ҚазМұнайГаз және KBR Қазақстандағы SAF жобасының іске асырылу барысын талқылады
10.11.2026
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Вашингтонда (АҚШ) өтіп жатқан B20 USA Summit 2026 алаңында америкалық KBR компаниясының аға вице-президенті Хари Равиндранмен кездесті.
Тараптар Қостанай облысы Рудный қаласында Қазақстандағы алғашқы тұрақты авиациялық отын (SAF - Sustainable Aviation Fuel) өндіретін зауыт салу жобасының іске асырылу барысын талқылады.
Айта кетсек, бұған дейін ҚМГ, KBR және «KazFoodProducts» ЖШС (KFP) ынтымақтастықтың негізгі параметрлерін, сондай-ақ PureSAF лицензиялық технологиясын пайдалануды және технологиялық жобалау пакетін әзірлеуді (Process Design Package, PDP) қамтитын келісімге қол қойған болатын.
PDP әзірлеу 2027 жылдың бірінші тоқсанында аяқталады. Содан кейін базалық жобалау (Front-End Engineering Design, FEED) жұмыстары басталады деп жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысының Қазақстанды дамыған транзиттік әлеуеті бар халықаралық авиациялық хабқа айналдыру жөніндегі тапсырмасы аясында бұл жобаны іске асыру ерекше маңызға ие. Сонымен қатар ол отандық ауыл шаруашылығы шикізатын төмен көміртегі ізі бар отын шығаратын жоғары технологиялық өндіріс тізбегімен біріктіруге мүмкіндік береді.
— Жоба бойынша келісілген мерзімдердің сақталуын және оның практикалық іске асыру кезеңіне уақтылы көшуін қамтамасыз ету – біз үшін аса маңызды. ҚазМұнайГаз нақты нәтижелерге қол жеткізуге баса мән береді. Бұл ретте жобаның барлық қатысушысы үшін қажетті үйлестіруді және жүйелі өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге дайынбыз, — деді Асхат Хасенов.
Болашақ зауыттың болжамды қуаты – жылына 57 мың тонна SAF, ал биоэтанол өңдеу қуаты – жылына 100 мың тонна. Шикізат ретінде KFP құрамына кіретін BioOperations зауытының биоэтанолы қолданылады. PureSAF технологиясы Alcohol-to-Jet процесіне, яғни спирттік шикізаттан авиациялық керосин алу әдісіне негізделген.
Анықтама:Kellogg Brown & Root LLC (KBR) — штаб-пәтері Хьюстонда (АҚШ) орналасқан, 80-нен астам елде энергетика және тұрақты технологиялар саласында өз шешімдерін ұсынатын халықаралық инженерлік-технологиялық компания.
«KazFoodProducts» ЖШС — қазақстандық ірі агроөнеркәсіптік холдинг. Оның құрамына астықты терең өңдеуге және биоэтанол өндіруге маманданған BioOperations зауыты кіреді.