ОРНЫҚТЫ ДАМУ ТУРАЛЫ ЕСЕП 2023

КОРПОРАТИВТІК БАСҚАРУ

1-қағида. Іскер топтар халықаралық деңгейде жарияланған адам құқықтарын қорғауды қолдауы және құрметтеуі керек.

2-қағида. Іскер топтар адам құқықтарының бұзылуына қатысы болмауы тиіс.

6-қағида. Іскер топтар Еңбек және жұмыспен қамту саласындағы кемсітушілікті жоюды жақтауы керек.

10-қағида. Іскер топтар сыбайлас жемқорлықтың барлық түрлеріне, соның ішінде бопсалау мен парақорлыққа қарсы тұруы керек.

Корпоративтік басқару жүйесі

  • Қазақстан Республикасының заңнамасына және ҚМГ Жарғысына сәйкес ҚМГ корпоративтік басқару құрылымы мынадай:
  • жоғары орган – Акционерлердің жалпы жиналысы; 
  • басқару органы – Акционерлердің жалпы жиналысына есеп беретін Директорлар кеңесі; 
  • атқарушы орган – Директорлар кеңесіне есеп беретін Басқарма; 
  • Ішкі аудит қызметі — «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 1 ақпандағы № 550-IV ҚРЗ Заңына сәйкес Компанияның және Қордың тобына кіретін ҚМГ компаниялар тобының өзге де ұйымдарының қаржы-шаруашылық қызметіне бақылауды, ішкі бақылау және тәуекелдерді басқару саласындағы бағалау, корпоративтік басқару саласындағы құжаттардың орындалуы және ҚМГ мен ҚМГ компаниялар тобының қызметін жетілдіру мақсатында консультация беруді жүзеге асыратын, Директорлар кеңесіне тікелей бағынатын және есеп беретін орталықтандырылған орган; 
  • Корпоративтік хатшы – өз функцияларын тұрақты және тәуелсіз негізде орындайды, ҚМГ Директорлар кеңесінің және (немесе) атқарушы органының мүшесі болып табылмайды, ҚМГ Директорлар кеңесі тағайындайды және ҚМГ Директорлар кеңесіне есеп береді, өз құзыреті шегінде ҚМГ корпоративтік басқару жүйесінде іске асыру және бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асырады; 
  • Комплаенс қызметі – қызметі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және ҚМГ компаниялар тобының ішкі корпоративтік мәдениетін қалыптастыру мәселелері бойынша міндетті реттеуші талаптар мен үздік халықаралық практиканың сақталуын қамтамасыз етуге, қызметкерлер арасында ашықтықты, адалдықты қамтамасыз етуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының үздік халықаралық стандарттарына, ішкі саясаттары мен заңнамаларына сәйкес бизнесті жүргізу үшін жағдайлар жасауға бағытталған, Директорлар кеңесіне есеп береді; 
  • Омбудсмен — өзіне жүгінген ҚМГ қызметкерлеріне консультация беру және еңбек дауларын, жанжалдарды, әлеуметтік-еңбек сипатындағы проблемалық мәселелерді шешуге, сондай-ақ ҚМГ қызметкерлерінің іскерлік әдеп қағидаттарын сақтауға жәрдем көрсету рөлін атқаратын ҚМГ Директорлар кеңесі тағайындайтын адам.

ҚМГ корпоративтік басқару жүйесі акционерлердің және негізгі мүдделі тараптардың: мемлекеттің, стратегиялық әріптестер мен контрагенттердің (өнім берушілер мен сатып алушылардың), инвесторлардың, ҚМГ қызметкерлерінің, муниципалитеттердің, жергілікті қоғамдастықтардың және Компания қатысатын өңірлердің тұрғындарының құқықтары мен заңды мүдделерін құрметтеуге негізделеді.

Компанияның корпоративтік басқару жүйесі корпоративтік басқарудың қазақстандық және халықаралық практикасының талаптары мен стандарттары ескеріліп, үнемі жетілдіріліп отырады.

Аса маңызды мәселелерді қарау және Директорлар кеңесіне ұсынымдар дайындау үшін ҚМГ-да Директорлар кеңесінің комитеттері құрылады. 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша Директорлар кеңесі жанынан мынадай комитеттер жұмыс істеді:

Тағайындаулар мен сыйақылар жөніндегі комитет – Директорлар кеңесі мен Басқарманың сабақтастығын жоспарлау, ҚМГ органдарының қызметін бағалау, тиімді кадр саясатын, еңбекақы және сыйақы төлеу жүйесін қамтамасыз ету, сондай-ақ ҚМГ лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерін әлеуметтік қолдау, кәсіби дамыту және оқыту жөніндегі міндеттер шеңбері үшін құрылған.

Аудит жөніндегі комитет – қаржы-шаруашылық қызметке, оның ішінде қаржылық есептіліктің толықтығы мен дұрыстығына, ішкі бақылау, тәуекелдерді басқару және корпоративтік басқару жүйелерінің тиімділігіне тиімді бақылау орнату, сондай-ақ сыртқы және ішкі аудиттің тәуелсіздігін бақылау үшін құрылған.

Қауіпсіздік, еңбек және қоршаған ортаны қорғау және орнықты даму комитеті – қауіпсіздікті қамтамасыз ету, еңбек және қоршаған ортаны қорғау, орнықты даму және әлеуметтік-экономикалық даму қағидаттарын, әлеуметтік міндеттемелер мен бағдарламаларды енгізу, қызметтің үздіксіздігін және экологиялық тиімділікті қамтамасыз ету бойынша мәселелер шеңберін қарау үшін құрылған. Аталған комитет ұйым көрсететін экономикалық, экологиялық және әлеуметтік әсер ету аспектілері бойынша бастамашылық жасау, терең қарау және шешімдер қабылдау үшін жауап береді.

Стратегия және портфельді басқару комитеті – даму стратегиясы және инвестициялық саясат, ҚМГ қызметінің басым бағыттары, ҚМГ инвестициялық тартымдылығын арттыру, ҚМГ қаржы-шаруашылық қызметін жоспарлау және трансформациялау мониторингі мәселелері бойынша құрылған.

Басқару органының және оның комитеттерінің құрамы

2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша ҚМГ Директорлар кеңесінің құрамы мынадай түрде ұсынылды10

  • Бердіғұлов Ернат Құдайбергенұлы – Директорлар кеңесінің төрағасы, «Самұрық-Қазына» АҚ мүдделер өкілі;
  • Мырзағалиев Мағзұм Маратұлы – ҚМГ Басқарма төрағасы;
  • Холланд Филип Малкольм – тәуелсіз атқарушы емес директор;
  • Қарабалин Ұзақбай Сүлейменұлы – атқарушы емес директор, «Самұрық-Қазына» АҚ мүдделер өкілі;
  • Отыншиев Елжас Мұратұлы – «Самұрық-Қазына» АҚ мүдделер өкілі;
  • Жұбаев Арманбай Сапарбайұлы – тәуелсіз атқарушы емес директор;
  • Арғынғазин Арман Әнуарбекұлы – тәуелсіз атқарушы емес директор;
  • Мыңшарипова Сая Найманбайқызы – тәуелсіз атқарушы емес директор;
  • Шәкіров Асқар Оразалыұлы – тәуелсіз атқарушы емес директор.

2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша ҚМГ Директорлар кеңесі комитеттерінің құрамы мынадай түрде ұсынылды (ҚМГ Директорлар кеңесінің 2023 жылғы 31 тамыздағы шешімі, № 18/2023 хаттама).

Аудит жөніндегі комитет:

  • Арғынғазин Арман Әнуарбекұлы – Комитеттің төрағасы;
  • Холланд Филип Малкольм – Комитет мүшесі;
  • Жұбаев Арманбай Сапарбайұлы – Комитет мүшесі;
  • Мыңшарипова Сая Найманбайқызы – Комитет мүшесі.

Стратегия және портфельді басқару комитеті:

  • Жұбаев Арманбай Сапарбайұлы – Комитеттің төрағасы;
  • Қарабалин Ұзақбай Сүлейменұлы – Комитет мүшесі;
  • Холланд Филип Малкольм – Комитет мүшесі;
  • Отыншиев Елжас Мұратұлы – Комитет мүшесі;
  • Мыңшарипова Сая Найманбайқызы – Комитет мүшесі.

10 ҚМГ акционерлерінің жалпы жиналысының 2023 жылғы 6 сәуірдегі шешімімен (№ 1/2023 хаттама) Директорлар кеңесінің мүшелері – «Самұрық-Қазына» АҚ мүдделер өкілі Ауғанов Ғибрат Қайратұлы мен тәуелсіз директор Хаирова Әсел Әнуарқызының өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылды, сондай-ақ Бердіғұлов Ернат Құдайбергенұлы мен тәуелсіз директор Жұбаев Арманбай Сапарбайұлы Директорлар кеңесінің мүшелері – «Самұрық-Қазына» АҚ мүдделер өкілдері ретінде сайланды. 

ҚМГ акционерлерінің жалпы жиналысының 2023 жылғы 30 мамырдағы шешімімен (№ 2/2023 хаттама) Директорлар кеңесінің мүшесі – тәуелсіз директор Миллер Тимоти Гленнің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылып, Арғынгазин Арман Әнуарбекұлы Директорлар кеңесінің мүшесі – тәуелсіз директор болып сайланды.

ҚМГ акционерлерінің жалпы жиналысының 2023 жылғы 27 маусымдағы шешімімен (№ 3/2023 хаттама) Директорлар кеңесінің мүшесі – «Самұрық-Қазына» АҚ мүдделер өкілі ретіндегі Жанаділ Ернар Бейсенұлының өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылып, Отыншиев Елжас Мұратұлы Директорлар кеңесінің мүшесі – «Самұрық-Қазына» АҚ мүдделер өкілі ретінде сайланды.

ҚМГ акционерлерінің жалпы жиналысының 2023 жылғы 14 тамыздағы шешімімен (№ 4/2023 хаттама) 8 адамнан тұратын Директорлар кеңесінің жаңа құрамы сайланды, оның ішінде 4-уі – тәуелсіз директорлар.

ҚМГ акционерлерінің жалпы жиналысының 2023 жылғы 6 қарашадағы шешімімен (№ 5/2023 хаттама) 9 адамнан тұратын Директорлар кеңесінің құрамы айқындалып, Шәкіров Асқар Оразалыұлы Директорлар кеңесінің мүшесі – тәуелсіз директор ретінде сайланды.

Тағайындау және сыйақылар жөніндегі комитет:

  • Холланд Филип Малкольм – Комитеттің төрағасы;
  • Арғынғазин Арман Әнуарбекұлы – Комитет мүшесі;
  • Мыңшарипова Сая Найманбайқызы – Комитет мүшесі.

Қауіпсіздік, еңбекті қорғау, қоршаған ортаны қорғау және орнықты даму комитеті:

  • Жұбаев Арманбай Сапарбайұлы – Комитеттің төрағасы;
  • Арғынғазин Арман Әнуарбекұлы – Комитет мүшесі;
  • Қарабалин Ұзақбай Сүлейменұлы – Комитет мүшесі.

Компания Директорлар кеңесі құрамындағы тәуелсіз директорлар саны бөлігінде корпоративтік басқару кодексінің талаптарына сәйкес келеді, оған сәйкес тәуелсіз директорлар саны Директорлар кеңесі мүшелерінің жалпы санының 50 %-на дейін құрайды. 

Директорлар кеңесінің төрағасы «Самұрық-Қазына» АҚ мүдделер өкілі болып табылады, ҚМГ Директорлар кеңесінің барлық комитеттерін тәуелсіз директорлар басқарады.

31.12.2023ж. жағдай бойынша Директорлар кеңесі мүшелерінің жалпы саны – 9, оның ішінде:

  • тәуелсіз директорлар – 5,
  • «Самұрық-Қазына» АҚ өкілдері – 3; 
  • атқарушы директор (Басқарма төрағасы) — 1.

Директорлар кеңесінің тоғыз мүшесінің ішінен Қазақстан азаматтары – сегіз адам, Ұлыбритания – бір адам.

Өкілеттік мерзімі

Директорлар кеңесінің өкілеттік мерзімі үш жылды құрайды. Директорлар кеңесінің мүшелері Директорлар кеңесінің құрамын сапалы жаңарту қажеттілігі ескеріле отырып, ерекше қаралған кезде қатарынан алты жылдан астам мерзімге қайта сайлануы мүмкін. Ерекше жағдайларда тоғыз жылға дейін мерзімге сайлауға жол беріледі (тәуелсіз директорлар үшін бұл жағдайда барлық мүдделі тараптарға Компания ашатын осындай қажеттіліктің егжей-тегжейлі және сенімді негіздемесі дайындалады).

Бұл ретте ҚМГ-да жүргізілген корпоративтік басқарудың тәуелсіз диагностикасының нәтижелері бойынша Компания Компанияның Директорлар кеңесінде акционерлер мен тәуелсіз директорлар өкілдерін неғұрлым ұзақ сақтау мақсатында Акционермен қарым-қатынасты талқылау мүмкіндігін қарау туралы ұсыныс алды. Сондай-ақ өкілдердің өкілеттік мерзімін Компанияның таңдалған Стратегиясының кезеңіне сәйкес келтіру туралы мәселені зерделеу қажеттілігі туралы ұсыныс берілді. Тәуелсіз консультанттың пікірінше, бұл мынадай артықшылықтар бере алады: жекелеген директорлардың бес-алты жылға созылатын өкілеттік мерзімі және оларды әр жылдары ротациялау Компанияның қызметі мен оның корпоративтік басқару процестері туралы білімнің сабақтастығын қамтамасыз етеді. Директорлар кеңесінде ұзақ уақыт болу орындалатын жұмыстың сапасын арттыруға және Компанияның стратегиясын іске асыру жолында табысты ілгерілеуі үшін жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді.

Директорлар кеңесі мен оның Комитеттерінде барлық акционерлерге әділ қарым-қатынас және орнықты даму қағидаттары ескеріле отырып, және ҚМГ мүддесінде тәуелсіз, дәйекті және тиімді шешімдер қабылдануын қамтамасыз ететін дағдылар, тәжірибе мен білім теңгерімін сақтау қамтамасыз етіледі. «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 13 мамырдағы № 415-II Заңының 54-бабының 4-тармағына және ҚМГ Корпоративтік басқару кодексінің 5-тарауының 9-тармағына сәйкес Басқарма төрағасынан басқа Басқарма мүшелері Директорлар кеңесіне сайлана алмайды, бұл ретте Басқарма төрағасы Директорлар кеңесінің төрағасы болып сайлана алмайды. 

Директорлар кеңесінің мүшелері туралы ақпарат ҚМГ веб-сайтында толығырақ берілген:https://www.kmg.kz/ru/sustainable-development/corporate-governance/directors board/.

ҚМГ Басқармасы 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша 9 адамнан тұрады.

Басқарма құрамына:

Мырзағалиев Мағзұм Маратұлы

Басқарма төрағасы

Абдулгафаров Дастан Елемесұлы

Басқарма төрағасының орынбасары

Арысова Диана Айдарқызы

Басқарма төрағасының орынбасары

Брекешев Серікқали Аманғалиұлы

Басқарма төрағасының орынбасары

Закиров Болат Калавьянович

Басқарма төрағасының орынбасары

Құдайбергенов Қуаныш Мерекеұлы

Басқарма төрағасының орынбасары

Лавренов Василий Сергеевич

Басқарма төрағасының орынбасары

Макеев Дмитрий Сергеевич

Басқарма төрағасының орынбасары

Хасанов Дәулетжан Кеңесұлы

Басқарма төрағасының орынбасары

Басқарма өз қызметін ҚМГ Басқармасының 23.12.2022ж. шешімімен (№ 68 хаттама) бекітілген «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқармасының 2023 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес жүзеге асырды.

Жұмыс регламентіне сәйкес Басқарманың іштей отырыстары апта сайын өткізілді.

Көрсетілген сандық деректер Басқарманың іштей отырыстарын өткізу жүйелілігін куәландырады, бұл ҚМГ Корпоративтік басқару кодексінің ережелеріне толық сәйкес келеді.

2023 жыл ішінде ҚМГ Басқармасы іштей отырыстарда 572 шешім (100 %) қабылдады. Атқарушы орган отырыстарының 59 хаттамасы ресімделді.

2023 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша қабылданған Басқарманың күндізгі шешімдерінің жалпы санынан 154 мәселе белгіленген тәртіппен ҚМГ Директорлар кеңесінің қарауына шығарылды.

2023 жылғы қаңтар-желтоқсан аралығында Басқарма шешімдерімен мыналар бекітілді:

  • «ҚазМұнайГаз«ҰК АҚ компаниялар тобының кейбір ұйымдарының 2023 жылға арналған базалық тарифтік ставкасы;
  • «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ компаниялар тобында өндірістік қауіпсіздіктің, еңбекті және қоршаған ортаны қорғаудың жай-күйін жақсартудың 2023–2027 жылдарға арналған Жол картасы;
  • түзетілген Даму жоспары / ҚазМұнайГаз ҰК АҚ-ның 2023–2027 жылдарға арналған Бизнес-жоспары;
  • «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ 2023 жылға түзетілген бюджеті;
  • «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның 2024–2028 жылдарға арналған бизнес-жоспары;
  • «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқармасының 2024 жылға арналған жұмыс жоспары;
  • «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ 2023 жылға арналған бюджеті.

Сонымен қатар 36 шешіммен ҚМГ-ның жекелеген ішкі құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар бекітілді.

Экономикалық, экологиялық және әлеуметтік тақырыптар үшін жауапкершілік

Корпоративтік басқару кодексіне сәйкес Директорлар кеңесі мен Басқарма өз құзыреті шеңберінде Орнықты даму саласында тиісті жүйені қалыптастыруды және оны енгізуді қамтамасыз етеді, бұл ретте лауазымды тұлғалар мен барлық деңгейдегі барлық қызметкерлер орнықты дамуға үлесін қосады.

2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша басқару органы деңгейінде орнықты даму мәселелерін шешу үшін жауапкершілік былайша бөлінді:

  • Комплаенс қызметі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және ҚМГ компаниялар тобының ішкі корпоративтік мәдениетін қалыптастыру мәселелері бойынша міндетті реттеуші талаптар мен үздік халықаралық тәжірибенің сақталуына, қызметкерлер арасында ашықтықты, адалдықты қамтамасыз етуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының үздік халықаралық стандарттарына, ішкі саясаттары мен заңнамаларына сәйкес бизнесті жүргізу үшін жағдайлар жасауға бағытталған, Директорлар кеңесіне есеп береді;
  • Омбудсмен қызметі Компанияның барлық қызметкерлерінің әділдігі мен мүдделерін сақтауға: даулар мен жанжалдардың алдын алу және реттеу; жүйелі сипаттағы және шешуді талап ететін проблемалық мәселелерді тиісті органдар мен лауазымды адамдардың қарауына шығару; жанжалды жағдайларды тұрақтандыру жөнінде ұсыныстар ұсыну арқылы жауап береді.

Атқарушы орган деңгейінде орнықты даму мәселелерін шешу үшін жауапкершілік былайша бөлінген:

  • Басқарма төрағасының орынбасарлары: орнықты даму қағидаттарының сақталуын қамтамасыз ететін орнықты даму саласында басқару жүйесін құру және енгізу, сондай-ақ орнықты дамуды негізгі процестерге, Компанияның даму стратегиясына, шешім қабылдау процестеріне интеграциялау, Компанияның төмен көміртекті даму және ESG-рейтинг мәселелері, сондай-ақ қатысу өңірлерінің экономикалық дамуына жәрдемдесу мәселелерін қоса алғанда, орнықты дамудың экономикалық құрамдас бөлігі мәселелерінің кешенін шешу мәселелері;
  • Еңбекті және қоршаған ортаны қорғау департаментінің директоры: еңбекті қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ҚМГ стратегиясы мен саясатын қалыптастыру және іске асырылуын қамтамасыз ету мәселелері, сондай-ақ тұтастай алғанда, өндірістік қауіпсіздікті, денсаулықты қорғауды, еңбекті қорғауды, қоршаған ортаны және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері;
  • Төмен көміртекті даму департаментінің директоры: парниктік газдар шығарындыларын басқару, энергетикалық менеджмент жүйесін енгізу мәселелері, сондай-ақ төмен көміртекті жобаларды іске асыруға жәрдемдесу және көміртегі ізін азайту саласындағы ҚМГ нысаналы бағдарларына сәйкес жетекшілік ететін бағыт бойынша қызметті жетілдіру.
  • Адами ресурстарды басқару департаментінің директоры: процестерді іске асыру және орнықты дамудың еңбек, кадр және әлеуметтік аспектілерін басқару мәселелері;

Жоғарыда аталған адамдар ҚМГ Басқарма төрағасына есеп береді. Экономикалық, экологиялық және әлеуметтік мәселелерді шешу үшін жауапты тұлғалардың есеп беруі ішкі нормативтік құжаттармен, ішкі бақылау және Компания қызметінің үздіксіздігі рәсімдерімен егжей-тегжейлі реттеледі. Аталған мәселелер Басқарма мен Директорлар кеңесінің қарауына шығарылады. Бұл ретте Директорлар кеңесінің отырыстарында тиісті мәселелер қаралғанға дейін Директорлар кеңесінің комитеттері мынадай бөлініске сәйкес Директорлар кеңесі үшін ұсынымдар әзірлейді: корпоративтік басқаруды жетілдіру жөніндегі функциялар мен іс-шаралардың орындалуын кешенді бақылау ҚМГ Директорлар кеңесінің Аудит жөніндегі комитетіне бекітілді, ұйым көрсететін әсердің экономикалық, экологиялық және әлеуметтік аспектілері бойынша бастамашылық жасау, терең қарау және шешім қабылдау, сондай-ақ ҚМГ-да орнықты дамудың енгізілуін бақылау ҚМГ Директорлар кеңесінің еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғау және орнықты даму комитетіне бекітілді.

Мүдделі тараптарға экономикалық, экологиялық және әлеуметтік тақырыптар бойынша кеңес беру

Мүдделі тараптар мен Компанияның жоғары корпоративтік басқару органы арасындағы экономикалық, экологиялық және әлеуметтік мәселелер бойынша консультациялар әртүрлі тәсілдермен тұрақты негізде жүргізіледі.

Мысалы, ЕҚЕҚОҚОДК жоғарыда аталған лауазымды тұлғалардың қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады.

2023 жылы ЕҚЕҚОҚОДК 5 отырысы өткізіліп, онда 31 мәселе қаралды.

ҚМГ Директорлар кеңесінің ЕҚЕҚОҚОДК орнықты даму мәселелерін қарауды және ұйымдастыруды, орнықты даму саласындағы саясатты, ҚМГ орнықты даму туралы жыл сайынғы есебін, орнықты даму саласындағы іс-шаралар жоспарларын және бекітілуі Директорлар кеңесінің құзыретіне жататын өзге де ішкі құжаттарды, орнықты дамудың әлеуметтік, экономикалық және экологиялық компоненттерін енгізу, орнықты даму саласындағы басқару жүйесін қалыптастыруды, орнықты даму саласындағы мақсаттар мен ҚНК айқындауды, ҚМГ-да орнықты дамудың енгізілуін, ҚМГ-ның негізгі процестеріне орнықты дамуды интеграциялауды бақылауды жүзеге асырады.

2023 жылы ЕҚЕҚОҚОДК-ның басты назары еңбекті қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау, ESG аспектілерін стратегиялық басқару, сондай-ақ орнықты даму жүйесін енгізу мәселелерінде болды.

ЕҚЕҚОҚОДК 2023 жылғы күн тәртібіндегі негізгі мәселелерге мыналарды жатқызуға болады:

  • Еңбекті қорғау, өндірістік қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша есеп
  • «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның 2022–2031 жылдарға арналған Төмен көміртекті даму бағдарламасының іске асырылу мәртебесі
  • ҚМГ ESG рейтингі туралы
  • «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ ESG тәуекел-рейтингін жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы
  • «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-да және оның бизнес-бірліктерінде орнықты даму жүйесін енгізу және орнықты даму қағидаттарын негізгі бизнес-процестерге енгізу туралы мәртебе-есеп
  • «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге қосқан үлесі туралы
  • «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның климат саласындағы корпоративтік басқару жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеу және TCFD ұсынымдарына сәйкес ашуды дайындау» жобасы бойынша жұмыс нәтижелері туралы

Бұдан басқа ЕҚЕҚОҚОДК 2023 жылы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның 2022 жылғы Орнықты даму туралы есебін қарап, мақұлдады.

ЕҚЕҚОҚОДК жұмысына қатысу үшін Комитет отырыстарына дауыс беру құқығынсыз ҚМГ лауазымды тұлғалары мен қызметкерлері үнемі шақырылып отырды. ҚМГ Директорлар кеңесі Комитет әзірлеген ұсынымдардың әрқайсысын қабылдады.

Экономикалық, экологиялық және әлеуметтік проблемалар бойынша мүдделі тараптардың кең тізбесіне кеңес беру Компанияның веб-сайты, жұртшылықпен өзара іс-қимыл жөніндегі қызмет (Баспасөз қызметі) арқылы, сондай-ақ орнықты даму саласындағы ақпаратты ашу мәселелері бойынша сыртқы және ішкі мүдделі тараптармен ҚМГ-ның орталық коммуникациялар арнасы болып табылатын Орнықты даму туралы жыл сайынғы есеп шығару арқылы жүргізіледі. Сонымен қатар ҚМГ-да мүдделі тараптармен және Компаниямен тиісті түрде диалог құруға мүмкіндік беретін түрлі коммуникация тәсілдері бар. Мысалы, инвестициялық қоғамдастыққа арналған ақпарат:
https://www.kmg.kz/investors/ арнайы порталында орналастырылады, жұмысқа орналастыру мәселелері
https://work.kmg.kz/ порталында орналастырылады, қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзу мәселелері бойынша nysana@cscc.kz жылдам жүйесіне жүгінуге болады, құпия ақпараттандыру жүйесі
https://www.sk-hotline.kz/ интернет-порталы арқылы қолжетімді, сондай-ақ Омбудсмен қызметінің мәселелері бойынша функционалдық өзара іс-қимыл ombudsman@ kmg.kz, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау мәселелері hse@kmg. kz және орнықты даму sustainability@kmg.kz арқылы жүзеге асырылады.

Сыни маңызды мәселелер туралы ақпараттандыру

ҚМГ Директорлар кеңесін сыни маңызды проблемалар туралы ақпараттандыру Компанияның қызметі туралы тұрақты есептер арқылы жүзеге асырылады, оның ішінде, бірақ аталғандармен шектелмейді: ҚМГ Басқарма төрағасының қызметтегі негізгі өзгерістер туралы есебі, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі ақпарат, қаржы-шаруашылық қызметтің алдын ала нәтижелері бойынша есеп, Ресей Федерациясына қатысты санкциялардың ҚМГ қызметіне әсері туралы ақпарат*, жасалуыына мүдделілік бар, Басқарма шешім қабылдап жасалған мәмілелер туралы есеп, стратегияны, қызметтің негізгі көрсеткіштері мен инвестициялық жобаларды орындау мәртебесіне шолу, ҚМГ-ның шоғырландырылған даму жоспарын іске асыру туралы есеп, тәуекелдер жөніндегі есеп, Директорлар кеңесі шешімдерінің орындалуы туралы есеп, сондай-ақ Директорлар кеңесі комитеттері төрағаларының есептері.

Жоғарыда көрсетілген есептерден басқа, ДК дереу хабарлау қажет болатын мәселелерді мезгіл-мезгіл айқындап отырады, мысалы, ҚМГ тобындағы ағымдағы жағдай, операциялық қызмет және т.б. туралы, қаржылық көрсеткіштер туралы, ҚМГ тобы компанияларындағы еңбекті және қоршаған ортаны қорғау саласындағы елеулі оқиғалар туралы ақпарат, соның ішінде өрт туралы есептер (мұндай оқиғалар есепті кезеңнен кейін болған болса да). ҚМГ Директорлар кеңесінің Қауіпсіздік, еңбекті, қоршаған ортаны қорғау және орнықты даму жөніндегі комитеті ҚМГ-да және оның бизнес-бірліктерінде орнықты даму жүйесін енгізу және орнықты даму қағидаттарын негізгі бизнес-процестерге енгізу туралы есептерді, сондай-ақ ESG (Environmental-Social-Governance) рейтингінің деңгейін арттыру жөніндегі жұмыстардың мәртебесі туралы ақпаратты үнемі қарап талқылайды).

Маңызды мәселелердің сипаты мен саны

Директорлар кеңесінің әрбір іштей отырысында қаралатын ҚМГ еңбекті және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі ақпаратты қарау шеңберінде есепті кезеңге қарамастан, ҚМГ тобының компанияларындағы еңбекті және қоршаған ортаны қорғау саласындағы кез келген оқиғалар туралы Директорлар кеңесінің мүшелерін жедел ақпараттандыру тапсырмасы берілді.

Бұдан басқа, ЕҚЕҚОҚОДК ҚМГ-да және оның бизнес-бірліктерінде орнықты даму жүйесін енгізу және орнықты даму қағидаттарын негізгі бизнес-процестерге енгізу туралы мәртебе-есеп, сондай-ақ ҚМГ-ның ESG тәуекел-рейтингі және Төмен көміртекті даму бағдарламасының іске асырылу мәртебесі туралы мәселені тыңдайды.

ҚМГ компаниялар тобының еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы саясаты жоғары басшылықтың еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелеріне бейілділігіне негізделген және әрбір қызметкерді қауіпсіздік мәдениетін дамытуға тартуға бағытталған.

Басқару органын номинациялау және іріктеу

Директорлар кеңесінің мүшелігіне кандидаттарды ұсыну және іріктеу тәртібі

Директорлар кеңесінің мүшелігіне кандидаттарды ұсыну және іріктеу тәртібі ҚМГ Жарғысымен және өзге де нормативтік құжаттармен айқындалады, оны Акционерлердің жалпы жиналысы Директорлар кеңесінің төрағасымен және Тағайындаулар мен сыйақылар жөніндегі комитеттің төрағасымен бірлесіп жүзеге асырады, сондай-ақ ол кандидатураларды іздестіру мен жалдауды жүзеге асыру кезінде ашықтық, әділдік және кәсіпқойлық қағидаттарына негізделеді.

Директорлар кеңесінің мүшелері акционерлердің және өзге де тұлғалардың өкілдері ретінде сайлауға ұсынылғандар арасынан сайланады. Директорлар кеңесінің мүшелігіне кандидаттардың лауазымдық функцияларын орындау үшін және ұзақ мерзімді құнның өсуін және Компанияның орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін қажетті білімі, дағдылары мен тәжірибесі болуы, сондай-ақ мінсіз іскерлік беделі болуы тиіс.

Директорлар кеңесінің төрағасы мен мүшелері Акционерлердің жалпы жиналысында сайланады.

Тәуелсіз директорлар «Самұрық-Қазына» АҚ Басқармасының 2016 жылғы 26 қыркүйектегі шешімімен, № 35/16 хаттама, бекітілген «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялары Директорлар кеңесінің/Байқау кеңесінің құрамдарын қалыптастыру жөніндегі қағидаларғаға сәйкес іріктеледі.

*Анықтама

Компанияның перспективалық жобаларына нақты әсер етуі мүмкін санкциялардың ықтимал кеңеюін ескере отырып, теріс әсерлер мен салдарларды азайту үшін қолданыстағы санкциялардың мониторингін жүзеге асырады. Тәуекелдерді азайту мақсатында Компания санкциялық режим күшейтілген жағдайда жобалардан шығу немесе оларды өз бетінше іске асыру тетіктерін көздейді. Санкциялардың ҚМГ қызметіне әсерін талдау және қажетті шараларды әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Санкциялардың ҚМГ қызметіне әсері туралы шоғырландырылған ақпарат ҚМГ ДК-ға, Қорға, ҚР ЭМ-ге және ҚМГ мүдделі бөлімшелеріне мерзімдік негізде беріліп отырады.

Мүдделер қақтығысы

Компаниядағы мүдделер қақтығысын реттеу жөніндегі негізгі процестер ҚМГ Директорлар кеңесі бекіткен ҚМГ және оның ЕТҰ қызметкерлері мен лауазымды тұлғаларының мүдделер қақтығысын реттеу жөніндегі саясатта, сондай-ақ Іскерлік әдеп кодексінде көрсетілген.

Атқаратын лауазымына қарамастан, Компанияның әрбір қызметкері мен әрбір лауазымды тұлғасы осы Саясаттың талаптарының сақталуы үшін жауапты болады. Қазіргі уақытта Компанияда жұмысқа қабылдау/лауазымға тағайындау/жаңа лауазымға тағайындау және кірісу кезінде қызметкерлердің және/немесе лауазымды тұлғалардың ықтимал мүдделер қақтығысы туралы ақпаратты бастапқы ашу рәсімі енгізілді. Бұл Ашу мынадай ақпаратты қамтиды: 1) ҚМГ және оның ЕТҰ контрагент компанияларындағы/бәсекелестеріндегі бенефициарлық иеленуі/үлестік қатысуы және басшылық етуі туралы мәліметтер; 2) ҚМГ және оның ЕТҰ контрагенттерінің немесе бәсекелестерінің жеке және алқалы органдарына қатысуы туралы мәліметтер; 3) ҚМГ және оның ЕТҰ контрагенттерімен өзара іс-қимылы туралы мәліметтер; 4) ҚМГ және/немесе оның ЕТҰ-ға тиесілі активтерді және/немесе бағалы қағаздарды сатып алу ниеті туралы мәліметтер және т.б. Комплаенс саласындағы ҚМГ-ның мүдделер қақтығысының бар-жоғы және саясаттардың және/немесе өзге де құжаттардың талаптары мен рәсімдерінің сақталуы, оның ішінде «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының лауазымды тұлғаларында жұмысқа қабылдауға, басшы лауазымдарға тағайындауға кандидаттар ретінде қаралатын тұлғалармен, сондай-ақ жасалуына ҚМГ-ның мүдделілігі бар мәмілелер жасасу кезінде үлестестік белгілерінің бар-жоғы тұрғысынан тексеру жүргізу көзделген. Жоғарыда көрсетілген тұлғалардан «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР 2015 жылғы 18 қарашадағы № 410-V ҚРЗ Заңына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдауға келісім жинау қосымша жүзеге асырылады.

Мақсаттарды, құндылықтарды, миссияларды және стратегияларды айқындаудағы басқару органының рөлі

ҚМГ Директорлар кеңесі стратегиялық жоспарлау және ҚМГ даму стратегиясын іске асыру мәселелеріне белсенді қатысады.

ҚМГ-ның стратегиялық бастамаларына бақылауды жүзеге асыру және уақтылы түзету шараларын қабылдау мақсатында Директорлар кеңесі ҚМГ Басқарма төрағасының қызметтің негізгі өзгерістері жөніндегі есебін, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі ақпаратты, қаржы-шаруашылық қызметтің алдын ала нәтижелері жөніндегі есепті, жасалуына мүдделілік бар, жасасу туралы шешімдерін Басқарма қабылдаған жасалған мәмілелер туралы есепті, Даму стратегиясының, ҚНК және инвестициялық жобалардың орындалу мәртебесіне шолуды, ҚМГ-ның шоғырландырылған даму жоспарының іске асырылуы туралы есепті, Директорлар кеңесі комитеттері төрағаларының есептерін, Директорлар кеңесі шешімдерінің орындалуы туралы есепті, сондай-ақ Директорлар кеңесіне есеп беретін қызметтердің қызметі туралы есептерді үнемі тыңдайды.

Директорлар кеңесі ҚМГ қызметінің басым бағыттарын айқындауға және ҚМГ Даму стратегиясын бекітуге, сондай-ақ оның іске асырылуына мониторингті жүзеге асыруға жауапты болады.

2023 жылғы 26 шілдеде кесте бойынша жоспарланған отырыс өткізілді, оның шеңберінде Даму стратегиясы және сыртқы факторларды талдау мәселелері және олардың 2021 жылғы 3 қарашадағы Директорлар кеңесінің шешімімен (№ 17/2021 хаттама) бекітілген 2022–2031 жылдарға арналған ҚМГ Даму стратегиясына әсері қаралды. ҚМГ‑ның қолданыстағы Даму стратегиясының өзектілігі, оның ішінде оның «Самұрық-Қазына» АҚ жүргізіп жатқан реформасына және сыртқы факторларға сәйкестігі, сондай-ақ ҚМГ-ның ірі мұнай-газ активтеріне қатысты стратегиясы бойынша ағымдағы мәртебесі мәселесі қаралды.

Директорлар кеңесі 2023 жылы бірқатар стратегиялық мәселелерді қарады:

  • Шетелдік нарықтарға мұнай жеткізудің баламалы бағыттары
  • «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның 2024–2028 жылдарға арналған шоғырландырылған бизнес-жоспары туралы
  • ҚМГ қызметінің корпоративтік негізгі көрсеткіштерін және олардың нысаналы мәндерін бекіту
  • ҚМГ орталық аппаратының құрылымын бекіту
  • ҚМГ-ның 2028 жылға дейінгі Даму стратегиясының іске асырылуы туралы 2022 жылға арналған есеп туралы
  • Инвестициялық жобалардың іске асырылу мәселелері
  • Басшы қызметкерлер қызметінің уәждемелік негізгі көрсеткіштерінің карталарын және олардың нысаналы мәндерін бекіту
  • ҚМГ-ның мұнай сатып алу, мұнай өнімдерін сатып алу-сату туралы шарттар жасасуы
  • ҚМГ-ның 2022 жылғы таза кірісін бөлу тәртібі және ҚМГ-ның бір жай акциясына есептегендегі дивиденд мөлшері туралы
  • ҚМГ облигацияларын шығару туралы және ҚМГ облигацияларын шығару шарттарын айқындау туралы
  • ҚМГ-ның 2022 жылғы Жылдық есебін бекіту
  • ҚМГ-ның 2022 жылғы Орнықты дамуы туралы есепті бекіту
  • 2025 жылы өтеуге жататын орта мерзімді жаһандық ноталарды мерзімінен бұрын өтеу (сатып алу) және мерзімінен бұрын өтеу (сатып алу) бағасын айқындау туралы
  • Coöperatieve KazMunaiGaz U.A-ның «Самұрық-Қазына» АҚ-дан «ҚМГ Қашаған Б. В.» ЖШЖК акцияларының 50 %-ын кері сатып алуын жүзеге асыру туралы
  • ҚМГ стратегиялық емес активтерін шығару жөніндегі жол карталарын бекіту туралы
  • ҚМГ стратегиялық емес активтерінің тізбесін бекіту туралы
  • Киберқауіпсіздік мәселелері
  • ҚМГ-ның 2022–2031 жылдарға арналған Даму стратегиясының өзектілігі

2023 жылғы 6 қазанда орнықты даму мәселелері бойынша ҚМГ Директорлар кеңесінің жыл сайынғы отырысы өткізілді, оның шеңберінде мынадай өзекті мәселелер бойынша талқылау өтті:

  • «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ орнықты даму жүйесі және ESG-тәуекел рейтингі туралы
  • «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ үшін TCFD ұсынымдары және қаржылық есептіліктің жаңа стандарттары бойынша ақпаратты ашу
  • «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Төмен көміртекті даму бағдарламасының іске асырылу мәртебесі

Директорлар кеңесі Компания жұмыскерлері мен оның мердігерлерінің барлық өндірістік объектілеріндегі экология және қоршаған ортаны қорғау, өмірі мен денсаулығы мәселелерінің жоғары басымдылығын, кадрлық әлеуетті дамытуды және орнықты даму саласындағы жалпыға бірдей танылған жаһандық мақсаттарға бейілділікті түсінеді, сондықтан орнықты дамуды және өндірудің көміртегі сыйымдылығын үдемелі төмендетуді ҚМГ-ның негізгі стратегиялық мақсаттарының бірі ретінде айқындайды, бұл «Самұрық-Қазына» АҚ-ның пайымына, Қазақстан Республикасының Даму стратегиясына және әлемдік инвестициялық қоғамдастықтың күн тәртібіне сәйкес келеді.

Орнықты даму саласындағы есепті дайындаудағы жоғары корпоративтік басқару органының рөлі

Компанияның Жарғысына сәйкес Орнықты даму туралы есепті бекіту ҚМГ Директорлар кеңесінің құзыретіне жатады.

ҚМГ Директорлар кеңесінің Қауіпсіздік, еңбекті, қоршаған ортаны қорғау және орнықты даму жөніндегі комитеті ҚМГ Директорлар кеңесі үшін Орнықты даму саласындағы есепті бекіту туралы ұсынымды тексеретін және әзірлейтін ҚМГ органы болып табылады.

GRI жаңа стандарттарына сәйкес орнықты даму туралы есепте маңызды тақырыптарды ашу (GRI 3: Material Topics 2021) әрбір есепті кезеңде және ДК мүшелерінің тікелей қатысуымен айқындалады.

Орнықты дамуы туралы есепте келтірілген деректерді растау үшін тәуелсіз тарап оны верификациялауды жүзеге асырады, бұл өз кезегінде есепте ашылатын ақпараттың сенімділігін және инвесторлар тарапынан сенімділікті арттыруға және соның салдарынан ҚМГ-ның инвестициялық тартымдылығын жақсартуға ықпал етеді.

Басқару рганының құзыреттілігі және қызметін бағалау

Басқару органы мүшелерінің ұжымдық білімі

Директорлар кеңесінің мүшелері өз дағдылары мен кәсібилігін, соның ішінде экономикалық, экологиялық және әлеуметтік аспектілерді басқару бөлігінде ұдайы арттыруға ұмтылады. Тағайындаулар мен сыйақылар жөніндегі комитет тұрақты негізде Директорлар кеңесі мүшелерінің дағдылары мен білімдерінің ағымдағы теңгерімін қарайды.

Директорлар кеңесінің мүшелерін оқыту туралы ақпарат Компанияның веб-сайтында үнемі жаңартылып отырады және мына сілтеме бойынша қол жетімді: https://www.kmg.kz/ru/sustainable-development/corporate-governance/directors_board/.

Директорлар кеңесінің отырыстарында, оның ішінде Директорлар кеңесінің, сондай-ақ Директорлар кеңесінің Қауіпсіздік, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау және орнықты даму жөніндегі комитетінің орнықты даму мәселелері жөніндегі жекелеген отырысында мәселелерді қарау шеңберінде ESG аспектілерін қамту периметріне кіретін неғұрлым өзекті тақырыптар, оның ішінде халықаралық трендтер мен елішілік бастамалар туралы ақпарат үнемі талқыланып отырады.

Басқару органының қызметін бағалау

Корпоративтік басқару кодексіне сәйкес және директорлар кеңесі мен оның комитеттерінің, «Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар кеңесінің, Директорлар кеңесі Комитеттерінің, Директорлар кеңесінің төрағасы, мүшелері мен Корпоративтік хатшысының (бұдан әрі – Ереже). Ережеде Директорлар кеңесі, комитеттер және Директорлар кеңесінің мүшелері Директорлар Кеңесі бекіткен құрылымдық процесс шеңберінде жыл сайынғы негізде бағалануы тиіс деп көзделген. Бұл ретте бағалау кемінде үш жылда бір рет тәуелсіз кәсіби ұйымды тарта отырып жүргізіледі.

2021 жылы ҚМГ-ні қоса алғанда, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның 11 портфельдік компаниясында «ПрайсуотерхаусКуперс» ЖШС командасы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 2021 жылғы 31 мамырды қоса алған кезеңдегі корпоративтік басқарудың тәуелсіз диагностикасын жүргізді. Аталған диагностика шеңберінде мынадай бес бағыт бойынша қызмет бағаланды: ДК және атқарушы органның тиімділігі; тәуекелдерді басқару, ішкі бақылау және аудит; орнықты даму; акционерлердің құқықтары; ашықтық.

Тәуелсіз диагностиканың қорытындысы бойынша ҚМГ «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Корпоративтік басқаруды жетілдіру жөніндегі 2022–2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекітті.

Осыған байланысты 2023 жылы Директорлар кеңесінің қызметіне жеке тәуелсіз бағалау жүргізілген жоқ.

Бұл ретте 2023 жылы Корпоративтік басқару кодексі талаптарына сәйкес 2022 жылдың қорытындысы бойынша сауалнама жүргізу арқылы Директорлар кеңесі мүшелерінің өзін-өзі бағалауы жүргізілді. Өзін-өзі бағалау сауалнамасын Тағайындаулар мен сыйақылар жөніндегі комитеттің және Директорлар кеңесінің төрағалары бірлесіп әзірледі. Сауалнама екі бөлімнен тұрды — «Құрам және процестер», «Мінез-құлық және әрекеттер» – және 30 сұрақ. Өзін-өзі бағалау нәтижелері Тағайындаулар мен сыйақылар жөніндегі комитетте алдын ала қаралды, оның барысында Директорлар кеңесінің төрағасына Тағайындаулар мен сыйақылар жөніндегі комитеттің төрағасымен бірлесіп, Директорлар кеңесінің отырысы шеңберінде Директорлар кеңесінің қызметін өзін-өзі бағалау нәтижелерін талқылау кезінде 2022 жылдың қорытындылары бойынша мынадай аспектілерді талқылау ұсынымы әзірленді:

  • барлық аспектілердегі әртүрлілік;
  • Директорлар кеңесі мүшелерінің сабақтастық жоспары және сайлану процесі;
  • ҚМГ стратегиясы;
  • кәсіптік дамыту және оқыту.

2023 жылғы желтоқсандағы Директорлар кеңесінің отырысында 2023 жылдың қорытындысы бойынша ҚМГ Директорлар кеңесінің қызметін бағалауға қатысты мәселе қаралды. Жыл сайынғы негізде өзін-өзі бағалауды жүргізу мақсаты Директорлар кеңесі мүшелерінің сауалнамаларды толтыру қорытындылары бойынша динамиканы анықтау болып табылады. ҚМГ Директорлар кеңесі назар аударуды қажет ететін ережелерді анықтау, сондай-ақ нәтижелерді бұрын алынған нәтижелермен салыстыру мақсатында 2023 жылдың қорытындысы бойынша ҚМГ Директорлар кеңесінің қызметіне өзін-өзі бағалау арқылы бағалау жүргізу туралы шешім қабылдады.

ҚМГ Директорлар кеңесінің 2024 жылғы 7 наурыздағы отырысында 2023 жылдың қорытындысы бойынша Директорлар кеңесінің қызметін өзін-өзі бағалау нәтижелері туралы есеп қаралды. Директорлар кеңесінің 2024 жылғы 10 сәуірдегі шешімімен «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Директорлар кеңесінің қызметін жетілдіру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді.

Сыйақыны айқындау саясаты мен процесі

ҚМГ Директорлар кеңесі мүшелерінің сыйақы деңгейі ҚМГ Директорлар кеңесі мүшелерімен жасалған шарттарға сәйкес Акционерлердің жалпы жиналысының шешімімен белгіленеді.

ҚМГ Директорлар кеңесі мүшелерінің сыйақысы тіркелген болып табылады. Бұл ретте, Директорлар кеңесінің төрағасы үшін белгіленгеннен басқа, Директорлар кеңесіне төрағалық еткені үшін қосымша сыйақы да көзделген.

Корпоративтік басқару кодексіне сәйкес «Директорлар кеңесі мүшелерінің сыйақы деңгейі Директорлар кеңесінің әрбір мүшесін ұйымды табысты басқару үшін талап етілетін деңгейде тарту, ұстап қалу және ынталандыру үшін жеткілікті болуы тиіс. Ұйымның Директорлар кеңесінің мүшесіне сыйақы белгілеу «Самұрық-Қазына» АҚ әзірлейтін әдіснамаға сәйкес жүзеге асырылады, бұл ретте ұйым үшін осы адамның Директорлар кеңесінің құрамына қатысуынан күтілетін оң нәтижесі назарға алынуы тиіс». Сондай-ақ Корпоративтік басқару кодексіне сәйкес бірде-бір тұлға өзінің сыйақысына байланысты шешімдер қабылдауға қатыспауға тиіс.

Сыйақы мөлшерін айқындау тәртібін Акционерлердің жалпы жиналысы айқындайды. «Самұрық-Қазына» АҚ Басқармасының 2016 жылғы 26 қыркүйектегі шешімімен (№ 35/16 хаттама) «Самұрық-Қазына» АҚ компанияларының Директорлар кеңесінің/Байқау кеңесінің құрамдарын қалыптастыру жөніндегі қағидалар бекітілді, олар сонымен қатар Директорлар кеңесінің мүшелеріне сыйақы белгілеу тәртібін де көздейді.

«Сыйақы және шығыстарды өтеу» қағидаларының 3-бөліміне сәйкес сыйақы мөлшерін белгілеу кезінде директорлардың міндеттері, Компания қызметінің ауқымы, даму стратегиясы мен бизнес-жоспарда айқындалатын ұзақ мерзімді мақсаттар мен міндеттер назарға алынады. Сыйақы тәуелсіз директорларға төленеді. «Самұрық-Қазына» АҚ тобына кіретін компаниялардың Директорлар кеңесі құрамындағы «Самұрық-Қазына» АҚ өкілдеріне сыйақы «Самұрық-Қазына» АҚ Басқармасының шешімі негізінде айқындалады. Кәсіби директорларды тарту және ұстап қалу мақсатында бәсекеге қабілетті сыйақыны қалыптастыру үшін Қор Басқармасының шешімімен Қор активтері қызметінің жекелеген салалары бойынша жылдық сыйақының ең жоғары мөлшері белгіленеді. Жылдық сыйақылардың (лимиттердің) ең жоғары мөлшерін белгілеу ұқсас компанияларда қабылданған сыйақылар мөлшерімен салыстырылып жүзеге асырылады.

2023 жылы ҚМГ Директорлар кеңесінің мүшелеріне сыйақы мөлшерін айқындау үшін консультанттар тартқан жоқ.

Мүдделі тараптардың еңбекке ақы төлеуге қатысты қатысуы

Сыйақы мөлшерін айқындау тәртібін ҚМГ акционерлерінің жалпы жиналысы – «Самұрық-Қазына» АҚ айқындайды. Корпоративтік басқару кодексіне сәйкес Директорлар кеңесінің Тағайындаулар мен сыйақылар жөніндегі комитеті тәуелсіз директорларға кандидаттардың сыйақысы мөлшері бойынша ұсыныстар енгізеді.

ҚМГ Директорлар кеңесі Тағайындаулар мен сыйақылар жөніндегі комитетінің отырыстарында қажеттілігіне қарай ҚМГ Директорлар кеңесі мүшелерінің сыйақысына байланысты мәселелер талқыланады.

Есепті кезеңде Директорлар кеңесінің Тағайындаулар мен сыйақылар жөніндегі комитеті 2022 жылғы жұмыс қорытындылары бойынша ҚМГ Директорлар кеңесінің қызметін өзін-өзі бағалау нәтижелерін қарап, оның шеңберінде ҚМГ Директорлар кеңесі мүшелерінің сыйақы деңгейі бағаланды.

Gri 2-12, 2-20, 2-21 көрсеткіштері (тәуекелдерді басқару, Директорлар кеңесінің сыйақысы) туралы толығырақ ақпарат ҚМГ-ның 2023 жылғы жылдық есебінде https://www.kmg.kz/ru/investors/reporting/ ҚМГ сайтында көрсетілген.