
төрағасының
үндеуі

Құрметті оқырмандар!
2018 жылғы ҚазМұнайГаз компаниялары тобының Тұрақты даму туралы есебін назарларыңызға ұсынуға қуаныштымын.
Бизнес-процестердегі жаңа өзгерістерді дәйекті түрде іске асыра отырып, біз өз қызметіміздің орнықты даму қағидаттарына сәйкестігін, өзіміздің экономикалық, экологиялық және әлеуметтік мақсаттарымыздың үйлесімділігін қамтамасыз етуге ұмтыламыз.
2018 жылы біз Компанияның онжылдық кезеңге арналған жаңа Даму стратегиясын бекіттік. Тұрақты даму компоненттерін есепке ала отырып, біздің басқару саясатымызды қайта қарау және дамудың жаңа деңгейінің көрсеткіштеріне қол жеткізу бойынша мақсаттар қою Компанияның маңызды стратегиялық мақсаттарының біріне айналды. Бұл бастама біздің акционер – «Самұрық-Қазына» қорының стратегиялық мақсаттарына толық сәйкес келеді. Біз үшін орнықты даму – бұл корпоративтік басқарудың маңызды компоненті.
Соңғы төрт жылда біз еңбекті қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау саласында үлкен жұмыс жүргіздік, бұл ретте 2018 жыл еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау көрсеткіштері бойынша үздік жыл болды. Біз өз мақсатымызға – 2020 жылға қарай өліммен аяқталған жазатайым оқиғалар коэффициенті бөлігінде қауіпсіздік көрсеткіштері бойынша әлемдік 20 салалық компания қатарына кіру мақсатына қол жеткіздік. 2020 жылға қарай Компания жарақаттану коэффициенті бойынша үздік топ қатарына енуді жоспарлап отыр.
Қазір біз жаңа бастамалардың бірі – экологиялық есептіліктің ашықтығына назар аударамыз. Бұл бастама біздің компанияның имиджі мен беделіне оң әсер етеді. Біз неғұрлым ашық болған сайын, инвесторлар мен басқа да стейкхолдерлер үшін соғұрлым тартымды боламыз. Айта кету керек, ҚМГ екінші жыл қатарынан Қазақстанның мұнайгаз компанияларының экологиялық жауапкершілік саласындағы ашықтығы рейтингінде ең жоғары орында.
Өткен жылы Компания қаржылық тұрақтылықты арттыруды мақсат тұтқан болатын, сөйтіп біз шығындарды жауып, өзіміздің қаржылық көрсеткіштерімізді айтарлықтай жақсарттық. 2018 жылы ҚМГ сыртқы қарызы да төмендеді, инвестицияларға лимиттер белгіленді, жобалардың мерзімдері регламенттелді. Сондай-ақ біз нарықтық ортаға «ҚМГRetail» ЖШС (ЖҚС желісі), «ҚазақстанБритан техникалық университеті» АҚ, ҚМГГрузия сервисі сияқты бейінді емес қызмет түрлерін шығара алдық. Мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуды аяқтау жылдың маңызды оқиғасы болды. Зауыттар К4, К5 (Еуро-4, Еуро-5 стандарттары) экологиялық кластағы өз мұнай өнімдерімен ішкі нарықты толық қамтамасыз етті, Қытайға қазақстандық газдың экспортын жылына 5-тен 10 млрд текше метрге дейін ұлғайту туралы келісімшартқа қол қойылды, республика өңірлерін газдандыру бойынша жұмыстар жалғастырылды.
Жыл бойы біз трансформациялау бағдарламасын белсенді іске асырып келеміз. Жаңа басқару моделіне сәйкес біз 2018 жылы ірі субхолдингтердің бірі – ҚМГ Барлау Өндіруді біріктірдік. Енді өндірістік активтерді басқару тікелей ҚМГ-дан жүзеге асырылады. Холдинг құрылымында бизнес-процестерді оңтайландыру, басқару жүйесін жеңілдету және орындалатын жұмыстардың сапасын жақсарту бойынша жұмыстар жалғасуда.
Еліміздің ірі жұмыс берушілерінің бірі бола отырып, біз қызметкерлермен және кәсіподақтармен әріптестік қарым-қатынас қағидаттарына негізделген жоғары әлеуметтік бағдарлануға ұмтыламыз. Біздің бағдар: нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, лайықты жұмыс пен еңбек жағдайын қамтамасыз ету, қолайлы еңбек жағдайларын жасау, қызметкерлерді даярлау және оқыту, өңірлердің дамуына жәрдемдесу.
Алдағы жылы біз қызметтің ашықтығын, бизнестің экологиялық және әлеуметтік жауапкершілігі деңгейін арттыру, сондай-ақ ұзақ мерзімді кезеңге орнықты даму көрсеткіштерін жақсарту есебінен инвестициялық тартымдылықты қамтамасыз етуді мақсат тұтамыз.
Құрметпен, Алик Айдарбаев
