Жаңаөзен қаласында газ электр станциясының құрылысы аяқталды
24.11.2026
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және италиялық Eni S.p.A. энергетикалық компаниясы Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында қуаты 120 МВт газ электр станциясының құрылысын аяқтады.
Нысанның салтанатты ашылу рәсіміне Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов, ҚР Энергетика министрлігі Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы Ернар Хасенов, Eni S.p.A. компаниясының Орталық Азия өңірі бойынша басшысы Сегер Хойтинк, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері және мұнай-газ саласының ардагерлері қатысты.
Бұл Қазақстанда жалпы қуаты 247 МВт болатын гибридті электр станциясын салу жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылып жатқан жобаның кезекті маңызды кезеңі. Кешен күн (50 МВт), газ (120 МВт) және жел (77 МВт) – үш түрлі генерацияны біртұтас энергетикалық кешенге біріктіреді.
2026 жылғы шілде айында газ электр станциясы алғашқы өнеркәсіптік электр энергиясын бере бастады. Бүгінгі таңда жиынтық өндіру көлемі 26 млн кВт·сағ асты. Газ электр станциясында машина залы, әкімшілік-тұрмыстық кешен, қоймалар, газ құбыры, сондай-ақ электр энергиясын желіге үздіксіз тарату үшін қосалқы станция мен 110 кВ электр беру желісі салынды. Нысанда жұмыс уақытын жоғалтусыз және жарақатсыз 3 млн адам-сағат тіркелді. Құрылыс қызған шақта алаңға 1000-нан аса адам жұмылдырылды.
Қазіргі уақытта қуаты 77 МВт болатын жел электр станциясы салынып жатыр. Жыл соңына дейін жалпы құрылыс жұмыстарының негізгі көлемін аяқтап, алғашқы жел қондырғыларын монтаждауға кірісу жоспарлануда. Жел электр станциясы 2027 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Гибридті кешеннің алғашқы нысаны – қуаты 50 МВт күн электр станциясы 2025 жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілген болатын. Осы уақытқа дейін ол шамамен 93 млн кВт·сағ электр энергиясын өндіріп, өңірдегі күн генерациясының тиімділігін растады.
Барлық нысан өнеркәсіптік пайдалануға толық берілген соң 77 тұрақты жұмыс орны ашылады. Атап айтқанда, бүгінде 15 адам күн электр станциясында еңбек етіп жүр, газ электр станциясында 47 маман, ал жел электр станциясында 15 қызметкер жұмыс істейді деп көзделген.
Жалпы, жаңа нысан өңірдегі ҚМГ-ның еншілес кәсіпорындарын, оның ішінде «Өзенмұнайгаз» АҚ мен «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС-ын энергия көзімен тұрақты қамтамасыз ету мәселесін жолға қоюға мүмкіндік береді.
— Бұл жоба – ҚМГ мен Eni компанияларының көпжылдық ынтымақтастығының, сондай-ақ мемлекеттік деңгейде көрсетілетін жүйелі қолдаудың нәтижесі. Оны іске асыру Қазақстанның 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығы стратегиясында көзделген мақсаттарға жетуге үлес қосады. Кешен тұтастай пайдалануға берілгеннен кейін электр энергиясының шамамен 35% жаңартылатын көздерден өндіріледі. Бұл көміртегі ізін азайтумен қатар ҚМГ-ның өндірістік нысандарын энергиямен сенімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мемлекеттік органдарға, серіктестерімізге және жобаны жүзеге асыруға атсалысып жатқан барлық маманға үйлесімді жұмыс істеп, қолдау көрсеткендері және ортақ нәтижеге қол жеткізуге қосқан үлестері үшін алғыс білдіремін, — деді А.Хасенов.