Жарияланымдар

21.08.2019

«ҚазМұнайГаз»: цифрлық трансформация

Екі жыл бұрын «ҚазМұнайГаз» өз қызметін трансформациялау жайында белсенді түрде мәлімдеген еді. Бүгінде БАҚ мәліметтерінде осы бағдарлама жайында дерек шамалы. Бұл шаруа жүзеге асып жатыр ма және оның нәтижесі қандай?

Жоба өміршең екен, тіпті сәтті іске асып жатыр. Әрине, ол уақытпен бірге өзгеріп, ҚМГ бүгінде Цифрлық технология енгізуге ерекше мән беріп отыр. Компания қызметіндегі қазіргі және келешектегі өзгерістер жайында «ҚазМұнайГаз» АҚ ҰК-ның трансформация және цифрландыру жөніндегі басқарушы директоры Нұрлан Өтенов әңгімелеп береді.

- Нұрлан Қаливуллаұлы, сіз ҚМГ-ны трансформациялау командасының басшылығына биыл сәуірде келдіңіз. Содан бері бағдарлама қаншалықты өзгерді?

- Алдыңғы жылдары «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобындағы бизнес-процесстерді әрі қарай жетілдіру үшін әдістемелік база әзірленді, сатып алуларды категориялық басқару, тәуекелдер мен инвестицияларды басқару және өндірістік қауіпсіздік бойынша бірқатар жобалар жүзеге асырылып, операциялық қызметке тапсырылды. Кейбір жобалар бойынша белгілі бір деңгейде экономикалық тиімділікке қол жеткізілді.

Мысалы, сатып алуларды категориялық басқаруды алайық. 2018 жылы бұл жоба бізге 1,664 млрд. теңгеге тиімді болды. Ал, «Өндіру, бұрғылау құбырлары» атты сатып алу стратегиясы бойынша түскен пайда 139 млн теңгеге жетсе, «Каталиттік крекинг катализаторы» стратегиясынан 210 млн теңге кіріс келген екен.  

Категориялық басқару әдісінің мәні сол – «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобының барлығы сатып алатын ұқсас тауарлар мен қызмет және жұмыс түрлері бір санатқа біріктіріледі. Олар бойынша сатып алудың категориялық стратегиясы жасақталады. Мұндай тәсіл тауарлар мен қызметтерді үлкен көлемде сатып алу барысында бағаның түсуі («ауқым арқылы» үнемдеу) есебінен шығындарды оңтайландыруға, сонымен қатар, тауарлар мен қызметтердің сапасын сақтап қалу мақсатында сатушылармен икемді өзара қатынас орнатуға мүмкіндік береді.

Заманауи үрдістер бізді Цифрлық   технологиялар мен жобаларға көшудің жаңа трендіне мәжбүрлеп отыр. Цифрлық технологиялардың бүгінгі дүниедегі ықпалын ескере отырып, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы трансформация бағдарламасын озық Цифрлық   шешімдерді кең ауқымда қолдана отырып жүзеге асырудың жаңа жобасын әзірледі. 2019 жылы мамырдың 22-де қордың басқарма кеңесі Қазақстан Республикасының бірінші Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығы аясында цифрлық транформацияға көшуді мақұлдады. Осыған байланысты, ҚМГ қормен бірлесіп, негізгі бағыттарды қайта қарап, бүгінде цифрлық трансформацияға бағыт алып отыр. Және де цифрлық трансформация бағдарламаларының өзектілігі арта түсті деуге болады.

Жаңартылған портфельге жобаларды іріктеу үшін арнайы құрал жасақталды, ол келесі негізгі критерийлерден тұратын «шұңқыр» кейпінде: адамдарды кешенді өзгерту, бизнес-процесстер мен технологиялар, өзгерістердің ауқымдылығы, нақты экономикалық тиімділік/ Стратегиялық ҚНК-ларды қолдау.

«ҚазМұнайГаз» АҚ ҰК-ның модернизация және трансформация жөніндегі кеңесінің шілдедегі отырысында ҚМГ-ны цифрлық трансформациялау бағдарламасының жаңа тәсіл қолданудан  қалыптасқан портфелі мақұлданды.

- Жобалардың жаңа портфеліне толығырақ тоқталсаңыз

- Ол өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жоғары өнімділік мәдениеті, корпоративтік және өндірістік бизнес-процесстер реинжинирингі, сатып алу мен бизнеске арналған Цифрлық   шешімдердің жаңа моделін енгізу тәрізді трансформациялық бастамаларды жүзеге асыруға бағытталған жобалар мен іс-шаралардан тұрады.

Айта кету керек, портфельдегі цифрландыру барлық негізгі бизнес-бағыттарды қамтиды – мұнай мен газ барлауды, өндіру, қайта өңдеуді, тасымалдауды. Біз цифрландыруды кемелденудің, цифрлық  сауаттылықтың және өндірістегі автоматтандыру жүйесінің әзірлік деңгейін ескере отырып кезең-кезеңімен жүргізуді жөн көріп отырмыз. Мұндай тәсіл активтерді цифрландыру деңгейін жоғарылатуға мүмкіндік беріп, компанияның операциялық тиімділігін көтеруге тиіс. 

Бұған мысал ретінде көпшілікке жақсы таныс «Интеллектуалдық кеніш» жобасын келтіргім келеді. Осы жоба аясында былтыр «Ембімұнайгаз» (ЕМГ) АҚ-ы мен «Қазгермұнай» ЖШС БК-ның кеніштерінде жер үстіндегі негізгі жабдықтар бойынша мәліметтерді есепке алу мен жинау деңгейі автоманттандырылып, кеніштерді басқарудың ситуациялық орталықтары қолданысқа енгізілді. «Өзенмұнайгаз» бен «Қаражанбасмұнай» акционерлік қоғамдарында да бірқатар автоматтандырылған түйіндер мен жүйелерді орнату бойынша жұмыстар жүргізілді.

Үстіміздегі жылы Шығыс Молдабек (ЕМГ), Өзен және Қарамандыбас (ӨМГ), «Ақшабұлақ» (Қазгермұнай) кеніштерінде жобаларды тираждау жұмыстары жалғасып жатыр.

Жобаны жүзеге асыру барысында «Интеллектуалдық кеніштің» жалпы тұжырымдамасын түсіну мен елестету деңгейі өсіп келеді.  «Цифрлық   Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асып жатқан бұл бастама, шын мәнісінде, өнеркәсіпті автоматтандыру мен мәліметтерді жинау құралдарын енгізуді білдіреді. Бұл өз кезегінде технологиялар мен «ақылды кеніштер» («SMART FIELD») моделін ілгерілетудің негізін қалайды.

Таяу уақытта «Интеллектуалдық кеніштің» толық ауқымды моделінің тұжырымдамасын қуатты сараптамалық жүйе мен предиктивтік сараптаманы және жасанды интеллектті қолданып жасақтау көзделіп отыр. Осы концепция негізінде жоба қайта форматталып, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына жаңа конфигурациямен енеді.

- Трансформацияны компанияның қызметін үздіксіз жақсартып отыруға тиіс адамдардың «ойын» трансформациялаусыз сәтті жүзеге асыру мүмкін емес. Сол адамдардың санасын өзгертуге бағытталған жобалар дәл қазір бар ма?

- Йә, бұл орайда өндірістік персоналдың кәсіпорын шығындарын оңтайландыру мәдениетін қалыптастыруға қажетті универсалдық құралы болып табылатын «Lean 6 Sigma» бағдарламасын енгізу - көрсеткіш екенін атап өткен жөн. «Lean 6 Sigma» сәттілігінің кепілі сол  – ол қызметкерлерді өндіріс процесстерін жетілдіру жолында шағын жобаларға үнемі бастамашылық етуге ынталандырып отырады. Осы әдістемені үйренгеннен кейін, қызметкер 6-9 айдың ішінде, жобалық тәсілді қолдана отырып, жақсару тетіктерін енгізіп, өз компаниясына экономикалық тиімділік әкеледі. Ал, ҚМГ-да жасақталған ынталандырудың жеке жүйесі аясында маман мадақталуға тиіс.

 «Lean 6 Sigma» жүйесін біз «Мұнайды қайта өңдеу және маркетинг» бизнес-бағытына сәтті енгіздік. Мысалы, Павлодар мұнайхимия зауытында 2016-2018 жылдары осы бағдарламаны үйренген 27 адам кейіннен 20 жоба енгізіп, ПМХЗ-да 43 миллион теңгеден астам қаржы үнемдеді. Бұл жерде айта кететін бір жайт, аталған жобалар айтарлықтай инвестицияны талап етпейді.

Бұл бағдарламаны МӨЗ-де сәтті қолдану оны ҚМГ-ның өзге бизнес-бағыттарына тарату туралы шешім қабылдауға ықпал етті. Мәселен, цифрлық трансформация бағдарламасының жаңа портфеліне  «Мұнай-газ өндіру» бизнес-бағыты арқылы еншілес компанияларға «Lean 6 Sigma» жүйесін енгізу кірді. Және де мұндай таңдау бекер емес, себебі бұл бағдарлама - жұмыскерлерін үздіксіз жақсару процесіне ынталандырып отыратын «ҚазМұнайГаз» бизнесі үшін – драйвер болып табылады, 

- Кез-келген компанияда түбегейлі өзгерістер қызметкерлер тарапынан қарсылыққа тап болады. Бұған дейінгі жылдары ҚМГ кәсіпорындарының көптеген ұжымдарында трансформацияның жағымсыз имиджі қалыптасқаны жасырын емес. Бағдарламаға қатардағы қызметкерлердің көзқарасы қандай?

- Жақында біз бас компания мен негізгі еншіліс ұйымдардың жұмыскерлері арасында сауалнама жүргіздік. Оған қатысқандардың көпшілігі (78%) трансформация пайда әкеліп, компанияның стратегиялық мақсаттарға жетуіне көмектеседі деген пікірде. Дегенмен, көп адамдар бағдарлама жайында мүлде білмейтін немесе оны персоналды қысқарту деп ойлайтын болып шықты. Алайда, трансформация алдына мұндай міндет ешқашан қойылған емес.

Адамдардың қолдауынсыз жобаларды сәтті жүзеге асыру мүмкін еместігін ескере отырып, біз таяу уақытта цифрлық трансформация бағдарламасы бойынша ақпараттандыру жұмыстарының белсенділігін арттыруға ниеттіміз. Сонымен қатар, ҚМГ тобында өзгерістерді басқару (change-management)  фунциясын дамытуды көздеп отырмыз.

Бұған қоса, сауалнама нәтижесі компания қызметкерлері көптен күткен өзгерістер жайлы білуге мүмкіндік берді. Онда бизнес-процесстерді, жоспарлау мен сатып алуды оңтайландыру және автоматтандыру, қызметтердің қайталануын жою, электрондық құжат айналымын жетілдіру, персоналды кәсіптік дамыту мен мотивациялау бойынша әрі қарай қадам жасау туралы көбірек айтылды. Мұның бәрін келесі бағдарламаны жүзеге асырғанда ескеру қажет.

Цифрлық трансформация бастамалары «ҚазМұнайГаз» қызметкерлері тарапынан жағымды лебіз бен қолдауға ие болады деп сенемін, өйткені, бәріміздің алдымызда ауқымды өзгерістер енгізу бойынша қарқынды әрі қызықты жұмыстар тұр.