасын шешуге көмектесеміз, жергілікті тауар өндірушілердің тауарларын сатып алу бойынша белгілі бір міндеттемелеріміз бар, және де ауруханалар, мектептер, спорттық алаңдар тәрізді әлеуметтік нысандар құрылысына қаржы бөлеміз.

Мұндай жұмыстарды Жаңаөзен қаласында ғана жүргізіп қана қоймай, өзіміз барған әрбір аймақтың тыныс-тіршілігіне етене араласып келеміз.

Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, мысалы, мұнайсервис компанияларындағы әлеуметтік жағдай әлі де шиеленіскен күйінде қалып отыр. Айтпағым, жыл басынан бері жұмысшылар бірнеше рет ереуілге шықты.

- Мен бұл саладағы жағдайды шиеленісіп тұр деп айта алмас едім. Дегенмен, мұнайсервис блогында белгілі бір проблемалар баршылық, олардың себебі көп. Жыл өткен сайын бұл салада бұрғылау және өзге де жұмыстар азайып бара жатқандықтан, мұнай өндірісі төмендеп, мұнайсервис компанияларына тапсырыс портфельдері қысқарып отыр. Сонымен қатар, персонал санының тым көптігі мен осы компанияларға тән емес қызмет түрлері мен өзге де жайттарды да атап өтуге болады.

Бірнеше жыл бойы «ҚазМұнайГаз» мұнайсервистің проблемаларын кезең-кезеңімен шешті. Бір жағынан «ҚазМұнайГаз» алдында стратегиялық міндеттерді орындау мақсаты тұр, екіншіден, жоғарыда айтып өткеніміздей, әлеуметтік міндеттемелер бар, сондықтан, бұл жерде таразының екі басын тең ұстау қажет болды.

Соңғы жылдары сервистік компанияларға елеулі қаржылық көмек көрсеттік, персоналдың қайта оқып, компанияның өзге бөлімшелеріне ауысуына немесе жұмыстан шығатын жағдайда лайықты өтемақы алуға мүмкіндік беретін бірнеше бағдарлама енгізілді, бөгде компаниялар үшін қосымша жұмыс көлемі алынды, ұйымдарды энергиямен қамтамасыз ету, транспорттық GPS-мониторингті техникалық қамтамасыз ету тәрізді өзге де пайдалы қызмет түрлері меңгерілді. 

Соның нәтижесінде бүгінде 12 сервистік компанияның 8-і шығынсыз деңгейге көтеріліп отыр. Бұның бәрі өткен жылдармен салыстырғанда мұнайсервис блогы қызметінің әжептәуір жақсарғанын көрсетеді. Биыл дәл осы компанияларда ереуілдер болды. Олар біздің еншілес компанияларымыз болмаса да, қызметіміздің периметріне кіреді, сондықтан біз оларды түсініп, қызметтері үшін жауапкершілік аламыз. Осыған байланысты, біз бұл компаниялардағы әлеуметтік жауапкершілікті қадағалап отырмыз. Бұған қоса, бұл кәсіпорындардың жетекшілеріне бірқатар қатаң талаптар қоямыз, солардың ішінде қызметкерлер нарықта бәсекеге қабілетті болуы үшін оларды оқытып, біліктілігін көтеру, еңбек пен қауіпсіздік техникасын сақтау талаптары бар. Өйткені, тап осындай компаниялардың өнідірісінде қайғылы оқиғалар жиі болады. Яғни, біз ешкімді еншілес және мердігер компания деп бөлмейміз. Компанияда белгілі бір нормалар қабылданған, демек, оларды бәрі орындауы керек.  

Осы көктемде Қаламқас кенішінде үлкен дау шықты, ондағы жұмысты да мердігер сервистік компания жүргізді ме?

- Әлбетте. Бұрғылау мен кенішті пайдалану барысында енді қиындықтарға жол бермеу үшін шара қолдандық. Әрине, кәсіпорынға тіпті лицензиясынан айыруға дейін қатаң санкция қолданылуы тиіс еді. Және де біз бұл компаниямен келісімді қатынастарымызды тоқтата алар едік. Бірақ, біріншіден, оны лицензиясынан айырсақ, 1000-ға жуық адам жұмыссыз қалар еді. Екіншіден, мұнай өндірісі бойынша жоспар орындалмай қалса, оның зардабы аймақ экономикасына тиер еді.

Апатқа тоқталсақ. Бұл  биыл компания басына түскен жалғыз жағымсыз оқиға емес. Жақсы жаңалықтар бар ма?

- Біржақты болғым келмейді. Бірақ, бұқаралық ақпарат құралдары проблемалық мәселелерге баса мән бергенді ұнатады. Жақсы жаңалықтарға тым аз көңіл бөлінеді. Мысалы, біз мұнаймен ластанған территорияларды тазалау бойынша мойнымызға өз еркімізбен міндеттеме алдық. Өкініштісі сол, алғаш рет мұнай кеніштерін игеру басталғанда, бүгінгідей технологиялар болған жоқ, соның салдарынан мұнай төгілген орасан территориялар пайда болып, олардың үстіне түрлі өндірістік қалдықтар төгілді. «ҚазМұнайГаз» осы қалдықтарды жоюға ниетті, сонымен қатар ол жабдықталмаған қоқыр жинағыштарға салынған қалдықтарды жояды және қайта өңдейді. Қазақстанда бірінші рет компания осындай көлемде өз мойнына міндеттеме жүктеп отыр. Меніңше, бұл - компаниямыздың қоршаған ортаға деген жанашырлығының айқын мысалы.

Бұған қоса, қазіргі таңда біз Жаңаөзен қаласында газ өңдейтін жаңа зауыт салу мүмкіндіктерін қарастырып жатырмыз. Өздеріңіз білесіздер, батыста газ жеткізу ауық-ауық тоқтап қалып жатады және де Қазақ газ өңдеу зауытына жұмысын мүлде тоқтату қаупі төніп тұр. Өйткені, оның тозығы әбден жеткен, ал технологиялық жабдықтары нормадан асыра пайдаланылған. Әрине, бұл газды қайта өңдеуге жіберетін жер қойнауын пайдаланушылардың мұнай-газ өндіру нысандарының толық доғарылуына әкеп соғады. Сонымен қатар, ол тауарлық және сұйытылған мұнай газының тапшылығын туындатпақ.

Әзірге алдын-ала жұмыстар жүргізіліп жатқанда, біз осы жобаны жүзеге асыру мақсатында стратегиялық серіктес және инвестор болуы мүмкін адамдармен кездесулер өткізіп, келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Әлбетте, жаңа зауыт салынарда, газ өңдеу саласындағы барлық жаңа технологиялар ескеріледі.

Мен өндіріс саласындағы жобаларды ғана тізбектеп өттім, тағы мұнай өңдеу, тасымалдау, қаржылық бөлім бар ғой.