ҚМГ-Аэро Қазақстанда Sun PhuQuoc Airways рейстеріне отын құю қызметін көрсетеді
03.11.2026
«ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС (ҚМГ-ның еншілес ұйымы) Вьетнамның Sun PhuQuoc Airways компаниясымен Қазақстан әуежайларында ұшақ «қанатына» жанармай құю бойынша шарт жасасты. Ынтымақтастық екі ел арасындағы жаңа тікелей әуе бағыттарын қамтиды.
Биыл 25 қазанда әуекомпания Алматы – Фукуок бағытын іске қосты. Рейстер 26 желтоқсанға дейін Airbus A321 ұшағымен аптасына үш рет қатынайды, одан кейін олардың жиілігі аптасына бес ретке дейін артады.
2026 жылғы 26 желтоқсаннан бастап Астана – Фукуок тікелей рейсі ашылады деп жоспарланған. Бұл бағытта аптасына төрт рет Airbus A330 әуе кемесі ұшатын болады.
Аталған жұмыс Мемлекет басшысының Қазақстанның көлік логистикалық әлеуетін арттыру және елімізді Еуразиядағы жетекші авиациялық хаб ретінде дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында жүргізілуде.
ҚМГ-Аэро отандық әуежайларда ұшақтарды жанармаймен қамтамасыз ету және елімізде халықаралық әуе қатынасын дамытуға ықпал ету арқылы әлемнің жетекші әуе тасымалдаушыларымен ынтымақтастықты кеңейтіп келеді.