Өндірістік санитария және еңбек гигиенасы
ҚР заңнамасының және қызметкерлердің денсаулығын қорғау, өндірістік санитария және еңбек гигиенасы саласындағы халықаралық стандарттардың талаптарына сәйкес Компанияда денсаулықты қорғау және еңбек гигиенасын басқару жүйесі енгізілді. Компания өндірістік процеске қарамастан өз қызметкерлерінің денсаулығын сақтау және оларды сауықтыру бойынша белсенді саясат жүргізеді.
ЕТҰ қызметкерлері арасында жарақаттанумен байланысты емес өлім-жітім жағдайларының саны 2020 жылмен салыстырғанда 7 оқиғаға немесе 87,5%-ға артты. Негізінен бұл көрсеткіштердің артуы қызметкерлерде жүрек-қан тамырлары ауруларының және коронавирустық инфекцияның асқынуларының болуына байланысты болды.
Денсаулық сақтау және еңбек гигиенасы саласындағы басқару жүйесінде медициналық пункттерді қамтамасыз ету, тәуекелдерді басқару, шұғыл медициналық ден қоюды ұйымдастыру бойынша сәйкестікті бағалау құралдары көзделген.
Компанияның денсаулық сақтау және еңбек гигиенасы саласындағы басқару жүйесінің негізгі мақсаттары:
- қызметкерлердің денсаулығын сақтау және жақсарту үшін өндірістік процесті ұйымдастыру бойынша бірыңғай талаптарды белгілеу;
- еңбек гигиенасы мен эргономиканы, жұмыс орындарындағы өндірістік санитарияны жетілдіру арқылы қатерлерді (қауіпті және зиянды өндірістік факторларды) анықтау және азайту;
- қызметкерлердің денсаулығы үшін тәуекелдерді бағалауға және оларды азайтуға негізделген бақылаудың алдын алу шараларын қолдану;
- жұмыс және жұмыстан тыс уақытта қызметкерлердің салауатты өмір салтына жәрдемдесу және көтермелеу.
ЖАРАҚАТТАНУМЕН БАЙЛАНЫСТЫ ЕМЕС ӨЛІМ ЖАҒДАЙЛАРЫНЫҢ САНЫ

Компанияның денсаулық сақтау және еңбек гигиенасы саласындағы басқару жүйесінің жай-күйін бағалау және оны жақсарту жөніндегі іс-шараларды әзірлеу жылына 2 рет (әр жарты жыл сайын) жүргізіледі.
Компанияда еңбек жағдайларын жақсарту және өндірістік объектілерде кәсіптік аурулардың алдын алу бойынша іс-шаралар кешені тұрақты негізде іске асырылады.
Жол картасы (бұдан әрі – ЖК) аясында қызметкерлердің денсаулығын басқарудың тиімділігін арттыру үшін ҚМГ компаниялар тобында 2021 жылғы маусымда жұмыс тобы құрылды, оған екі медициналық сарапшы тартылды.
ЖК іске асыру үшін ҚМГ компаниялар тобының қызметкерлеріне «Қазгермұнайгаз»; «Ембімұнайгаз»; «ҚазТрансОйл»; «АМӨЗ»; «Қазақойл Ақтөбе»; «Қазақтүрікмұнай» ЕТҰ-ларға барып, медициналық қызмет көрсету мәселелері бойынша талдау жүргізілді. «Қызметкерлердің денсаулығын басқару» бағдарламасын әзірлеу бойынша жұмыс атқарылды.
Осы бағдарламаны әзірлеу жөніндегі стратегиялық бастама ҚМГ-нің 2022-2031 жылдарға арналған стратегиясына енді. Бағдарламаның негізгі үш бағыты бар:
- пандемиямен және оның салдарларымен күрес;
- кәсіби аурулардың алдын алу;
- қызметкерлердің салауатты өмір салтына деген ынтасы мен хабардарлығын арттыру.
2021 жылы мынадай іс-шаралар өткізілді:
- ЕТҰ-да денсаулық сақтау және еңбек гигиенасы бағыты бойынша жауапты қызметкерлер тағайындалды;
- қызметкерлердің денсаулық жағдайын ауысым алдында бақылауға және оларды жұмысты орындауға жіберуге қатысты шаралар күшейтілді;
- қызмет көрсететін медициналық ұйым жағдайында созылмалы жүрек-қан тамырлары аурулары (ЖҚА) бар қызметкерлердің динамикалық бақылауының сақталуын бақылау қамтамасыз етіледі;
- медициналық пункттердің медицина қызметкерлері ауысым алдындағы медициналық тексеру жүргізу үшін барлық қажетті жабдықтармен жабдықталған;
- тәуекел аймағындағы қызметкерлердің жас тобын анықтау үшін еңбек жағдайларын бағалау және тәуекелдерді бағалау жүргізіледі, қызметкерлердің денсаулығына қауіпті және зиянды өндірістік факторларды төмендету бойынша шаралар алдын ала қабылданады;
- аурудың өршуі кезеңіндегі емдеу іс-шараларын, сондай-ақ олардың алдын алу жөніндегі емдеу шараларын қамтитын ЖҚА бастапқы профилактикасын жүргізу жөніндегі шаралар күшейтілді.
ҚМГ-нің негізгі күш-жігері ауыр жұмыстарда және еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстарда істейтін қызметкерлерге міндетті алдын ала (жұмысқа орналасу кезінде) және мерзімді медициналық тексерулер (тексерулер) жүргізуді қоса алғанда, шарттық міндеттемелер шеңберінде мамандандырылған ұйымдар көрсететін медициналық қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған.
ҚМГ компаниялар тобында кәсіби аурулар тіркелген жоқ.