ОРНЫҚТЫ ДАМУ ТУРАЛЫ ЕСЕП 2023

Компанияның әлеуметтік саясаты

Компанияның әрбір қызметкерінің еңбек саласындағы өз құқықтары мен бостандықтарын іске асыруда тең мүмкіндіктері бар. Сонымен қатар Компания қызметкерлермен ұжымдық шартты жасасу, өзгерту, толықтыру жөніндегі келіссөздерге белсенді қатысады, келіссөздер жүргізу мерзімдерін қатаң сақтайды және тиісті бірлескен комиссиялардың жұмысын қамтамасыз етеді, келіссөздер жүргізу үшін қажетті ақпаратты ұсынады, ұжымдық шарт ережелерінің талаптарын қатаң орындайды.

Еңбек заңнамасына сәйкес кез келген қызметкер өз өкілдері арқылы ұжымдық келіссөздерге және ұжымдық шарттың жобасын әзірлеуге қатысуға, сондай-ақ қол қойылған ұжымдық шартпен танысуға құқылы.

Қауымдастықтар еркіндігіне құқықтарды қандай да бір шектеу және қызмет түрлері немесе аумақтық белгісі бойынша ұжымдық келіссөздер жүргізу Компанияның қызметінде көзделмеген. Біз, әлеуметтік жауапты компания ретінде, бұл құқықты толығымен қолдаймыз және қызметкерлердің бірлесу бостандығының құқығын іске асыруына қолайлы орта жасаймыз. 

ҚМГ тобына кіретін кәсіпорындардың еңбек ұжымдарында әлеуметтік тұрақтылықты қолдау мақсатында Компания ЕТҰ қызметкерлері арасында наразылық пен шиеленістің туындауының алдын алуға бағытталған шаралар кешенін іске асыруда. Қабылданған шаралар кәсіпорындардағы жағдайды бақылауға және өндіріс процесінің үздіксіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Осылайша, қызметкерлерді әлеуметтік қолдау мәселелері еңбек ұжымдарының әлеуметтік тұрақтылығын қолдауға елеулі үлес қосуда.

ҚМГ тобы бойынша бүгінгі таңда 25 өндірістік кәсіпорында ұжымдық шарттар жасалды, олармен 50 163 қызметкер қамтылды, бұл 96 пайызды құрайды.

2023 жылғы мерзімдердің аяқталуына байланысты «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «ҚазТрансОйл» АҚ, «CASPI BITUM» БК ЖШС-да ұжымдық шарттарға жаңа редакцияда қол қойылды, «ОСК» ЖШС және «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС-да қосымша келісімге қол қойылды, онда ҚМГ компаниялар тобы бойынша қолданыстағы нормалар ескеріле отырып, бірқатар әлеуметтік төлемдер бойынша мөлшерлер ұлғайтылды. Еңбек ұжымдарының бастамасы бойынша «KPI» ЖШС және «KMG Security» ЖШС-да жаңа ұжымдық шарттарға қол қойылды. 

2023 жылы «ӨМГ» АҚ, «ҚБМ» АҚ, «ОМС» ЖШС, «ҚазГӨЗ» ЖШС, «ПКОП» ЖШС, «ККМ» ЖШС-мен жаңа талаптармен ұжымдық шарттар жасасу бойынша келіссөздер басталды. 

ҚМГ кәсіпорындарының барлық ұжымдық шарттарында қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ жұмыс істемейтін зейнеткерлер үшін әлеуметтік қолдаудың отыз бес негізгі түрі қарастырылған.

ҚМГ өз қызметкерлеріне әлеуметтік жәрдемақылардың, кепілдіктер мен өтемақылардың әртүрлі түрлерін қамтитын кепілді әлеуметтік топтама ұсынады: еңбек демалысы кезінде сауықтыруға материалдық көмек, жүктілікке және босануға байланысты төлемдер, 1,5 жасқа толғанға дейін бала күтімі бойынша демалыста жүрген қызметкерлерге ай сайынғы төлемдер, басқа жұмысқа ауысу мүмкін болмай еңбек шарты бұзылған кезде өтемақы, жалпы еңбек ету қабілетінен айырылуына, мүгедектік алуына байланысты еңбек шарты бұзылған кезде өтемақы, қызметкердің қайтыс болуына байланысты жерлеуді ұйымдастыруға біржолғы төлем, өндірістегі жазатайым оқиға салдарынан қаза тапқан қызметкердің отбасына біржолғы төлем. Компания қызметкерлер науқастанған жағдайда ерікті медициналық сақтандыруға және Қазақстанның балалар сауықтыру лагерлерінде қызметкерлердің балаларының демалысын ұйымдастыруға да әлеуметтік кепілдіктер береді. 

Сонымен қатар қызметкерлерге әлеуметтік қолдаудың қосымша түрлері ұсынылуы мүмкін. Әлеуметтік көмектің аталған түрлері ұжымдық шарттарда бекітілген немесе кәсіпорынның ішкі нормативтік құжаттарында көзделген. Мұндай төлемдерге мерей жасына, зейнет жасына жетуіне байланысты, неке қиылуына байланысты төлемдер, некеге тұрған кездегі қысқа мерзімді демалыстар, нәрестелі болуына байланысты, туған-туыстарының қайтыс болуына байланысты жалақысы сақтала отырып берілетін төлемдер, егер емделуге жұмсалған шығындар сақтандыру бағдарламасында белгіленген лимиттен асып кеткен жағдайда, емделуге және медициналық операцияларға ақы төлеуге берілетін төлемдер, мүгедек қызметкерлерге, қызметкердің мүгедек балаларына, аса мұқтаж қызметкерлерге, бірінші қыркүйекке мектеп құралдарын сатып алу үшін берілетін төлемдер, аса мұқтаж қызметкерлерге көмек және т.б. жатады. 

2023 жылы ҚМГ тобында барлық әлеуметтік төлемдер мен кепілдіктер сақталып, ұжымдық шарттарға сәйкес төленді. Жалпы, 2023 жылы қызметкерлер мен жұмыс істемейтін зейнеткерлерге 27,65 млрд теңгеден астам сомаға әлеуметтік қолдау көрсетілді. 

ҚМГ үшін ішкі әлеуметтік бағдарланған бағдарламаларды іске асыру ерекше маңызды. Осы бағдарламаларды ілгерілету кезінде, ең алдымен, Компания қызметкерлері үшін қолайлы жағдайлар жасауға баса назар аударылады. Бұл материалдық ынталандыру, кәсіби өсуді нығайту және арттыру, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары. Ерекше назар аударатын тұстар – әлеуметтік шиеленістің алдын алу, еңбек даулары мен жанжалдар туындау мәселелері. 

Қызметкерлермен және олардың өкілдерімен тұрақты сындарлы байланыс орнатылды. Ішкі коммуникациялардың бірыңғай жүйесі «кері байланыс» тиімділігін арттыруға арналған. Барлық кәсіпорындарда әлеуметтік, тұрмыстық, өндірістік мәселелерді талқылау бойынша басшылықтың еңбек ұжымдарымен міндетті жоспарлы кездесулері өткізіледі. 

Ішкі коммуникациялар жүйесінің негізгі міндеті – қызметкерлерді қызметтің мақсаттары мен міндеттері туралы уақтылы ақпараттандыру, ұйымдағы ағымдағы жағдайды қызметкерлерге жеткізу, сондай-ақ қызметкерлер көтеретін мәселелерді «тыңдау» мүмкіндігі болып табылады.

ҚМГ-ның барлық өндірістік кәсіпорындарында ішкі коммуникациялар құралдарын енгізу арқылы әрбір қызметкердің кәсіпорын басшылығына сұрақтармен жүгініп, уақтылы жауап алу мүмкіндігі регламенттелген, оған сәйкес бірінші басшылардың еңбек ұжымдарымен есептік кездесулері жылына екі рет жүйелі түрде өткізіледі. Бірінші басшылар өз есептерінде ұжымға ағымдағы жағдайды ұсынады: экономика, жұмыс көлемінің болуы, өндірістік жоспарлар, еңбекті қорғау, кадрлық және әлеуметтік мәселелер. Кездесулерде қызметкерлер өз сұрақтарын қойып, оларға жауап алуға мүмкіндік алады. 2023 жылы ҚМГ ЕТҰ-ның 14 000 қызметкерін қамтумен 101 есептік кездесу өткізілді, онда қызметкерлер 500-ден астам сұрақ қойды. Кездесулерде қызметкерлер көтерген негізгі мәселелер – жалақыны көтеру, қызметкерлердің балаларын жұмысқа орналастыру, медициналық қызмет көрсету бойынша нақты мәселелер, еңбек жағдайларын жақсарту мәселелері, оның ішінде ғимарат пен үй-жайларды жөндеу немесе салу қажеттілігі. Барлық сұрақтар бойынша қызметкерлерге тиісті түсініктемелер берілді, шешімдер қабылданды.

Еңбек жағдайлары өзгерген кезде Компания қызметкерді күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей жазбаша хабардар етеді. Компания қызметіндегі елеулі өзгерістерге қатысты хабарламаның ең аз кезеңі 4 аптаны құрайды.

Сондай-ақ ЕТҰ-дағы жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасында тікелей коммуникацияның тиімді тетіктерін құру және қолдау, қызметкерлерді ЕТҰ-дағы қызметтің мақсаттары мен міндеттері туралы уақтылы ақпараттандыру, ұйымдағы ағымдағы жағдайды қызметкерлерге жеткізу, қызметкерлерде кәсіпорынның оң имиджін қалыптастыру, ЕТҰ-дағы еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік-психологиялық ахуал параметрлерін қадағалау мақсатында ЕТҰ бірінші басшылары қызметкерлерді жеке мәселелері бойынша қабылдайды, әрбір ЕТҰ-да бірінші басшының блогы, корпоративтік ақпараттық сайт құрылды, корпоративішілік ақпаратты еңбек ұжымдарына жеткізу үшін бейне хабарландырулар үшін мониторлар орнатылды. Қызметкерлерді жедел хабарландырулармен және хабарламалармен ақпараттандыру үшін ақпараттық стендтер қолданылады. 

Тоқсанына бір рет ұжымдық шартты орындауға, еңбек тәртібінің жай-күйіне, еңбек ұжымының өтініштерін қарауға, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелеріне, әлеуметтік жеңілдіктер мен өтемақылар беруге және кәсіпорында басқа да әлеуметтік маңызды мәселелерге қатысты неғұрлым өзекті мәселелер бойынша ЕТҰ кәсіподағымен басшылықтың кездесуі өткізіледі. 

2023 жыл қорытындылары бойынша ҚМГ еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік тұрақтылық деңгейі қанағаттанарлық – индекс 75 %9 құрады. Бұл ретте 2022 жылы – индекс 74 % құрады. 

Samruk Research Services көрсеткіштерін зерттеу нәтижелері негізінде әрбір кәсіпорын әлеуметтік тұрақтылық көрсеткіштерін айқындау барысында анықталған толқу аймақтарын азайту және жою жөніндегі іс-шаралар жоспарларын әзірледі. Жоспардың іс-шаралары еңбек ұжымының қанағаттану деңгейін арттыру, басшылықтың іс-әрекеттеріне сенім білдіру, кері байланыс жүйесін жолға қою, еңбек жағдайларын жақсарту, тұруды, тамақтануды ұйымдастыру және т.б. жөніндегі шараларды көздейді. 2023 жылы корпоративтік орталық барлық ЕТҰ үшін SRS жақсарту жөніндегі жоспардың бірыңғай нысанын әзірледі, сондай-ақ ЕТҰ-ға бару практикасы және тұрақтылық деңгейін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарларын әзірлеуге жәрдемдесу енгізілді. Ағымдағы жылы «ПКОП» ЖШС ӘӨКО-мен бірлесіп тереңдетілген әлеуметтанулық зерттеулер жүргізді. 

2023 жылы мердігерлік ұйымдардың қызметкерлері мен ЕТҰ-ның кейбір қызметкерлері арасында бірқатар рұқсат етілмеген ереуілдер болды. Кәсіподақ комитеттерінің жетекшілерімен келіссөздер және еңбек ұжымдарымен кездесулер жүргізілді, сондай-ақ Компания қызметкерлері мен мердігерлер арасындағы жалақы алшақтығын азайту шаралары қабылданды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Маңғыстау облысы бойынша ҚМГ ЕТҰ мен олардың мердігерлік ұйымдарында ереуілдер саны 59 %-ға төмендеді (2023 жылы 9 ереуіл болды, ал 2022 жылы – 22).

Анықтама

SRS интегралды индексі әлеуметтік тұрақтылықтың көрсеткіші болып табылады. Әлеуметтік тұрақтылық – ұжымдағы ең аз қақтығыстармен компанияның жоспарлы дамуы. SRS әдістемесі әлеуметтік тұрақтылыққа қол жеткізу үшін компания ішіндегі қолайлы жағдай (Қатысу индексі), қызметкердің өмір сүру деңгейін қанағаттандыру (Әлеуметтік әл-ауқат индексі) және нақты қақтығыстар мен наразылық білдіруге райының болмауы (Әлеуметтік тыныштық индексі) қажет деп болжайды.

9 ӘӨКО деректерді түсіндіру кезінде зерттеу әдістемесі 2023 жылдың басында өзгергенін ескеру қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты әртүрлі жылдардағы нәтижелер арасындағы тікелей салыстыру жаңа әдіснаманың жасалуына байланысты дұрыс болмай шығады.

ҚМГ тобында еңбек және демалыс жағдайларын жақсарту бойынша жұмыс жүйелі негізде жүргізіледі. Қызметкерлердің тұруын, тамақтануын ұйымдастыру мәселелері ЕТҰ-ның әлеуметтік тұрақтылықты жақсарту жөніндегі жоспарларында көрсетілген. Бұдан басқа, 2022 жылы аталған жұмысты күшейту үшін ҚМГ ЕТҰ-ның барлық жұмыскерлерінің еңбек және демалыс жағдайларын жақсарту бойынша 5 жылға (2023–2027 жж.) жекелеген жол карталары әзірленді. ЕТҰ жоспарларына сәйкес 2023 жылы 40-тан астам әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылым объектілерін (асханалар, әкімшілік-өндірістік корпустар, тұрғын қалашықтар және т.б.) салу, әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне 115 күрделі жөндеу жүргізу жоспарлануда. Алайда ӨМГ-нің қаржы-шаруашылық қызметін тексеру нәтижелері бойынша 2023–2024 жылдарға арналған объектілерді салу, кеңейту және жөндеу жоспары әзірленді. Аталған тізімге жедел шешімді талап ететін 100-ге жуық объект ілікті.

Кәсіподақ

Компанияның кәсіподақтармен өзара іс-қимылы салалық және өңірлік деңгейлерде еңбек заңнамасымен белгіленген әлеуметтік әріптестік шеңберінде жүзеге асырылады. Салалық деңгейде өзара іс-қимылдың негізгі параметрлері (әлеуметтік кепілдіктер, еңбекті ұйымдастыру мәселелері, еңбекақы төлеу, жұмыспен қамту, гендерлік және жастар саясаты, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, еңбек жанжалдарының алдын алу және шешу және т.б.) ҚР Мұнай-газ, мұнай өңдеу және мұнай-химия салаларындағы салалық келісімде айқындалған, оны әзірлеуге ҚМГ мен оның кәсіпорындарының өкілдері белсенді қатысты.

ҚМГ тобында 44 430 қызметкердің мүдделерін қорғайтын 42 кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді.

Өңірлік деңгейде әлеуметтік әріптестік жөніндегі облыстық комиссиялар жұмыс істейді, олардың шеңберінде жұмыспен қамту және еңбекті қорғаудың өңірлік мәселелерінен басқа, нақты ұжымдық еңбек даулары да қарастырылады. ҚМГ-ның барлық компанияларында келісім комиссиялары құрылып, жұмыс істейді.

ҚМГ өзінің ЕТҰ-мен бірлесіп мұнай-газ, мұнай өңдеу және мұнай-газ химиясы салаларының әлеуметтік әріптестігі мен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі салалық комиссияның жұмысына белсенді қатысады, онда компаниялардың еңбек ұжымдарындағы ағымдағы ахуал туралы мәселелер, біліктіліктер мен кәсіптік стандарттардың салалық шеңберлерін әзірлеу, мұнай-газ, мұнай өңдеу және мұнай-газ химиясы салаларында адам ресурстарын дамыту мәселелері қаралады. ҚМГ 2023–2025 жылдарға арналған Мұнай-газ, мұнай өңдеу және мұнай-химия салаларындағы салалық келісімді орындайды.

Осы келісімнің негізгі ережелері қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын арттыру, кәсіподақ ұйымдарының рөлін арттыру, қауіпсіз жағдайлар мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету және т.б. бөлігінде орындалады. Еңбекке ақы төлеу жүйесінің салалық қағидаттарын белгілеу бөлігінде ҚМГ ЕТҰ разрядаралық коэффициенттердің ең төменгі деңгейлерін және бірінші разрядты жұмысшының айлық тарифтік мөлшерлемесінің ең төменгі мөлшерін ұстанады.

2023 жылы ҚМГ ЕТҰ қызметкерлері мен азаматтардың 166-дан астам өтініші қаралды. Өтініштердің едәуір бөлігі Маңғыстау облысынан ҚМГ тобына жұмысқа орналасу туралы өтінішпен келіп түсті. ҚМГ компаниялар тобы қызметкерлерінің құқықтарын бұзу мәселелерін қарауға ерекше назар аударылды. Әрбір осындай өтінішті АРБД егжей-тегжейлі қарады, қабылданатын шешімдердің негізділігі, олардың ҚР заңнамасына және кәсіпорынның ішкі рәсімдеріне сәйкестігі тексерілді. Өтініш берушілерге тиісті жауаптар берілді. Бұл ретте кәсіпорында кадрлық және әлеуметтік жұмысты ұйымдастыру бойынша практикалық ұсынымдар берілді.

МЕРДІГЕРЛІК ҰЙЫМДАРМЕН ӨЗАРА ІСҚИМЫЛ ЖАСАУ ЖӘНЕ МЕРДІГЕРЛІК ҰЙЫМДАР ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЕҢБЕК ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

Әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында Маңғыстау, Атырау, Павлодар облыстарында 2022 жылдың басынан бастап ҚМГ ЕТҰ мен олардың мердігерлік ұйымдары арасындағы жалақы мөлшеріндегі алшақтықты қысқарту бойынша жұмыс жүргізілді. Ол үшін мынадай шаралар қабылданды:

  • мердігерлік ұйымдар қызметкерлерінің жалақысы артты;
  • мердігерлердің жалақысын тапсырыс берушінің жалақысына ұқсас инфляция деңгейіне жыл сайынғы индекстеу туралы шешім қабылданды;
  • мердігерлік ұйымдардың қызметкерлері үшін кепілдендірілген әлеуметтік топтама енгізілді.

Жүргізіліп жатқан жұмыстар Жаңаөзен қаласының, Атырау және Павлодар облыстарының проблемалық мәселелерін шешу бойынша ведомствоаралық штабпен келісілді.

Маңғыстау облысы ҚМГ ЕТҰ мердігерлік ұйымдармен осы өзгерістерді және тиісінше қызметтерге тарифтерді ұлғайтуды көздейтін 158 қосымша келісім жасалды. Жалақыны арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар 19 мыңнан астам қызметкерді қамтиды. Орташа алғанда, жалақының өсуі шамамен 35-40 %-ды құрайды. Ақшалай баламада қол қойылған қосымша келісімдердің сомасы 37,2 млрд теңгені құрайды.

Атырау облысы бойынша АМӨЗ 12 қосымша келісімге қол қойды (2 қосымша келісім қол қою сатысында). Жалақыны арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар 1,3 мыңнан астам қызметкерді қамтиды. Орташа алғанда, жалақы 13-тен 76 %-ға дейін өсетін болады. Ақшалай баламада қол қойылған қосымша келісімдердің сомасы 3,5 млрд теңгені құрайды.

Павлодар облысы бойынша ПМХЗ 29 қосымша келісімге қол қойды. Жалақыны арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар 2,4 мыңнан астам қызметкерді қамтиды. Орташа алғанда, жалақының өсуі 14-тен 56 %-ға дейін. Ақшалай баламада қол қойылған қосымша келісімдердің сомасы 5,9 млрд теңгені құрайды.

2022 жылғы маусымнан бастап ҚМГ-ның Ақтау қаласындағы өкілдігі (бұдан әрі – Өкілдік) жұмыс істейді. Ведомствоаралық және өңірлік штабтар мен комиссиялар шеңберінде мемлекеттік органдармен тығыз өзара іс-қимыл ұйымдастырылды. Өкілдіктің қатысуымен 38 отырыс өткізіліп, облыстың 96 кәсіпорнының проблемалық мәселелері шешілді. Кәсіподақ ұйымдарымен жұмыс жолға қойылды, олармен өткізілген 25 кездесудің нәтижелері бойынша 161 хаттамалық шешім қабылданды, оның 125-і іске асырылды, 36-сы – орындалу сатысында.

Ішкі коммуникациялардың бірыңғай жүйесінің қолданыстағы регламенті шеңберінде еншілес және тәуелді ұйымдардың бірінші басшылары 25 мыңға жуық жұмысшыны қамти отырып, еңбек ұжымдарымен 80-ге жуық есептік кездесу өткізілді. Барлық қозғалған проблемалық мәселелер қаралып, бақылауға алынды.

Құқықтық және әкімшілік кеңес беру, ұжымдарға заңгерлік көмек көрсету қамтамасыз етілді. Жанжалдарды, еңбек дауларын реттеуге қатысу, оның қатысушыларына өзара қолайлы шешім табуға көмектесу үшін 18 ішкі медиатор оқытылды. Еңбек жанжалдары мен наразылық көріністерінің туындау қаупі бар барлық кәсіпорындар туралы мәліметтер жүйеленген. Ұжымдардағы жағдайды қиындату үшін пайда болатын алғышарттарға уақтылы жауап беру алгоритмі жасалды. ЕТҰ еңбек ұжымдарында және олардың барлық мердігерлік компанияларында қалыптасқан ахуалға мониторинг жалғасуда. Жыл ішінде 55 кәсіпорында әлеуметтік шиеленістің ықтимал тәуекелдері бар 63 жағдай ерекше бақылауда болды.

Туындаған еңбек жанжалдарын құқықтық өріске ауыстыру арқылы Өкілдіктің тікелей қатысуымен (татуластыру комиссияларын құру, жұмыс беруші мен ереуілшілер арасында ымыраға келу және т.б.) 11 ереуіл тоқтатылды, ерте кезеңде 52 наразылық ереуілінің алды алынды. Әлеуметтік жағдайды жақсарту мақсатында ҚМГ ЕТҰ мердігерлік ұйымдарында өндірістік қатынастар (Industrial Relations) бағыты бойынша тұрақты бақылау қамтамасыз етілді. Осы жұмыс аясында 11 тексеру және IR-скринингтер жүргізілді. 

Қабылданған шаралар нәтижесінде еңбек жанжалдарының орташа дәрежедегі тәуекелдері бар мұнай-газ секторы кәсіпорындары санының айтарлықтай төмендеуі байқалады (2023 жылғы қаңтардағы 20 жағдайдан желтоқсандағы 4 жағдайға дейін). Қазіргі уақытта ЕТҰ мен мердігер компаниялардың барлық кәсіпорындары штаттық режимде жұмыс істеуде.

«Өзенмұнайгаз» АҚ мердігерлік ұйымдарын және «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мұнай-сервистік ЕТҰ тексеру

05.06.2023 Жаңаөзен қаласында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, Ақтау қаласындағы ҚМГ өкілдігі, «Өзенмұнайгаз» АҚ (ӨМГ), «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ қызметкерлері, сондай-ақ Маңғыстау облысының мұнай сервисі еншілес ұйымдарынан тартылған мамандар қатарынан арнайы топ (барлығы 60 адам) жұмысқа кірісті. Топтың мақсаты ӨМГ мердігерлік ұйымдары мен ҚМГ мұнай сервистік ЕТҰ қызметін тексеру және талдау болып табылады.

43 мердігерлік ұйым, оның ішінде ӨМГ-нің 29 мердігерлік ұйымы және жоғарыда аталған ҚМГ мұнай сервисінің еншілес ұйымдарының (ЕТҰ) 14 мердігерлік ұйымы тексерілді. 

Жұмыс тобы екі бағытта тексеру жүргізді:

  • еңбек заңнамасын сақтау жөніндегі талаптардың орындалуын тексеру, еңбек жағдайларын, санитарлық-тұрмыстық жағдайларды, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды, сондай-ақ медициналық қызмет көрсету жағдайларын тексеру. Компания басшылығы мен оның қызметкерлері арасында ішкі коммуникациялардың болуына ерекше назар аударылады (басшының еңбек ұжымымен кездесулер өткізуі, қызметкерлерді жеке мәселелері бойынша қабылдау және қызметкерлердің өтініштерін қарау);
  • мердігер ұйымдардың шарт бойынша бөлінген қаражаттың нысаналы пайдаланылуын тексеруді қоса алғанда, шарттық міндеттемелердің орындалуын тексеру (өндірістік сыйлықақыларды, жыл қорытындылары бойынша сыйлықақыларды, мерекелерге арналған біржолғы сыйлықақыларды төлеу, еңбек демалысына сауықтыруға арналған төлемдер және кепілдендірілген ең төменгі әлеуметтік пакетті қамтамасыз ету).

Тексеру нәтижелері бойынша 572 сәйкессіздік анықталды. Анықталған сәйкессіздіктер мен бұзушылықтар бойынша ҚМГ және мұнай сервисінің еншілес ұйымдарына орындау мерзімдерін көрсете отырып, анықталған бұзушылықтарды жою бойынша мердігер ұйымдардың атына нұсқамалар жіберу ұсынылды.

ӨМГ және мұнай сервистік ЕТҰ басшылығына қосымша тексерулер жүргізу тапсырылды, оның қорытындысы бойынша жоғарыда аталған мердігерлік ұйымдарға және ӨМГ және ҚМГ мұнай сервистік ЕТҰ жауапты тұлғаларына қатысты тиісті шаралар қабылданатын болады.

Өз кезегінде, еңбек жағдайларын, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды, медициналық қызмет көрсету жағдайларын тексеру үшін бірыңғай чек-парақ дайындалды.