Атырау облысындағы Силлено жобасының жүзеге асу барысы 42%-дан асты
17.11.2026
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Атырау облысына жұмыс сапары кезінде жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін Силлено зауытының құрылыс алаңына барды.
Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде мұнай-газ химиясы кластерін дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында іске асырылуда және Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі саласындағы ең ірі нысандардың бірі болмақ.
Қазіргі кезде қарқынды құрылыс жұмыстары пиролиз қондырғысында жүріп жатыр, мұнда полиэтиленнің негізгі шикізаты саналатын этилен өндірілетін болады. Іргетас құю, металл құрылымдары мен жабдықтарды монтаждау, технологиялық құбырларды құрастыру жұмыстары жалғасуда. Ірі көлемдегі 47 жабдықтың бәрі Қазақстанға жеткізілді.
Полимерлеу қондырғысы мен зауыттың жалпышаруашылық нысандарында қада қағылып, іргетасы құйылып жатыр. Болашақ зауыт алаңына полимерлеу қондырғысының басты технологиялық жабдығы – ілмекті реакторлардың алғашқы сегіз секциясы жеткізілді. Әр секцияның ұзындығы 67 метрден асады, ал салмағы 77 тоннаға дейін жетеді. Жеткізілген жабдықтың жалпы салмағы 600 тоннадан асады.
Жобаны іске асыру барысында жергілікті қамтуды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Жобаға 40-қа жуық қазақстандық компания тартылған. Келісімшарттардың жалпы сомасы 1,2 млрд АҚШ долларынан асады. Отандық кәсіпорындар жобаны іске асырудың барлық кезеңіне – жобалаудан бастап жабдықтар мен материалдарды өндіруге және құрылыс-монтаж жұмыстарын орындауға дейін қатысуда.
Жобаны жүзеге асырудағы жалпы прогресс 42%-дан асты. Бүгінде құрылыс жұмыстарына 5200-ден астам маман және 680-нен аса арнайы техника тартылды.
Сонымен қатар Силлено болашақта зауытта жұмыс істейтін мамандарды даярлап жатыр. Халықаралық ЕРС мердігерлер – Tecnicas Reunidas және Tecnimont (MAIRE) компаниялары қазақстандық техникалық оқу орындарының студенттерін Испания мен Италиядағы өз алаңдарында инжиниринг пен жобаларды басқару бағытында оқытып жатыр. Төрт жылға есептелген бұл бағдарлама 400-ден астам адамды қамтитын болады.